Жәудір Нартай. Той көйлек

1946

0

1

Алматыдағы оқуымды аяқтаған соң, жатақханадан шығып қалдым да, әп-сәтте алып шаһарға керексіздігім мен бөтендігім сезіліп, амалсыз туған жеріме – Созаққа оралдым. Әп дегеннен «Бейнелеу өнері» пәнінің мұғалімі деген күректей дипломмен мені мектепке жұмысқа ала қоймады. Мұғалім боламын деген үмітім күн өткен сайын түгесіліп, аудандық «бос орындар жәрмеңкесіне» қатысып жүріп, кітапханаға «сирек кітаптарды желімдеуші» болып жұмысқа орналастым.

Мен жұмыс істейтін аудандық кітапхананың «кітап қорын сақтау» бөлімі төбесінен су өтіп, қабырғасы қақыраған кісі баласы көргісіз ескі кабинет болып шықты. Ең сорақысы, небір құнды кітаптар жауыннан аққан судың кесірінен бүлініп, жарамсыз  болып қалған.

Менің алғашқы жұмысым  бүлінген кітаптарды желімдеп шығу болды. Желімдеп отырып, қысқа шығармаларға көз жүгіртіп өтемін. Жұмысым маған бірден ұнады. «Мынау өзі дәп маған арналған жұмыс екен. Кітаптың жыртығын жамап отырып, мазмұнын оқып шығуға болады, егер қызықтырып әкетсе түгел оқып шығуға да уақыт табылады. Ең бастысы, ынта мен зейін болса жеткілікті. Мен бұл жұмысты «қараңғылықтан арылу жұмысы» деп атар едім және сол жұмысыңа ақы төлейді. Ғажап!»

Аз уақытта едені сыз тартып, қабырғалары көгерген кабинет мен үшін жұмақ мекеніне айналды. Сөрелерде шаң басып сіресіп тұрған кітаптардың әрқайсысын ақтарып күн ұзаққа кабинеттен шықпаймын.  Арасында  жапон, түрік, орыс әдебиетін түгесіп, «әлем әдебиеті» сөресінің «Африка әдебиеті» бөліміне келгенде біраз уақыт бөгеліп  таң-тамаша болдым. Нигерия, Кения ауыз әдебиеттерінің орыс тіліндегі нұсқаларын оқып отырып,  бұлардың да өз Мұқағалиы мен Жұматайлары бар болғаны ғой сонда,  ал мен қара халықтардың бар өнері ән салу мен би билеу шығар деп ойлаппын. «Кез келген елде бір ақынның өмір сүруі тарих үшін ғана емес, махаббат үшін де шартты заңдылық болуы керек. Өзің ойлашы, ақыны жоқ елдің халқы шынайы сезімді  қалай сезінеді? Әй, сезінбесе  керек– ті!» – деп өз-өзімнен күбірлеп, біртүрлі оғаш ойға шомып отырғанымда, кабинетке Надя тәтей келді.  1998–2015 жылдар аралығындағы  аудандық «Созақ үні» газетінің тігінділерінің шаңын бұрқ еткізіп, алдыма тастады.

«Саған жұмыс көөөөп, мыналарды да бүтіндеу керек», – деді.

Төбеден су өткенде  газет тігінділерінің сыртқы картон қабығы бүлініп, газеттің біраз бөлігіне су тиіп жыртылған  екен, маған соны жаңалап шығу тапсырылды.  Былайша еш қиындығы жоқ жұмыс. Жыртылған газеттерді бөлек алып, бүлінген бөлігін скотчпен жапсырып, сыртын кітап мұқабасындай тартып қаптап жатқанымда 2004 жылдың мамыр айының 27 жұлдызында жарыққа шыққан 86-шы нөмірлі газеттен жасөспірім қыз Валяның жоғалып кеткендігі жайлы хабарламаға көзім түсті. Әуелгіде газеттегі қыздың суретінен біраз уақыт көзімді ала алмай қарадым да қалдым. Таныс көзқарас, өте таныс. Газетті қолыма алып алғашқы қысқа ғана жазуға  көз жүгіртіп өткенімде өз көзіме өзім сенбедім. Валяяяяя…..

«Іздеу саламыз!

Алексеева Валерия Андреевна 1988 жылы Созақ ауданы Степное селосында дүниеге келген. 16 жаста. Қазан айының 15-ші жұлдызында сиыр айдаймын деп өріске қарай шығып, қайта оралмаған. Ұлты орыс. Өңі ақсары, сұңғақ бойлы, көзі көк, шашы сары. Үйінен шыққанда үстінде ақ түсті той көйлек болған. Соңғы уақытта жүйкесі сыр беріп, есін жоғалта бастаған. Көрген-білген адамдар болса, Степное ауылдық округіндегі әкімшілік нөмеріне хабарласуын сұраймыз. Үйінде ата-анасы мен бауырлары күтуде».

Валькааа… мынау Валя ғой… деп газеттегі суретке қарап есеңгіреп отырып қалдым. Суреттегі Валя еді, менің бала күнгі досым Валя болатын. Ол осыдан он төрт жыл бұрын ұшты-күйлі жоғалып, тірі боп жердегілердің,  өлі боп  көрдегілердің  қатарына кірмей ғайып болған еді.

                                               2

Төңірегімді түп-түгел көзбен шолып шықтым. Кәдімгі көп қазақы ауылдың арасындағы бірлі-жарым орыс отбасыларының ескі құжырасы. Алғашында біраз уақыт аңырайып босағада тұрып қалдым, онсызда күннің көзі көп түсе қоймайтын қуықтай бөлменің терезесін күңгірт түсті матамен тұмшалап қойыпты. Содан болар, алғаш бөлмеге бас сұққанымда қою қараңғылыққа тап болғандай біраз уақыт көзім қарауытып, басым айналды. 

– Тыссс, әжем ұйықтап жатыр… ішке кір, – деді Валя.

– Әжең ұрыспай ма?

– Өлгелі жатқан кемпірде ұрсуға шама бар дейсің бе?

– Өлгелі….

– 87-ге келді ғой, не өздігінен тамақ іше алмайды, не қозғала алмайды. Менің сорым…

Валя төрге қарай озып, терезенің шаңын бұрқыратып күңгірт түсті жапқышты сыпырып алып тастады да, түсі оңа бастаған шілтері пердені сыра салды. Бағанағы көзге түртсе көргісіз қою қараңғылық лезде сейіліп, бөлме ішіне сарғыш нұр шашырай бастады. Сонда байқадым, ақталмағанына көп жыл өткен сарғайған қабырғалар терезеден түскен жарықты қомағайлана жұтып ауыр демалып тұрғандай  көрінді.

Төрдегі темір кереуетте шалқалай жатқан кейуана – Зина. Өкпесі сырылдап, үзік-үзік демалады. Баданадай көзі бақырайып төбеге қарап қадалып қалыпты. Оның ұйықтап жатқанын не өліп қалғанын әлде ояу екенін білу үшін Валя кемпірдің  кеудесіне басын қойып, жүрек соғысын тыңдағандай  болды. «Ұйықтап жатыр», – деді сосын жымиып…

Бөлме ішінен дымқылданған сыз иісіне араласып қолқаны қабатын қоңырсық  иіс шығады. Әуелгіде мұрнымды басып, лоқсығандай болғам, кейін кеңсірігім мүлде иіс сезбей қалды.

Бөлмеде  жарқырап көзге түсетіндей басы артық дүние көрінбесе де, үйдің іші ескі-құсқы заттар жиналған мұражайды көбірек еске түсіреді. Бір бұрышта текшеленіп жиналған көрпе-төсек, қабырғаны бұрыштай қойылған икона мен балауыз шамдар, одан әрі қарай ескі радио қабылдағыш пен айна  ілінген. Сәл әріректе шифонер, ыдыс-аяқ қоятын кебеже, есікке қарай пеш орналасқан. Еденге текемет жабылып, оның үстіне көнетоздау алаша төселген. Бұл үйдегі ең бағалы дүние болса, ол – терезе тұсындағы «Зингер» тігін машинасы. Бір кездері ауыл әйелдерінің көйлек-дамбалын бүтіндеген іс машина. Алғаш мектепке баратын жылы шешем  Зина әжеге айтып жүріп, денеме шақтап қара сұр түсті сарафан тіктіргені есімде. Үстіме құйып қойғандай жарасушы еді,  сыймай қалғанша тастамай киіп тоздырғанымды білемін. Зинаның қолдарының табы қалған көнерген іс машинаның ағаш жақтаулары біраз кертіліп, инесі қисайып, жіптері бөлек-салақ жатыр. Десе де машинаның құлағын бұрай кетсең болғаны  Зина әженің тұтас тағдырынан сыр тартып зарлай жөнелетіндей. 

Зина әже жатқан тұстың қабырғасына түсі оңа бастаған тақыр кілем, ал кілемнің жоғары жағына жасы 18 бен 20-лар шамасындағы сұлу қыздың фотосуреті ілініпті. Мен суреттегі сұлудың  Зина әжейдің жас кезі екенін танып, әлденеше уақыт суретке қадала қарап тұрып қалдым. Бетінің ұшындағы  ерке шұңқыры білінер-білінбес жымияды, мәңгі жастықты, мәңгі сұлулықты сол ерке шұңқырына ерітіп құя салғандай. Егер сол сұлу ажар тағы бір мәрте жымиса,  бүкіл әлемге сұлулық  нұры төгіліп түсердей еді! «Неткен сұлу?» – деп күбір еттім. Осы кезде, жер үстелді жағалай көрпе төсеп жүрген  Валя:

– Не болды? – деп маған жалт қарады.

– Анау, суреттегі қызды айтам, шынымен  Зина әжей ме?

– А-а,  анау суретті айтасың ба? – деп Валя кілемнің жоғарғы жағындағы суретке жалт қарады. – Иә, әжем ғой, жас уақытында сұмдық сұлу болған екен, иә! Тіпті, әжеме кө-өп жігіт ғашық болған. Мәскеуден, Ленинградтан хаттар келген әжеме. Елдің барлығы мені «әжеңе ұқсайсың, құдды бір аузынан түсіп қана қалғандайсың, сені Мария емес, Зинаида туған» дейді – деп,  Валя сол екі ортада өзінің осы кемпірмен қаны бір туыстығын айтып мақтанып, мейманасы тасып қалды.

Валя  шынымен де әжесіне ұқсайтын. Бейне бір әжесінің бар сұлулығын қайталау үшін дүниеге келгендей. Арадан жылдар өткен соң да құдіретті сұлулықтың қайталанатыны рас болса, Валя  соның тірі мысалы, айнымас көшіремесі болар еді. Әмбе әр сұлулықтың бір айырмасы, бір бөлек нышаны болуы керек болса,  Валяның бойындағы кемшілік атаулы – оның кейде өмірді тым жеңіл қабылдайтындығында еді, сөйте тұра пәлсапалық тұрғыдан ол сұлулықты тым биікке көтеретін. Валяның түсінігіндегі сұлулықтың қашанда жолы болғыш, айы оңынан туғыш, еркек біткеннің есін кетіргіш, табан асты бағы жанғыш сұлулық еді. Тіпті де ол сұлулықтың бақытсыз болуға, жаза басуға хақысы жоқтай  көрінетін. Сондықтанда Валя сырт көзге ерте бой түзеген, ерте бақыт іздеген ересектеу қыз сияқты сезілуші еді. «Болып тұр, толып тұр, қыз дайын тұр» – деген күстәналы күйелеш сөздерді Валяның жүріс-тұрысын ұнатпаған ошақ басындағы әйелдер көбірек айтып сөз қылатын.

Валя – Зина әжейдің осыдан он жыл  бұрын қайтыс болған жалғыз бауырынан қалған қыз. Валяның шешесі Мария күйеуі өлген соң жыл толмай жатып, көрші Семенмен көңіл қосып, одан және үш бала туған. Есейе келе Валя өзінің бөлектігін танытып,  үйіне жапсарлас қонған Зина әжесінің қолына біржола көшіп алды. Зинада қарсы болмай Валяны бауырына басты. Валя менен екі жастай үлкен-тін. Көрші тұрған соң, мектепке бірге барып, бірге бұзау жайып, бірге ойнап дос болып кеткенбіз. Биыл 16-ға келген Валя, ауру кемпірді күтіп, кір-қоңын жуып бүкіл шаруаны өз қолына алған соң, кемпірдің азын-аулақ дүние-мүлкіне иелік ететінді шығарған.

Зина  кемпір  сексеннің мол ішіне кірсе де былтырғы кезге дейін өз аяғымен жүріп-тұратын еді. Сол күнге дейін оның басы ауырып, балтыры сыздаған күні  болған емес-ті. «Бұл ауылда бір дені  сау, пәлегі таза  кәрия болса, ол –Зина. Жүзге бір келсе, осы Зина келеді» – дейтұғын  күн шуақта отырған кемиек кемпірлер. Сөйткен Зинаға көз тиді ме әлде сөз тиді ме, өткен қыста сырттан бір шелек көмір әкеле жатып есіктің алдындағы мұздаққа тайып құлап, жамбас сүйегі шытынап, оңалмай жатып қалды. Бертін келе халі мүлде нашарлап, бір жола төсекке таңылды. Біздің ауылдың қисық ауыз, қияқ мұрт дәрігері Бейсен мыртық саусағымен мұртын баса сөйледі:  «Сексеннен асқан кемпірге не өкпе бар, осымен төсекке таңылғаны таңылған, күтіңдер» деген де қойған. Содан бері Зинаның күніне жарап жатқан осы – Валя. Сол уақыттарда ғана біз Валяны жағалап, Зинаның үйін төңіректеп келгіштей беруді шығардық. Мен де солай Зина кемпірдің үйіне бас сұққан едім.

 Валя жерге көрпеше салып ыңғайласып  алған соң, кереуеттің астынан ескі шабадандардың бірін шығарып, ішінен ағаш қобдишаны алды:

– Мұнда кел… қарашы…

– О, не?

– Әжемнің моншақтары… Әдемі, ә!

– Әдемі екен.

– Саған біреуін сыйлайын ба?

– Жо-оқ, қажеті жоқ, әжең көрсе ренжіп жүрер…

– Лейлаға да бір моншақ сыйладым, алсаңшы енді…

– Қайтемін оны, қажет емес…

– Ол бәрібір жақында өледі, ал, – деді Валя әр түрлі тастардан тізілген моншақты білегіме орап жатып.

Менің жотам мұздап кетті. Бейне бір ұрлықы іс жасаған адамдай темір кереуетте өлі аруақтай ұзарып үнсіз  жатқан Зина кемпірге жалт қарадым. Ояу екен. Кіреукеленген  кәрі қабағының астынан көшіп бара жатқан өмірдің ең соңғы сәулесі жылт етті де, қайта сөніп қалды. Мен Зина әжейдің жанарына ұзақ қарай алмай, жүзімді бұрып әкетіп Валяға:

– Әжең ояу жатыр, – деп сыбырладым.

– Ол солай ояу жата береді, – деп Валя есік тұсында тұрған сырлы шылапшынды темір кереуеттің жанына әкеп қойды.

Валя әңгімесін қайта жалғады

– Кеше мектепте би кеші болды, сен неге келмедің?

– Әкем жібермеді…

– Ал сен әкеңе айт, Валяның үйіне барамын деп.

– Уах! Өлсе де жібермейді, мойнымды үзіп алсын тура.

– Баласың-ау әлі… алдауды да білмейсің. Лейла сияқты болмайсың ба, кейде сужұқпастық мінез де керек адамға.

– Ал ертеңгі болар би кешіне келесің бе?

– Жоқ, бара алмаймын, ертең сағат сегізде «Симба» жайлы ертегінің екінші бөлімі болады, інім екеуміз соны көреміз. 

– Симба! Ха-ха-ха, сен әлі мультфильм көресің бе, бала?

Валя мені үнемі солай мұқататын, бірақ онысын мұқату деп ойламайтын. Ол өзін «тәуелсіз бойжеткен» сезінетін.

– Білесің бе, саған қарағанда анау класстасың Лейла ерте бойжетті.

– Мхм…

– Кеше екеуміз би кешіне бардық. Лейла менің жылтыр моншақтармен кестеленген жейдемді сұраған, бермедім, есесіне джинсы сарафанымды киіп кетті. Жуып әкелсе дұрыс болар еді, Лейланы білесің ғой, салақ. Бір мәрте шалбарымды би кешіне сұрап киіп, тізесін екі метр алға шығарып әкелген, –   деді шабадандағы жылтыр орамалдардын бірін  мойнына орап, айнаға қарап жатып.

Валя айнадағы өз келбетіне  тесіліп ұзақ қарағанды, ырғалып билегенді, қасы көзіне сүрме жаққанды  жақсы көретін.

– Мен сұлумын, ә?! – деді қайтадан айнадан маған тесіле қарап.

– Сұлусың!

– Білем, Ақтай да солай деген.

– Ол кім?

– Сен оны танисың. Ғали ағайдың жақында әскерден келген баласы.

– Ә-ә, анау бала ма?

– Бала-а?! Қайдағы бала, ол – сымбатты жігіт, – деп Валя көкшіл көздерін төңкеріп қуқылана күлді.

– Бір рет артезиян басынан көргем, солдаттарша киініп алыпты. Бірақ жүзін анық көре алмадым, алыста тұрды.

– Сен оны жақыннан көрсең ғой. Алееен Делооон…

– Сен онымен сөйлесіп жүрсің бе?

– Онымен уақыттың қалай өтіп кеткенін де білмей қаламын…

– Ол сенен үлкен ғой.

– Онда тұрған не бар екен, жігіт адамның үлкен болғаны жақсы.

– Қорықпайсың ба?

– Кімнен? Ақтайдан ба?

Валя  менің иығымнан қағып қалып, сықылықтай кеп күлді.

– Ақтайдан қорқып не көрініпті маған?!  Ол менің жігітім ғой.

– Жігітіііім… Сен жігітпен жүресің бе, не?

– Иә да…Кеше екеуміз сүйістік, ал! Неге көзің бақыраяды? Сен байғұс сүйісудің не екенін де білмейсің ғой.

–Ұялмайсың ба? 

– Неден ұялуым керек? Мен оған бәрібір тұрмысқа шығамын. Мектепті  аяқтаған  соң Ақтай маған үйленем деді. Егер мұсылман дінін қабылдасаң, шариғат жолымен некемізді қиямыз деген. Ал мен оған онсыз да мұсылманмын дедім.  

– Сен қалай мұсылман боласың, орыс емессің бе?

 – Орысты мұсылман болмайды деп кім айтты саған? Керек десең,  мә, ұста, сүрелер жаттап жүрмін, – деген Валя терезе тұсында тұрған «Иман нұры» журналын қолыма ұстатты.

– Мен Ақтайдың жары боламын. Біздің үлкеееен тойымыз болады. Тойдан кейін Бурабайға саяхатқа кетеміз. Сосын біздің көөөп балаларымыз болады. Бірақ сен не білуші едің, түк те білмейсің. Аузыңнан мәйегің ағып отырысың мынау. «Симба» көремін дейді ғой тағы, – деген Валя маған кекесінен қарап, иегін көтеріп, шаштарын үлкен қыздарша сілкіп-сілкіп жіберді.

Осы кезде төсектегі Зина кемпірдің  «Валь-ка-ааа» деген дыбысы құмыға  шықты.

– Сен шыға тұр, мен әжемді тосуым керек, – деді Валя.  

Қайта ішке кіргенімде Валяның бір жапырақ шүйкедей кемпірдің іш көйлегін жұлқи түймелеп: 

– Не айтып ызыңдай бересің, қақбас, жат та қата қалшы, қай сөзіңді ежіктеп отырамын, –  деп айқайлап жатқанының үстінен түстім.  Әлгінде төсекте жатқан кемпірдің енді шоқиып отырғаны тіпті сұсты көрінді. Мұрны құстың тұмсығындай ұзарып, көз айналасы қалталанып, аппақ қудай ажары әлдеқашан арғы дүниелікке айналса да, қу жаны ғана ауада ілініп, қалықтап тұрғандай еді.  Мен тағы да кілемнің жоғарғы жағындағы фотосуретке жалт қарадым. Анау суреттегі арудың мынандай өлмелі кемпірге айналғанына сенгім келмей, денем түршікті. Валя мені көріп аз қысылып қалды. «Бірдеңелерді айта береді, сөздерін жөндеп ұқпаймын…» – деді  қабағын  шытып.

Әжесін төсекке жатқызған соң, Валя ескі шабаданды қайта ақтарыстыра бастады.

– Мынаны қара, хаттар! Апамның жігітінің хатары болса керек, – деп бір бума сарғайған хаттарды біраз ақтарып шетке  ысыра салды. Сосын көне альбомдар, ескі жедел хаттар мен  ашықхаттар, сарғайған суреттерді бірінен соң бірін сапырылыстырып, араластырып қарай бастады. Мен Зина әжейдің суреттерін жинап алып тағы да үңілдім. Бір суретте дәл осы бір бөлмелі үйінде, ауылдың қыз-жігіттермен қосылып ән салып отырса, енді бір түссіз суретте жап-жас, әрін бермеген талдырмаш сұлу билеп жүр. Уайымсыз, қамсыз анау ажарындағы сұлу әлем мәңгі тұрақтайтындай, өзі өмір кешіп жатқан Совет дәуірі мәңгі мызғымайтындай, уайымсыз және қамсыз билеп жүр.

Енді бір суретте шашын жоғары қарай түйген, іс машинасына сүйенген қалпы сурет болып қатқан да қалған, бұл кезде шамамен қырықтарға таяған кезі болса керек деп ойладым. Барлық суреттердің арасынан бір сурет көзіме оттай басылды. Жап-жас Зина, қолына кішкентай нәрестені ұстап, аймалай  сүйіп тұр.

–Зина әжейдің баласы болған ба?

– Бар деген аты ғана. Ондай баланың барынан жоғы, – деді Валя суретке жаратпай қарап.

– Е-е, неге?

– Неге дейтінің бар ма? Кентауда тұрады. Шешесін іздеп бір рет те келген емес.

– Неге іздеп келмейді?..

– Әжем айтады, «дуаланып қалған сормаңдай» деп. Әйтеуір бір хахол әйелі бар көрінеді, әжеммен араз дей ме, бірдеңесі бар, – деді Валя келесі шабаданды ашып жатып.

– Ал күйеуі қайда?

– Әжем күйеуге шықпаған…

– Неге шықпаған?

– Қайдан білейін, әйтеуір шықпаған, бауырына қарайлаған.

– Неге бауырына қараған?

– Өйткені менің әкем әжемнің жалғыз бауыры болған. Әкем жастай жетім қалып, әжемнің тәрбиесінде өскен. Әжемнің жарты шашын менің әкем ағартқан. Менің әкем де оңай адам болмады. Түрмеге де түскен, әйел де жіберген. Ех, қайсыбірін айтайын, байғұс әжем қу бауырын жеткізем деп жүріп қартайған, сөйтіп жүріп уақытын өткізіп алған.

– Сонда өз өмірін інісі үшін құрбан қылған ба?

– Бағы жанбаған шығар.

– Сонда күйеуге шықпай қалай бала туып алған?

Валя маған «Соны да білмейсің бе?» дегендей бетіме бажырая қарады. Сосын кереуетте жатқан кемпірден көзін ала бере, құлағыңды маған тосшы деді ентелей түсіп: «Екі-қа-бат боп қалған, түсіндің бе енді?» – деп сыбырлап, ерінін жымқырды. Екеуміз де бір мезет төсекте   жатқан кемпірге үнсіз қарап қалдық. Зина әже ұйықтап жатты. Кейде ғана қабағын шытып өкпесі сыр– сыр етіп, тұншыға жөтеледі.

– Баланы өзі үшін туғанмын деп ойлаған ғой байғұс, бір шөпжелкенің соңынан кетерін қайдан білсін. Қайран әжем, жарты  ғасыр жалғыздықта өткен сұлулығың жердің бетінде тозғаны аздай, енді жердің астында шіритінін ойласам жүрегім қарсы айырылады. Ех, сорлы әжем. Жатысын қарашы. Қу сүйек… Не бір қазаққа тиіп, қазақы ортаға да сіңіп кете алмады. Әжемнің ажарымен Голливуд әртісі болуға болар еді ғой…  Ал бұл жалғыздан жалғыз құла дүзде құсалы ғұмыр сүре берді. 

Мен кейде осы кейбір құсалы  сұлулардың ешкім көрмеген өз сыңарлары бола ма екен деп ойлаймын, бәлкім  олар сол сыңарларын күтіп жүріп, түбі жоқ терең тұңғиыққа түсіп кетіп, содан шыға алмай жалғыз қалып қоятын шығар… Сосын олар өз мұңдарына өздері ғашық болып қалатын шығар… Өзің ойлашы, жас әрі сұлу әйел еркекке ғашық болмаса, кімге ғашық болады деп ойлайсың?

– Білмедім….

– Мұңға… Олар мұңға ғашық болып  қалады. Сосын олардың жарты ғұмыры жалғыздықта өтеді. 

– Оны саған кім айтты?

– Ешкім айтқан жоқ, өзім солай топшылаймын…

– Осындай ойлар сенің басыңа қайдан келеді осы?

– Мен өмір, махаббат, сұлулық, әйел мен еркектер жайлы көп ойлаймын. Әсіресе іш пыстырар тарих, әдебиет сияқты сабақтардың үстінде ойланғанды  ұнатам.  Әжем сияқты жалғыздан жалғыз қартайып кетуден қорқам.

Сұлулық деген мәңгілік емес қой, ол да мұз сияқты, қай кезде еріп кеткенін білмей қаласың. Ал жалғыз қартаю тіпті қиын… жүрегіңді мұң басады. Санаңды сағыныш қариды. Қартайғаныңда көз жасың у татиды. Ондай әйелдердің зары өздерін ғана емес, тұтас дүниені күйдіріп жіберуі мүмкін. Одан кейін ол әйел ғашық та болмайды. Ал әйел деген барлық жаста да ғашық болуы керек.

– Кемпір болсада ма?

– Иә… Тіпті, кемпір болса да, мен ғашық бола алмайтын әйелдерді әйелдер қатарына қоспаймын, – деген Валя ерніне алқызыл түсті далап  жағып, көз айналасын қара қаламмен бояп жатты.  

Валя  кереуеттің астынан басқа шабадандардан едәуір үлкен шабанды шығарды. Бәлкім үйдегі барлық шабаданнан үлкені осы болса керек деп  ойладым.

– Мына шабаданды ашу тіпті қиямет дерсің, кілті жоқ, әжем кілтін бір жерге жасырып қойған, ал қайда жасырғанын  ұмытып қалған, әлде маған әдейілеп айтпайды, білем. Дүниеқоңыз ғой, ой, дүниеқоңыз, – деген Валя төсекте жатқан кемпірге қарап дауысын көтере сөйледі. Кемпірдің өкпесі сырылдап күрк– күрк етті де, дамыл тапты.  

– Қызық, мына шабаданның ішінде не бар екен, өзі бәледей ауыр, – деді Валя ені үлкен сүйекті шабаданды ышқына тартып дүңк-дүңк еткізіп жұдырықтай бастады.

– Кітаптар шығар….

– Жоқ, мен олай ойламаймын, оның ішінде бағалы құндыз тондар болса керек. Мамам: «Әжеңнің бағалы тондары болған, ешкімге кигізбеген, не өзі жарқыратып кимеген, ұшты-күйлі жоқ болды» деп айтқан. Бәлкім сол тондар шығар, –  деген Валя шабаданның құлпын сыммен шұқылай бастады.

– Өмір бойы тігінші болған адамда қайдағы ен байлық болсын, мүмкін шабаданында бағалы маталар бар шығар? – деймін мен де шабаданның  жұмбағын шешкім келіп.

Осы кезде есіктен Лейланың басы көрінді.

– Не істеп жатырсыңдар, ұрылар? – деп даусы саңқылдап, ішке көңілді енді. 

– Әжемнің  шабаданын аша алмай жатырмыз. Кілті  жоқ, – деп Валя қолындағы сымды көрсетті.

– Қане, мен көрейінші, – деген Лейла бұл үйге күнделікті келіп-кетіп еркінсіп жүргенін білдіріп, Валяның  қолындағы сымды жұлып алып, шабаданның саңлауына үңіле берді.

Осы кезде төсекте жатқан Зина  әжей есікке басын бұрып, бірдеңе айтқысы келгендей  иегін қақты.

– Не болды, Зинаида Алексеевна? – деді  Валя әжесіне бұрылып.

– Аш-па- ааа… – дегендей, жастықтан басы көтеріліп, тамағы қырылдай ишара білдірді кемпір.

– Түу,  не дей бересің?  Өлетін шағыңда да тыныштықпен өлмейтін не деген кемпірсің өзің? Мұның барлығын көрге ала кетпейтін шығарсың енді, – деген Валя кемпірдің аяқ  жағындағы көрпені қымтап,  жастығын түзеген болды. Зинаның иегі дірілдеп,  тарамыс саусақтары сәл көтерілді де, кеудесіне қайта құлады. Кемпір басын кілем қабырғаға бұрып әкетті де, кәрі кеудесі сырылдап кемсеңдей бастады.

Мен Зина әжейдің аянышты халіне жаным ашып, жүзіне үңіліп қарай бердім. Оның иегінен төмен сырғып жастыққа тамып жатқан көз жасына қолымды тигізгім келетін сияқты. Әлгінде Валя айтқан сұлу да бақытсыз әйелдің көз жанарындағы  у онсыз да арса-арсасы шыққан байғұс кемпірдің қу сүйегін кеміріп бара жатқандай иегінен жылбысқылана ағып, сай-сайы шыққан  кеудесіне құлады.  

– Зина әже, жыламашы,  – деп кемпірдің селдірегін ақ шашын қайырып,  былшықтанған көзінің жасын сүртуге оқталғанымда, Валяның «Құдай үшін мазасын ала бермеші, ұйықтасын», – деп күңкілдегенін естідім.  

Адамның кәрілікті мойындап, өлімге бет бұрған сәтінде санасын қандай ой шарпиды екен деп ойладым. Бәлкім олар бүкіл өмірін кино лентасындай қайта көз алдынан өткізіп, бақытты сәттерін еске алып, бір кездегі қателіктерін ой безбеніне салып, іштей тағдыр таразысымен өлшер.  Бәлкім қайта жасармайтыныңды, орныңнан қайта тұрмайтыныңды, жас кездегідей билемейтініңді, енді ғашық болмайтыныңды сансыраған санаңмен ұғынып, «Өлмеймін» деген өміріңе енді «Өлем-ау» деп кемсеңдей жылап, мөлие қарап, тіл қату шығар… Бәлкім…

Кемпір жылап жатты, кенет оның  тарамыстанған кәрі саусақтары менің білегімнен шап беріп қара тырнағын етіме батыра бастады. Аңтарылып бетіне қарағанымда, жаңағы өлмелі кемпір бар күшін жинап, білегімнен тартып: «Ша-ба-дааан» – деп күбір етті. Анық естідім. «Шабадан…»

Осы бір қысқа уақыт ішінде өлмелі кемпірдің соңғы тілегіндей көрінген жалғыз жарым сөзі, шабадандағы жұмбақтың бар қасіреттің бастауы екенін түйсігіммен сезінгендей, жүрегім өрекпіп аузыма тығылды. Мен Лейланың жанына жетіп барып:

– Тиіспе шабаданға! – деп кеудесінен жұлқып қалдым. Қапелімде мен жұлқиды деп ойламаған Лейланың әуелі екі көзі шатынап жалт қарады да, орнынан оқыс көтерілді. Оның бойы менен әлдеқайда ұзын еді, әрі сонысын көрсеткісі келгендей маған ентелеп төбемнен төне түсті.

– Бұл сенің шабаданың ба не? Әлде сенің әжеңнен қалған шабадан ба? Неменеге емекси қалдың, ей, нақұрыс?!

–Тиіспе деймін шабаданға, әйтпесе бар ғой…

– Не әйтпесе?..

– Өлейін деп жатқан кемірді қорлап…

Менің тамағыма өксік тіреліп, көзімнен жасым бұрқ ете қалды.

– Қыздар, қойыңдар болды! Бұларың не? – деп араша түскен Валяға  да  қарамай,  «Кетш-ей өзің, көзің бозармай!» – деп Лейла  кеудемнен жұлқып қалды. Мен теңселіп барып есіктің тұтқасынан ұстап, тоқтап қалдым.

Осы тұста Зина кемпір дауыс салып аңырай бастады. Оның ендігі жанталасына қарап тұру мүмкін емес еді,  бейне бұл дүние мен арғы дүние арасында азынаған тас боран кемпірдің көмейінен атқылап жатқандай еді. Мен екі құлағымды тарс жауып дәлізге атып шықтым. Валя әжесін тыныштандыру үшін төсекке қарай  жүгірді. Зинаның  аңыраған азалы үні бүкіл дүниені теңселтіп, төбе құйқаны шымырлатып жіберді. Қасыма Лейла келді

– Бәрі сенің кесірің, жарымес, – деп кеудемнен тағы да  жұлқып қалды ол.

                                                   3

Лейла мен Валя шабаданның құлпын бұзып  аша алмай әлекке түсіп жатқанына жарым сағаттай уақыт болған. Бұл уақытта Валя кемпірге  дәрісін беріп, ұйқыға жіберді. Мен жылап, көзім ісіп, бөлменің бір бұрышында  шашылып қалған түймелерді теріп, құтыға жинап жаттым. Лейла мен Валя шабаданды таспен ұрып, ақыры құлпын бұзды. 

– Ашылды! – деп маған жалт қарады Валя.

Лейла шабаданның бауларын босата бастады. Шабаданның ішінен алдымен 1952 жылы жарыққа шыққан «Труд» газетінің сарғайған ескі қиындылары шықты. Лейла жалма-жан шабаданды ақтара кетті.

– Мынаны қара, топли, – деп күліп жіберді. Газетке оралған аппақ туфли екен. Жап-жаңа, киілмеген, бірақ шабаданда жатып сыры сынып,  мыжырайыңқырап қалыпты. 

– Тағы не бар екен?Ақтар, ақтар! – деп жатыр Лейла тағаты таусылып. Валя тағы да ескі газеттердің орамдарын жаза бастады.   

– Оһо, қобдиша! – деп Валя кішкентай ағаш қобдишаны шығарып  шайқап көрді. Сылдыр-сылдыр еткен дыбыс анық естілді. Лейла Валяның қолындағы қобдишаны жұлып  алып, құлағының түбіне апарып тағы шайқап көрді. Екеуі кішкентай сандықшаға таласып-тармасып отырып неке сақинасына ұқсайтын сыңарлы қос жүзікті алды.

– Алтын-ау деймін – деді Лейла кішілеу жүзікті саусағына тағып жатып.

– Орнына сал! – деді Валя сандықшаны ашып шабаданның егесі өзі екенін білдіріп. Екеуі енді шабаданға тереңірек үңіліп қаза бастады. Сөйтті де жылтыр қағазға оралған көлемділеу затты шығарды. 

– Бұл не? – дейді екеуі бір-біріне қарап таңырқап. Қағазын жырту керек деп Валя жылтыр қағаздың орамын жұлмалай бастады. Оған Лейла көмектесті. Жылтыр қағаздың ішінен етегі шұбатылған аппақ шілтерлі  көйлек көрінгенде:

– Оһо, іш көйлееек! – деп таңқалды Лейла.

– Той көйлек?! – деді Валя  көйлектің етегін ұстап көріп жатып.

– Мынау той көйлек пе?

– Бұрынғының той көйлектері осындай болған.

– Әдемісін-ай, а!..

– Жап-жаңа ғой өзі! Мұның фатасы да болу керек, – деп Валя шабаданды қайта ақтара бастады.

 Ендігі уақытта Валя үстіндегі шыт көйлегін шешіп, той көйлекті кие бастады.  –  «Жібін байлашы, түймесін сал, фатасын әкел!» – деп Лейланы жұмсап жатты.

Өңір жиегі алтын жіптермен кестеленген көйлек Валяның мүсініне құйып қойғандай жараса кетті.

– Шіркін-ай, осы түрімді Ақтай  көрсе ғой! – деген Валя айнадағы өз келбетіне өзі сұқтанып ұзақ қарап қалған еді.

 Бетбақтың ақ бораны көтеріліп, аспан қорғасын түске еніп торланып, жер дүниеден тегіс жылу қашқан қарашада Зина кемпір 88-ге қараған жасында дүние салды. Ауылдың бірлі-жарым орысы жиналып, өз салт-жоралғысымен Зинаны орыс бейтіне апарып қойды.

Көп уақыт өтпей, біз баяғы қалпы Зина кемпірдің, ендігі Валяның үйіне айналған құжырада сауық-сайранымызды жалғастыра бердік. Әжесі өлгелі Валя өзін мүлде ересек сезініп, әжесінен қалған  ескі-құсқы заттарды  бәрімізге тәбәріктей тарқатып берді.

Тек үлкен шабадандағы той көйлекке ғана ешкімді жолатпай, бір өзі қызықтады. Кейде қыздар Валяны ортаға алып, той көйлегін кигізіп жар-жар айтып, бетіне түскен ақ фатаны көтеріп «беташар» ойнайтын. Сонда Валя өзін жаңа түскен жас келіндей сезініп, жүзі алабұртып толқып, ұяла жымиып иіле беруші еді. Сол  уақыттарда мен  дүниеде Валядай сұлу қалыңдық жоқ шығар деп ойлайтынмын.

                                                         4

Уақыт өте келе мен Валяны мектептен көруді сиреттім. Сыныптас қыздарынан сұрағанымда: «Ауырып қалдым» дейді ғой. Көршің ғой, халін білсеңші» – деген.

Мен кейде Валяны  үй жағынан  көретінмін. Ол әбден ауру меңдеп, халі нашарлаған  адамдардай жүрісі ауырлап, еңсесі еңкіш тартып,  ілби басып бара жататын. Ол  кездері  шешем мені  «Валя сайтанға жолай бермей тыныш жүр, ешкім оны жақсы атап жатқан жоқ» – деп Валяның үйіне қарай қия бастырмай қойған еді.

Мен Валяны іштей қатты сағынатынмын. Әсіресе оның ересек әңгімелерін, өзін ересектерше ұстауын, кейде маған үлкендердей ақыл айтатынын, сұлулық жайлы ұзақ толғана сөйлейтінін сағынатынмын. Білегімдегі Валя сыйлаған моншақты көрген сайын мен оның халін білу туралы жиірек ойлап, ақыры бір күні Валяның үйіне бас сұқтым. Табалдырықты аттай бергенімде Валяның  баяғы Зина кемпір жатқан төсекте шалқадан құлап  ұйықтап  жатқанынын көрдім.  Сап-сары шашы  жастықтан төмен қарай  төгіліп, қас– кірпігі дірлдеп, ерні болар-болмас ашылып  жатты. Мен кілемнің жоғарғы жағындағы баяғы фотосуретті іздедім,  теріс қаратып қойыпты. Шифонердің есігінде етегі шұбатылған той көйлек ілулі тұр екен. Көздің жауын алады. Өңір жиегі алтын жіптермен кестеленіп, күміс түймелер қадалған. Мен той көйлектің жанына келіп, түймелерін  ұстап көрдім. Фатасын алып айнаға жақындай бергенімде, Валяның «орнына қой, жолама көйлекке!»  – деген даусынан селк етіп фатаны тастай салдым. Валя  қобыраған шашын жинап, көйлегінің түймелерін салып жатты. Өңі жүдеу көрінді. Көз алды көлкілдеп ісіп кетіпті. Жылаған шығар деп ойладым.

– Сен андағы көйлекке екінші жолаушы болма,  ол көйлекке қарғыс тиген, – деді Валя көйлекке қарап оқыстан.

Мен етегі шұбатылған той көйлектен үрейленгендей, Валяға жақын келіп, кереуеттің тұсына жайғастым.

– Валька,  ауырып қалғансың ба?

– Иә, төсектен тұрсам, көзім қарауытып, басым айнала береді.

– Дәрігер шақыртпайсың ба?

– Қажеті жоқ… Олардың емін өзім де білем ғой. Сен неге келдің? Мамаң қалай жіберді?

Менің жүзім алабұртып, не айтарымды білмей  қысылып қалдым.

Валька жымиғандай болды.

– Лейла да келмей кетті… Сарафанымды алған еді, көрсең айтшы, сол сарафанды Валька саған сыйлады деп. Бәрібір енді маған ол сарафан тарлық қылады…

– Мақұл, айтайын…

– Сабағың қалай?

– Әттедегіше гуманитарлық пәндерден түгел «бестікпін», жаратылыстанудан «үшпін».

– Оқы…Оқыған жақсы дейді ғой үлкендер. Ал мен оқуды тастадым. Өз еркіммен. Мен енді оқушы емеспін!

– Неге тастадың?

–Тоғыз жылдық білімім де жетеді. Ең бастысы, әріп танимын, санай білем. Енді тігіншінің оқуын оқып алсам деймін

– Ммм…

– Сен әлі мультфильм көресің бе?

– Жоқ,  – деп кекілім көзіме түсіп ұяла жымидым…

– Кекіліңді қайыршы. Сен әдемі қыз болып, бойжетіп келесің… Сен өзіңнің әдемі қыз екеніңлі білесің бе? – деп бір уақыт  бетіме тесіле қарады Валя.

Мен білмеймін дегендей иығымды қиқаң еткіздім…

– Сұлулығыңды білмегенің қандай жақсы… Білесің бе, мен жанарымның отын жоғалтып алдым, сен оны көрмедің бе? Некесі қиылған әйелдер жанарының отын ошағына береді екен, ол ошақтың оты маздап жанып ешқашан сөнбейтін көрінеді, ал менің отым ұшты-күйлі жоғалды… Сен соны  көрмедің бе? Сен менің отымды тауып алсаң өзіме қайтаршы, жарай ма? – деді сұраулы жүзбен.

Мен Валяның сөздерін жөндеп ұқпай бетіне қарап аңырап қалдым. Біртүрлі оғаш, екі есті сөйлейді, бір жағынан айтқан сөздерінен үрейленіп үйге кетуге ыңғайлана бастадым.

Кенет Валя  қабағы тырысып ішін ұстап, екі бүктеліп ыңырана берді.

– Валя,  мамаңды шақырайын ба? – деп есікке қарай жүгірдім.

– Тоқта-а, керегі жоқ, қазір басылады, мұнда кел!..  

Валя  темір керуетті сықырлатып, иіріліп, жазылып, аһылап-үһілеп терең демалды да, кереуеттен жерге топ ете түсті. Маңдайынан тер бұрқ етіп, көзіне қарай құйылды. Сонда Валяның  іші дөңгеленіп қалғанын байқадым…

О, тоба!

Оның ішіне қарап қалғанымды байқаған Валя:

– Ұстап көресің бе? – деді.

Мен артқа шегіншектеп, басымды шайқадым.

– Қорықпа… Аяқтарымен теуіп жатыр тентек неме, міне, мына жері.

Валя менің білегімнен шап беріп алақанымды құрсағына апарып қойды. Жып-жылы құрсаққа қолым тигенде менің жүрегім атқақтап аузыма тығылып, көзімнен жасым сорғалап, аңырай жылап далаға қаштым…

– Сен әлі мультфильм көресің ғой, ақымақ! Ооо, сорлы, сен күйеуге кеш тиесің, уа-ха-ха-ха! – деп Валя айқайлап күліп жатты.  

«Валя екіқабат екен…» деген өсек аз уақытта ауыл ішін аралап кетті. Екі әйелдің басы қосылған жерде: «Кезеген аяқ боқ басады» демекші, Марияның осы қызы ерте бойжетті ғой, Ғалидың баласына өзі барып асылған дейді ме? Орыспысың деген, баланы туам депті ғой ақыры. Ғалидың баласы баланы мойындамай, Алматыға қашып кеткен дей ме?  Ол шешекті соттатпай ма, қолымен істегенді мойнымен көтерсін!» – деді бірі.

«Валяны мектептен шығарып жібергені дұрыс бопты, әйтпесе директорден бастап мұғаліміне дейін  түгел ұшатын еді…» – деген әйелдер тұс-тұстан  өсектің отын қоздатып жатты. Бір күні: «Бейшара қыз жынды болып қалыпты  Мария не істерін білмей молдаға  дем салдыртыпты» – деп бір шулады.

 «Заты орыс немені оқытқаны несі, шіркеуіне ме, «мәнастіріне» ме апармай ма?» – деп  шамырқанды әйелдер…

Шешем таңертең мені оятып бұзаудың бас жібін ұстап тұруымды, сосын сиырды өріске айдап қосуымды  айтып оятты.

– Мама, бүгін жексенбі ғой, жата тұрайыншы деп, төсектен тұрмай ыңыранып  біраз жаттым.

Ондай уақытта шешем маған  қыз баланың ерте тұрғаны өзіне жақсы екенін, болашақта күйеуге тисе, пысық әрі епті келін болуға осы бастан дағдылануым керектігі жайлы қалыпты қазақ әйелінің түсінігіне тән ақыл-кеңестерін айтып күңкілдеп кетеді.

– Менің күйеуге тиюіме кемінде он жыл уақыт бар емес пе, әлі кішкентай емеспін бе, мама? – дедім жастыққа жабысқан қалпы.

– Еее, он жыл… Он жыл бойы не істемексің? Валя сияқты бүлініп қалып жүрмекпісің, иии қатыыыын…

–Ма-ма-аааа…

– Кішкентай деп жүрген Валя ма? Жаңа көрдім, қарны шермиіп сиыр айдап барады. Үстіне етегі шұбатылған ақ көйлек киіп алыпты, тоообааа… «Тәте, менің тойым болады, күйеуге тием» – деп ыржалақтайды.

– Сорлы-ау, өмірдің бар қызығы күйеуге тию болса, оған да үлгересің ғой, несіне асығасың? – десем:

–Тәте, мен қартайып барамын, – дейді…

Қолында шабаданы бар, шабаданды не істемекші? Жазған қыздың шынымен есі ауысқан-ау, – деді мамам алжапқышын байлап жатып.

Валяның сиыр айдап, өріске кетіп бара жатқанын естіп менде асығыс-үсігіс киініп, қорадағы алагөз сиырды шығарып өріске қарай жүгірдім. Табын сиырдың арасында көйлегінің етегі жер сызып Валя  кетіп барады екен.

– Валяяяяя, Валькаааа! Тоқташы деймін!–  деп дауыстап, соңынан бүлкілдеп жүгіріп келемін.

Валя бұрылып қараған жоқ,

– Валя деймін, Ва-ляяяяя!

Валя тіпті де сиырды табынға қосу үшін шықпағандай, алыс сапарға  шыққандай қолындағы шабаданнан мықтап ұстап алыпты, асығып барады екен. Мен ентіге басып, жанына таяп:

– Валя, қайда барасың деймін саған? –  деп иығынан қозғамақ  болдым. Ол жүрісін кілт үзіп, бетіме мағынасыз қарады да, қайтадан жүрісін жалғастыра берді.

– Валя, есіңнен алжасқаннан саусың ба, қайда барасың деймін? – деп жеңінен тартқыладым.

Валя жүрсін кілт үзіп бетіме тағы да қарады:

–Тойға, тойға барамын, –  деді шәңк етіп.

– Валя, ауырып қалғансың ба?  Жүр, қайтайық, ауыл артта қалды, –  деп мен оның қолынан ұстадым, ол менің қолымды қағып жіберді.

– Жоқ, қайтпаймын. Тойыма барам,  қалыңдық кешікпеу керек… –  деп сандырақтай берді.

– Валя, ол жақта ел жоқ. Бетбақтың құла түзінде  адасып қаласың ғой, жазған, жүрші, ауылға қайтайықшы, –  деймін жалынып,

– Қайтпаймын ауылға, мені қайтарып не істемексіңдер?! Бәрін білем, естідім , мені есі ауысқандардың үйіне жібермекші. Бәрің мені көре алмайсыңдар, сұлу болғаным үшін көре алмайсыңдар! Бағы жанып кетеді деп көре алмайсыңдар! Қайран әжем,  әжем ғана мені жақсы көруші еді, мен әжеме барам,  ал сен қал осында! – деп Валя менің кеудемнен итеріп жіберді.  Мен топыраққа аунап түстім. Ұшып тұрып енді оның шабаданына жармастым: «Жүр, үйге кетейікші, Валькаааа… Жүр деймін саған, үйге  қайтамыз!» –  деп қолындағы шабаданына жабысып  тартқылап жатырмын. Осы кезде Валяның көкпеңбек көздеріне ыза толып, зәрлене  қарап  шабаданды тартып тұрып,  жібере салды. Мен шабаданды құшақтаған қалпы түйежантақтың  үстіне қарай ұшып түстім, тікенектері білегімді жырып,  екі бүктелген қалпы сыңсып жылай бастадым. Валя  шабаданын көтерді де  бетпақтың күн шығыс жағын бетке алып  жүгіріп бара жатты.

– Валяяя! Тоқташы деймін, Валяяяяя! – деп біраз жер көзімнің сорасы ағып соңынан еңірей жүгірсем де,  Валя бөгелмеді. Барған сайын жүрісі жеделдеп, оның бұлдыр елесі енді көтеріліп бара жатқан күннің ақ жалқын түсті сәулесіне жұтылып, жоқ болды. Енді бір қарағанымда оның ақ көйлек киген сағымы ауада  қалықтап бара жатқан еді…

– Валяяяяя, Валяяяяя!..

Содан бері он төрт жыл уақыт өтті. Валяны көрдім, білдім деген тірі жан болған жоқ. Алғашқы жылдары сиыршылар өрістен қайтқанда:

– Байғұс қыз  ит-құсқа жем болған-ау, етегі дар-дар айырылған көйлектің  қалдықтарын тауып алдық, –  деп әр жерде шашылған ақ маталарды жинап ауылға әкеліп, елге көрсетіп жүрді.

Енді біреулер:  

– Валя тірі екен…–  деді, – үлкен айналма жол арқылы Жезқазғанға қарай жүретін жүк  көлігіне  мінгесіп кетіпті, содан бір қойшыға күйеуге тиіп, Арқада мал бағып жүр екен.

Енді бірі:

– Валяны Шу өзенінің ұйығы тартып кетіпті,  балықшылар көріпті, анда-санда ақ көйлек киген қыз қоға қамыс арасынан қол  бұлғайды екен, –  десті.

Ауылдан Алматыға оқуға аттанған жастар қай жылы Валяны көрдік деп ауылды дүрліктірді. «Валя тірі екен. «Көк базар» маңында тігін шеберханасы бар екен, тек той көйлектерін тігеді екен, ауылдастарына сәлем жолдапты», – деген сөз тарады…

Валя менің көпке дейін түсімнен шықпай жүрді, ол өз тойында шыр көбелек айналып  билеп жүр екен, үстінде баяғы той көйлегі бар екен деймін. Валя өте бақытты көрінді, мені де биге шақырып сыңғырлай кеп күледі. Ал мен болсам: «Валя, мен сенің жанарыңның отын тауып алдым ғой, тауып алдым, ол сенен қашып кетіп, менің жанарыма тығылып қалыпты», –  деп самбырлап сөйлеп жатыр екенмін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<