Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы қоғамның барлық саласына, соның ішінде сот және құқық қорғау жүйесіне зор міндеттер мен жауапкершілік жүктеді. Сот жүйесі мен заңнаманы реформалау негіздерін түсіндіру мақсатында өткен дөңгелек үстелде Қызылорда қалалық сотының төрағасы Мұхтар Еркінбеков азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы сөз қозғады.
– Сот саласы тәуелсіздік алғалы бірталай реформаны бастан кешті. Осы жылдар ішінде үшінші биліктің құзыретін көтеріп, мүмкіндігін арттыратын заңдар қолданысқа енді. Мемлекетте қолға алынған бастамалардың нәтижесінде сот жұмысы сапалық жағынан да өзгергенін айта кету керек. Бұрын сот шешімдері жүйеленбеген, керек емес ақпараттардан тұратын. Қарапайым азаматтарға түсініксіз, ауыр заң тілінде жазылды. Қазір сот актілері қысқа және үйлесімді, заң терминологиясы артық пайдаланылмай жазыла бастады, – деді сот төрағасы.
Ең бастысы, енді іс бойынша шешім жарияланғаннан кейін судья процесс қатысушыларына қабылданған шешімнің уәждерін түсінікті, қарапайым тілде түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап береді. Бұл жаңашылдықтар тәжірибе жүзінде тиімділігін дәлелдеп берді. Өйткені, сот актілері бойынша жоғары тұрған сатыларға шағымданушылар саны анағұрлым азайды.
Жолдау аясында Президент бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыруды тапсырды.
– ҚР сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі судьяларға шешім қабылдау кезінде көмектеседі. Сот тәжірибесімен, Жоғарғы Соттың талдауымен, тұжырымдамасымен танысуға болатын «Судьяларға көмек», «Сот практикасы» және басқа да модульдар мен сервистер бар. Осы арқылы республика бойынша бірыңғай сот тәжірибесі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, Жоғарғы Соттың интернет-ресурсында кәсіби заңгерлер үшін және жалпы халықтың қолдануына арналған «Талдау» форумы қолжетімді. Осы орайда, соңғы жылдары электрондық сот төрелігіне ерекше көңіл аударылып отырғанын атап өту керек, – деді М.Еркінбеков.
Дөңгелек үстелде қалалық сот судьясы Г.Мырзатаева Жолдауда Президент сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформа азаматтардың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екенін атап көрсетті. Реформалардың оң нәтиже беруі – «Сот төрелігі» жұмысын жаңарту жолындағы қадам. Талапты орындау тек сот жүйесі үшін ғана емес, әрбір қазақстандық үшін қойылған міндет деп түсінуіміз керек.
Шынар БЕКБАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<