Жәрдемақыдағы өзгерістер кімге тиесілі?

725

0

Жуырда Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдап, қол қойды. Бүгінде заң қолданысқа еніп, бірқатар мекемелер өз жұмысын бастап та кетті. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы біз Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстағы департамент басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері  жөніндегі орынбасары Тілеукүл Мырзахметовамен сөйлескен едік. Оның айтуынша, өзгерістерге сай мүгедектігі бар адамдар немесе мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналар қайта құжат әзірлеп, табан тоздырудың қажеті жоқ.

Облыс бойынша 30946 мүмкіндігі шектеулі адам тіркеуде тұрса, оның ішінде ересектер 25485 болса, 18 жасқа дейінгі 5461 бала бар. Бұл жалпы халық санына шаққанда 3,8 процентті құрайды. Жыл басынан бері 7773 қызмет алушыға алғашқы, қайта тағайындау секілді мемлекеттік қызмет көрсетілген.  Өткен жылмен салыстырғанда мұндай қызмет алушылар саны 28,6 процентке өскені байқалады.

Тілеукүл Тәңірбергенқызының айтуынша, өңірде мүгедектікке шығу дерегі жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылы 1469 адам алғаш рет мүгедектікке өтсе, биыл 1628 адам. Ересектер арасында қанайналым жүйесінің аурулары көбейген. Одан кейінгі орындарды қатерлі ісіктер, көз аурулары, жарақаты барлар еншілейді. Балалар арасындағы мүгедектіктің  артқаны мамандарды алаңдатуда. Мәселен, өткен жылы 443 бала алғаш рет мүгедектікке өтсе, биыл 540 балаға өскен. Балалар арасында туабітті ақаулар, жүйке жүйесі, тыныс алу, психикалық ауытқу аурулары  көбейген.

Осы кезге дейін медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері мүгедектік тағайындау үшін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен бекітілген «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын» басшылыққа алып жұмыс атқарып келеді. Жаңа толықтыруларға байланысты өзгерістерді Т.Мырзахметова былай деп түсіндірді:

– Бұрын 16 жасқа дейінгі балаларға топ тағайындалмайтын еді, яғни бірінші, екінші, үшінші топ деген секілді. Олар тек мүгедек бала деген санатпен  жүретін. Енді 7 жастан бастап мүгедектік тағайындағанда оның топтарға бөлінуі –басты ерекшеліктің бірі. Мүгедектердің орталықтандырылған деректер базасына тіркелген 3058 бала автоматты түрде топтарға бөлініп, бекітілді. Олардың ақшалары арнайы төлем орталықтары арқылы есептеліп жатыр. Әрине,  қанша қаражат алатынын біз шешпейміз. Бізге денсаулығындағы кінәрат бойынша соңғы қорытындыны қойып, мүгедектікке шығару құзыреттілігі ғана жүктелген. Кейбір ата-аналардың қолында баласының мүгедектікке шығарылғаны туралы 2022-2030 жылға дейін берілген анықтама бар. Енді сол анықтамадағы «мүгедек бала» деген сөздің жанына бекітілген тобын жазып, басқарма басшысының қолы мен мөрі қойылады.

Жаңа толықтыруларға сәйкес, 7 жасқа енді толатын баланың ата-анасы жергілікті жердегі емхана арқылы қайтадан топ тағайындауға келеді. Бұл бұрын 6 жасында мүгедектікке шығып, қолында 5 жылға жарайтын анықтамасы бар балалар үшін керек. Олар емханадағы дәрігерге барып, қайтадан қажетті құжаттарды рәсімдеуге кірісуі тиіс. Шешімге қанағаттанбаған ата-аналар емхана берген анықтама  арқылы  денсаулығы жайында жолдамамен келе алады.

Сондай-ақ, 7-16 жас аралығындағы мүгедек балаларға тағайындалған жәрдемақы Байқоңыр қаласында тұратындарға Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, тағайындалған қаржы мүгедек тобын белгілеу үшін қайта куәландырудан өткенге дейін бұрынғы мөлшерде сақталады. заң қолданысқа енгізілген күннен қосымша төлеммен қайта есептеледі.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<