Жаңақорған ауданында дәстүрлі «Алтын дән» салтанаты аясында бірқатар мерекелік шара ұйымдастырылды. Орталық алаңда өткен күзгі думанды тұрғындармен бірге облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов тамашалап, көпшіліктің қуанышына ортақтасты. Аудандағы ауқымды істерге тоқталып, агроөнеркәсіп кешенінде экспорттың үлесі ұлғайғанын атап өтті. Сонымен қатар «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен жастар арасында республикалық және волейбол мен шағын-футболдан облыстық ашық турнирге қатысты.
– Аудандағы 957 шаруашылық құрылымдарының 203-і күріш өсірумен айналысады. Биыл 7739 гектар күріш алқабының әр гектарынан 58 центнерден өнім алып, 44,8 мың тонна астық қамбаға құйылды. Ал, мал азығын дайындау жұмыстары бойынша ауданда 88 мың тонна жоңышқа, 64 мың тонна табиғи шөп жиналды. Сондай-ақ, көкөніс, бақша дақылдары мол өнім беріп, былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділіктің ұлғайғанын көрсетіп отыр. Аудандағы ерекше өнімнің бірі – облыс брендіне айналған Жайылманың қарбызы. Оның экспорты қарқынды өскен. Кейден ауылдық округінде де жүгері кластері дамып, «Кәусар» сусынына сұраныс артып келеді. Сыр өңірінің төрт түлігінің үштен бірі – осы ауданда. Содан болар, аудан «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламаларына белсенді қатысушылардың қатарында. Жаңақорғанда жарқын іс көп. Бұған ауданның үш жыл қатарынан «Үздік аудан» номинациясын иеленгені дәлел. Жуырда өткен облыстық «Алтын дән» мерекесінде де аудан мал шаруашылығы саласы бойынша топ жарды, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жергілікті ғалымдардың еңбегіне ерекше тоқталды.
– Өңірімізде селекциялық жұмыстармен айналысып жатқандар бар. Мәселен, белгілі ғалым-селекционер Керімхан Егізбаев өнімділігін дәлелдеген күріштің жаңа сортын, «Ай-Керімді» айналымға енгізді. Оның кез-келген шетелдік күріш тұқымынан сапасы жоғары. Талай жылғы еңбегінің жарқын жемісін көрген Керімхан Егізбаевқа және Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарына алғыс білдіремін. Барша жаңақорғандықтарды тағы да мерекемен құттықтаймын, – деді өңір басшысы.
Мерекелік шарада ауыл шаруашылығы саласының дамуына атсалысқан бір топ еңбеккерлер марапатталды. Олардың қатарында жоғарыдағы «Ай-Керім» сортын енгізген Керімхан Егізбаев та бар.
– Жаңадан енгізілген әрбір сорт жанды организм секілді. Ол ұдайы тынымсыз жұмыс істеп тұруы тиіс. Асқан ұқыптылықты, төзімділікті талап етеді. Егер бұл міндеттердің үдесінен шықсаң, өнімді еселеуге болады. Бүгінгі мерекеде еңбегіміз еленді, диқандардың мерейі үстем болды. Алғыс айтамыз, – деді К.Егізбаев.
Әрі қарай жиналған қауым концерттік бағдарламаны тамашалады, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралады. Тұрғындар ұлттық брендке айналған сусындардан дәм татып, бағбандардың өсірген қауын-қарбызын саудалап, кәрзеңкелеріне салып жатты. Ал, мына салмағы 30 келіге жуықтайтын асқабақты көргенде таңданысын жасыра алмағандар аз болған жоқ. Қожамберді ауылының тұрғыны Сәбит Сәрсеновтің саудалаған алып асқабағы ерекше көзге түскені рас.
– Асқабақты ауыл әкімі Молдахмет Нәлібаев ауласына еккен. Бір қызығы, оны өсіруге ешқандай химиялық қоспа, дәрі-дәрмек қолданылмаған. Ол өзге тұқымдастарына қарағанда әлдеқайда жылдам жетілген. Көлемі де, салмағы да басқаша. Дәл бұлай өсуіне қандай да бір жағдай жасалмапты, тек оны аптасына үш рет ғана суарып, анда-санда түбін қопсытып тұрған. Өткен жылы егілген асқабақтың салмағы 47 келіге дейін жеткен, – дейді С.Сәрсенов.
Жәрмеңкеде көпшілік керегін тиімді бағамен алды. Көтеріңкі көңілмен, мәре-сәре күйде тарқасты.
***
Сапарын Машбек Нәлібаев ауылында жалғастырған облыс әкімі спорттық турнирде қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл жарыстың жастарға үлгі әрі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған игілікті шара екенін жеткізді.
– Сыр елінің ардақты ақсақалы, абыройлы азаматы Машбек Сапарбайұлының құрметіне өткізілетін ашық турнирдің маңызы зор. 2005 жылдан бері ұйымдастырылатын бұл шара спорттағы достық дәнекеріне айналды. Талай дарынды жастың жолын ашты. Жарысқа үздіксіз қатысып, толағай нәтижелерге қол жеткізген спортшыларымыз ұлттық құрама сапына кірді, бұл біз үшін үлкен жеңіс, – деді өңір басшысы.
Турнирге республиканың барлық аймақтары мен облыстан 430-ға жуық спортшы қатысты. Соның ішінде жастар арасындағы қазақ күресінен облыс спортшылары жақсы нəтиже көрсетіп, 11 медаль иеленді. 100 келі салмақта Айдын Жыланбасов чемпион атанды. Дəулет Тұрғанов, Олжас Оразалыұлы, Нұрдәулет Жақсылық пен Еңбек Сақтағанов күміс жүлдені қанжығаға байлады. Ерасыл Зейноллаев, Бағдәулет Имамзада, Бердібек Əбдіғаппар, Əзір Əбдірахманов пен Бағдәулет Төлешов, Спандияр Əлмахановтар қоланы місе тұтты. Ал, ересектер арасында қызылордалық Мақсат Исағабылов түйе палуан атанып, 1 млн теңге қаржылай сертификаттың иегері атанды. Күміс жүлдені еншілеген шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровқа 500 мың теңге табысталса, қола жүлдегер қызылордалық палуан Нұрым Сəлімгереев 300 мың теңге сыйақыға қол жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<