Соңғы жылдары Қызылорда қаласында, аудандарда, ауылдарда күнделікті қызмет жасайтын әлеуметтік нысандар, мектептер, ауруханалар, дәрігерлік емханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, мәдениет үйлері және тұрғын үйлер бой көтеріп, халық игілігіне берілді.
2014 жылы тамыздың тамылжыған бір күнінде сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы Арал ауданының Көкарал бөгетін көріп, сол өңірдегі халықпен кездескен болатын. Жаңақұрылыс елді мекенінің тұрғындары ауылда халыққа қызмет жасайтын мектептің, фельдшерлік-акушерлік пункттің ескілігін және жолдың қиыншылығын айтты. Халықтың тілегі орындалып, 200 орындық екіқабатты мектептің іргетасы қаланды. Келесі жаңа оқу жылында құрылыс аяқталып, ауыл шетінде, ұлы жолдың бойында көз тартатын еңселі екіқабатты жаңа мектеп бой көтерді. Сол жылы мектеп бітірушілер 2 «Алтын белгі» иеленді. Жыл құрғатпай түлектеріміз «Алтын белгі» алып және оны қорғап келеді. Жоғары оқу орындарының грант иегері атанды және жыл сайын 9-сынып бітірушілерден 2-3 оқушы қызыл куәлік алып жүр. Биылдың өзінде 1 оқушымыз 132 бал жинап, алтыннан алқа тағып, 3 оқушымыз үздік куәлік, 6 оқушымыз жоғары оқу орнының грант иегері атанды.
Тестілеуге дайындық кезінде оқушыларды олимпиадалық жарыстарға апару үшін мұғалімдер 165 шақырым жердегі аудан орталығына барады. ҰБТ-ға дайындайтын мұғалімнің жеке машинасымен қыстың боранында, көктемнің батпағына қарамай, дайындықтан қалмайды. Соңында осындай нәтижеге қол жеткізді. Әрине, қиындықсыз іс бітпейді.
Былтыр жаңа типтік фельдшерлік-акушерлік пункт халық игілігіне берілді. Биылдың өзінде Жаңақұрылыс пен Бекарыстан би аралығындағы 23 шақырым тас жол жаңадан асфальтталуда. Осындай толымды істер Арал ауданынан шалғай орналасқан Жаңақұрылыс елді мекенінде жалғасын табуда.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
КСРО денсаулық сақтау
саласының үздігі.
Жаңақұрылыс ауылдық
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<