Жәрмеңке – жастардың мүмкіндіктер алаңы

908

0

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.

Жәрмеңкеде жастарға 27 жұмыс беруші, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар, жеке фирмалар бес жүзден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың көпшілігі – электрик, бетоншы, сантехник, слесарь және т.б. техникалық мамандықтар. Сондай-ақ, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, қызмет көрсету, бизнес құрылымдарына да мамандар қажет.

Сондай-ақ, 26 вакан- сия Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Маңғыстау және Шымкент аймақтарына да жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Жастарға мол мүмкіндік берілген бағдарламалардың бірі «Жастар тәжірибесі» бойынша да 100-ге жуық жұмыс орны ұсынылды.

Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаштың айтуынша, іс-шараға бір сағат ішінде 100-ден астам жастар келген.

– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыс іздеушілерге мүмкіндіктер мен вакансиялар туралы толық ақпарат береді. Азаматтарға жұмысқа орналастыру, кәсіптік бағдар беру және қайта даярлау, құқықтық мәселелер бойынша консультациялық қызметтер де көрсетіледі. Сондай-ақ, барлық аудандық жұмыспен қамту бөлімдері бос жұмыс орындары туралы хабардар етілген. Мұндай жәрмеңкелерді айына кемінде бір рет өткізу жоспарлануда, – дейді ол.

Жәрмеңкеге келген алғашқы бес адамға домбыра тарту етілді. Жастар сала мамандарынан жұмысқа орналасу, жастар кәсіпкерлігі, білім, отбасы мәселесі, денсаулық, баспанаға бағыт, қаржылық сауаттылық және басқа да бағыттар бойынша кеңес алды.

«СБ» ақпарат