Жәрдемақы мөлшері көбейді

706

0

Бірінші топтағы мүгедектерге күтім көрсетушілерге ең төменгі күнкөріс деңгейінде жаңадан арнаулы жәрдемақы енгізілді.

Аталған көмек бөгде адамның тұрақты көмегіне мұқтаж І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Айгүл Маханова айтты.

Жәрдемақы туыстық қатынастарына қарамастан тағайындалып төленеді. Бірақ күтімді жүзеге асырушы ретінде айқындалған адам бір елді мекенде тұруы керек. Бұған дейін аталған жәрдемақы «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңға сәйкес 18 жасқа дейін мүгедектігі бар балаларды тәрбиелегені үшін ата-анасына, қамқоршысына және күтім жасайтын адамдарға ең төмен күнкөріс деңгейінде тағайындалып төленген.

– Биыл жәрдемақы мөлшері 50426 теңгені құрады. Бұл көмек күтім жасайтын 198 адамға тағайындалды. Күтушіге жәрдемақы мынадай жағдайларда тағайындалмайды: Егер күтуші кәмелет жасына толмаса, психикалық денсаулық орталығында есепте тұрса, І топ мүгедегі толық мемлекеттік қамсыздандыруында болған жағдайда ала алмайды.

Сонымен қатар 7-ден 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы сырқатының дәрежесіне қарай 37 процентке дейін ұлғайды. Жалпы облыс бойынша 7-ден 16 жасқа дейінгі 3080 балаға мүгедектік топ белгіленді. Бүгінде 478 балаға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы берілді. Айта кететін жайт, «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына өзгерістер енгізіліп, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға күтім жасау кезеңі 18 жасқа дейін ұзартылды,  ̶  деді А.Маханова.

Заңда мүгедектігі бар балаларға мемлекеттік жәрдемақыны ата-анасының біреуі қайтыс болған жағдайда немесе асыраушысынан айырылса, бір мезгілде алу құқығы көзделген. Бұл өзгерістер қамқоршысынан айырылған және отбасы құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»