Алаштың Ақмешітінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі аталып өтті. Орталық алаңда 30 киіз үй тігіліп, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Театрландырылған қойылыммен ашылған мерекеге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Бұл күні ренжіскен адамдар табысып, бір дастарқаннан дәм татып, бір-біріне ырыс-несібе тілеген. Біз үшін Наурыз мейрамы – өткенді саралап бағамдайтын, болашағымызға бастау алатын ерекше кезең. Соның бірден-бір дәлелі – кешегі Елордада өткен тарихи сәт. Тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл сәт біздің Тәуелсіз еліміздің, халқымыздың дүниедегі жоғары абыройын тағы да биікке көтерді, елдің бірлігі мен ынтымағының дәлелі, саяси тұрақтылық пен мәдениеттің үлгісі болды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Елбасының сөзімен «Алаштың анасы» атаған Сыр халқының атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа мың да бір рақмет айтып, ұзақ ғұмыр, жасампаз еңбегінің жемісін көре беріңіз деген жүрекжарды тілегімізді айтуға рұқсат етіңіздер! Жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өзінің ұстазы – Елбасының сарабдал саясатын пәрменді жалғастыруда қазақстандықтармен бірге жаңа жетістіктерге жетуіне тілектеспіз,– деді аймақ басшысы.
Ұлыстың ұлы күнінде жұртшылыққа ыстық ықыласын білдірген облыс әкімі Елбасы саясатының арқасында аймағымыз қарқынды дамып келе жатқанын және республикада бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша, соның ішінде инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, кәсіпкерлікті қолдауда көшбасшы екенін атап өтті. Бүгінде облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналды. Жақында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бірінші шағын ауданның тұрғындары жаңа пәтердің кілтін алады. Бұл аумақтан биыл 34 көпқабатты үйден құралған 3 шағын аудан салу жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс орталығында 150 көпбалалы отбасы үшін арнайы жоспар бойынша жеке үйлердің құрылысы басталатынын баса айтты. Мұнан соң облыс әкімі шараға келген ақсақалдармен амандық сұрасып, мерекемен арнайылап құттықтады.
Сонымен қатар, орталық алаңда ұлттық спорт түрлерінен сайыпқырандар сынға түсті. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен еркін күрес, арқан тартыс, асық ату, гір көтеру тәрізді білектің күшін байқар сайыс өткізілді. Жауырыны жерге тимеген апайтөс палуандар арасынан суырылып шығып, түйе палуандар сайысында бас бәйгеге Мақсат Исағабылов қол жеткізсе, Нұрым Сәлімгерев екінші орынды еншіледі. Үздікті үштікті Ержан Абдуллаев түйіндеді. Бөлім тарапынан қазақ күресіне 600 мың теңге көлемінде қаржы қаралған. Қазақтың ұлттық ойыны арқан тартуда Ж.Махамбетов ауылының командасы І орынның биігін бағындырса, Ақжарма ауылы ІІ орынды, ал Қызылорда қаласы ІІІ орынды иеленді. Әр қазақ баласы білуге тиісті асық ойыны да осы күні орталық алаңның төрінде көрініс тапты. Асық атуда шеберлігін асырған Сабыр Әбдіғаппаров қарсыластарын қапы қалдырды. Ал Қазбек Алматов пен Бақыт Тажимов ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті.
Халықтың ұлттық спортқа деген ынта-ықыласын қаумалаған көріністен-ақ байқауға болады. «Пай, пай» десіп жатыр. Ортада алып тұлғалы азамат гір көтеруде. Маңдайдан аққан тер иектен тамшылап, борша-боршасы шыққан. Осындай жанкештілікпен өткен додада да жүйріктер анықталды. І орынды Жандәулет Ондрей иеленсе, ІІ орын Нұрлат Алдоңғаровқа бұйырды. Ал Ермек Пазылиев ІІІ орынды місе тұтты. Дәл осындай тартысты бәсеке қол күрестен де өтті. Білектің күшін байқасып, қарлысалысының жұдырығын жығуды мақсат еткен шарада Руслан Алимов І орынды, Мейіржан Иманғалиев ІІ орынды, Мейірхан Абуов ІІІ орынды иемденді.
– Ұлттық спорт Наурызда ғана емес, әрбір мерекеде ұйымдастырылып жатыр. Әйткенмен, бүгінгісі ерекше. Қаны қызу қазақтың делебесін қоздырған шара болды. Қарапайым халықтың белсенділігі жоғары. Бұқаралық спортты дамытуды әлдеқашан қолға алған біздің өңірде осындай қарқынмен өтуі заңдылық. Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, естелік медальдармен марапатталды. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, – деді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Жаманқұл.
Осы күні барлық ауданда әз-Наурыз тойланды. Жер Ананың бауыры жібіп, Самарқанның көк тасы еритін маусымда тіршілік атаулы жаңарады. Мұнымен қатар, сенбіліктер, жәрмеңкелер мен ағаш отырғызу шаралары бірінен соң бірі өтіп жатты.
Дәулет ҚЫРДАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<