Жаһандық жылыну жұтынып тұр

566

0

Кейінгі жылдары көп айтылып жүрген жаһандық жылынудың әсері қатты байқала бастады. Бұл күні климаттың өзгеруі туралы экологтар ғана емес, халықаралық ұйымдардың жетекшілері де жиі айтады. Әлем елдерін аптап ыстық жайлап, өрттің көбейіп жатқаны – осыған дәлел. Ендеше жаһандық жылынудың біз біле бермейтін қандай зардабы болмақ? Өйткені жаһандық жылынудың экономика, демография, миграция қатарлы көптеген салаға, құбылыстарға тікелей қатысы бар.

Шілде шыдатар емес

Таяуда Қытай мен АҚШ-та ауа температурасы 50 градустан асқаны мәлім. Орман өрті дес бермей жатқан мемлекеттер де жетерлік. Ауа райы болжамы қазір көп мемлекетте көңіл көншітерлік емес. АҚШ-тың 38 қаласында күн қатты ысып кетті. Ұлттық ауа райы қызметінің мәліметінше, Лас-Вегас, Невада, Фениксте сынап бағанасы +47 градусты көрсеткен. Ең ыстық ауа температурасы Калифорниядағы «Өлім жазығында» тіркелді. Мұнда аптап +53 градустан жоғарылаған. Көршілес Канададағы орман өртінен шыққан түтін жағдайды одан сайын қиындатып отыр. Ал Қытайда ең жоғары ауа температурасы Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданында тіркелген. Мұндағы Саньбао ауылында термометр көрсеткіші 52,2 градусқа дейін көтерілген. Осыған байланысты тұрғындар үйден шықпай, қашықтан оқуға және жұмыс істеуге мәжбүр.

Палестинаның Газа секторында ахуал тіптен күрделі. Аптап ыстық кезінде 2 млн 300 мыңнан астам адам күніне 12 сағат бойы электр жарығынсыз қалған. Ашынған халық жергілікті зауыттан электр қуатын көбірек өндіруді талап еткен. Шілденің шіліңгір ыстығы еуропалықтарды да әбігерге салды. Италия, Испания, Грекияда ауа температурасы 40 градустан асты. Егін алқаптары қурап кеткен. Ауа райы болжамына сай ыстық әлі бірнеше күнге жалғасады. Оның үстіне өңірдің бірқатар елінде орман өрті толастар емес. Мәселен, Грекия аумағында 81 өрт ошағы тіркелген. Оның ең ірісі ел астанасы Афины маңында. Ғалымдар күннің осыншама қатты ысуын, орман өртінің жиілеп кетуін климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр, яғни, жаһандық жылыну жер шарын жайлай бастады.

Елімізде де жылу жиілеген

Еліміздегі жағдайды айтпай өтуге болмас. Әдетте бет қаратпайтын үскірік аязымен есте қалатын Арқаның қысы соңғы жылдары суық болмай жүр. Елорда төңірегінде болатын ақ түтек боран да азайған.

Бұқара бәлкім мұны астанамыздың төңірегіндегі жасыл белдеудің әсері деп ойлауы мүмкін. Бірақ Қазақстанда климат өзгеріп келеді. ХХ ғасырдың ортасынан бері еліміздегі орташа жылдық температура әр он жыл сайын 0,28°С жоғарылап келеді.

Сөйтіп, Қазақстанда ауа температурасы 1940 жылдан бері шамамен 2,24°С жылынды. Бір қызығы, жыл мезгілдерінің ішінде қатты жылынғаны күз екен. Күздегі ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,31°С-қа артып келеді. Демек, 83 жыл ішінде күздегі ауа температуасы 2,48°С жылынған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, елде орташа жылдық температура 2050 жылға қарай 2,4-3,1°С және 2100 жылға қарай 3,2-6,0°С өседі екен. «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының дерегінше, Қазақстанға жаһандық жылыну көбірек әсер етіп жатқанға ұқсайды. Тіпті, елде ауа температурасының жылынуы Жер шарындағы орташа қарқыннан жоғары екен.

«Қазақстанның территориясы Еуразияның орталығында, мұхиттардан айтарлықтай қашықта орналасқандықтан, Жер шары бойынша орташа қарқыннан көбірек жылынуда. Қазақстан бойынша орташа айлық температура өсуі жалғасуда, 1976-2021 жылдар аралығында өсу жылдамдығы әр он жыл сайын 0,32° С құрады», – деп мәлімдеген орталық.

Мәселен, 2021 жылы Қазақстан территориясы бойынша орташа жылдық ауа температурасы +1,58°С болып, бақылау басталған 1941 жылдан бергі ең жылы жылдар қатарында 5-орынға шығыпты. Бір атап өтер жайт, ең жылы болған он жылдың тоғызы ХХІ ғасырға кіреді екен, яғни, 2000 жылдан бері ауа температурасы мейлінше жылынған. Еліміздің батыс аймақтары, Түркістан өңірі қыста бұрынғыдан жылы бола түссе, орталық, шығыс пен солтүстік шығыста қыс әлі суық саналады екен. Көктемде барлық облыстардың жерінде ауа температурасы жылынып кеткені байқалған, яғни, барлық аймақтарда көктем жыл өткен сайын ыстық бола түседі деген сөз. Ал жазда батыс аймақтар тіптен ыси түседі. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жаз кезіндегі орташа температура тым жоғары көтерілмейді. Солтүстікте көп өзгермепті. Күздегі ауа температурасының өсуі барлық аймақта байқалып, әр он жыл сайын 0,28-ден 0,45°С көтеріліп келеді. Ал ауа температурасының жоғарылауы өзге де мәселелердің туындауына алып келеді. Соның бірі әрі бастысы – ауа ластану.

Ауа ластанғанын аңғармаймыз

Елімізде өнеркәсіп пен жылу энергия орталықтары және көліктердің саны артқан сайын олардың ауа қабатына қосылатын улы газдары да көбейіп отыр. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан бойынша жыл сайын түрлі стационарлық көздерден 2,5 млн тонна, ал көлік түтінінен 1 млн тонна улы газ атмосфераға таралады. Біріккен Ұлттар Ұйымы да бұған назар аудармай кетпеген. Ұйым сарапшыларының 2018 жылы жасаған мониторингіне сенсек, халқымыздың 30 пайызы немесе 5 миллионға жуық қазақстандық атмосфералық ауа ластанған жерде өмір сүріп жатыр. Оның үстіне, 2 млн қазақстандық ауасы шамадан тыс ластанған аймақтардың аранында тұр. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, орташа есеппен елімізде ауа жыл сайын 0,28 градусқа жылынып бара жатыр. Бұл да сол өндіріс нысандарының әсерінен. Демек, жұрт жарыса айтқан жаһандық жылыну процесінің нышаны. Қазгидромет деректері мұны растап отыр. 2018 жылы Қазақстанның 13 өңірінде ауаның өте лас екені анықталған. Қазақстанның осыдан бірнеше жыл бұрын «Париж» халықаралық келісіміне қол қойғанын білеміз. Енді еліміз 2030 жылға дейін ауаға бөлінетін улы газдың мөлшерін 1990 жылдағыдай азайтуы тиіс, яғни, парниктік газдар, соның ішінде көмір қышқыл газын мүмкіндігінше шектеп, ауадағы мөлшерін кем дегенде 55 пайызға дейін түсіруі тиіс. Бірақ жоғарыдағы Қазгидрометтің қорытындысына қарап, жоспардың жүзеге асарына сенбейсіз. 2017 жылы эко-белсенді Павел Александровтың бастамасымен елімізде ауаның ластану деңгейін анықтап отыратын Аirkaz.org жобасы іске қосылған. Бұл жоба қазір де жұмысын жалғастырып жатыр. Біз аталған сайттың Қазақстандағы қалаларда ауаның ластану деңгейіне жасаған зерттеуін шолған болатынбыз. PM-2.5 көрсеткіші бойынша қарасақ, Алматы мен Теміртау көш басында. Бұнда деңгей түстің өзінде 100-ден асқан. Шымкент те қалыспай 91-де тұр. Қалған облыстар 40-50 аралығында. Негізі деңгей 100-ден асса, адам денсаулығы үшін аса қауіпті екенін ескерген жөн. Әсіресе, кешкілік уақытта көп өңірде қауіпті көрсеткіш тіркеліп жатады.

Су – алтыннан қымбат

Былтыр мамандар 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстары 15 пайызға төмендейтінін мәлімдеді, яғни, енді 7 жылдан соң елдегі су ресурстарының көлемі 90 текше шақырымнан 76 текше шақырымға дейін төмендейтін көрінеді. Дүниежүзілік банктің есебі осы сарында.

Бұл тұста «көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін су ресурстары жете ме?» деген сауал туындайды. Су шаруашылығында түйткіл көп. Су нысандарында мамандандырылған эксплуатациялық ұйымдар жоқ. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, бүгінде елдегі 235 орталықтандырылған сумен және 483 орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері иесіз қалыпты. Ал республикада суару жүйелерінің пайдалы әсер коэффициенті 0,45-0,55-тен аспайды, яғни суармалы судың өнімсіз шығыны 50 пайызға жетеді. Суармалы егістіктің тек 16%-ында ғана тамшылатып суару технологиялары мен жаңбырлатқыш қондырғыларды пайдаланылады. Басқаша айтқанда, суармалы судың көп бөлігі құмға кетеді деуге болады. Елімізде суы тектен-текке ағып жатқан 2 200 ұңғыма бар. Сөйтіп өзен-көлдің де, жер астының суын да ысырап етіп жатқан жайымыз бар. Әрине, сенатор 2030 жылға дейін болатын өзгерістерді алға тартса, халықаралық бірқатар сарапшылар жаһандық жылынудың салдарынан су тапшылығы алдағы 20-30 жылда тіптен артатынын айтады. Айталық, 2050 жылға қарай су тапшылығы сұраныстың 50 пайызына дейін жетеді деген болжам да айтылып жүр. Дегенмен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің болжамы бөлек. Министрлік мамандары жалпы су тапшылығы сезілгенімен, тау бассейндеріндегі су көбейетінін атап өткен.

«Қазақстанның тау бассейндеріндегі су ресурстары 2050 жылға қарай орта есеппен 6%-дан 17%-ға артуы мүмкін, ал 2100 жылға қарай орта есеппен 10%-дан 22,3%-ға төмендеуі мүмкін. 2050 жылға қарай су ресурстарының ұлғаюы негізінен мұздықтар ағынның қалыптасуына қатысатын Оңтүстік бассейндердің есебінен болады, ал 2100 жылға қарай азаюы осы мұздықтардың сарқылуы салдарынан болады. Батыс, солтүстік және орталық Қазақстан өзендерінің жазық бассейндерінде су ресурстары өткен жылғы ағын нормасымен салыстырғанда ғасырдың ортасына қарай 3,7% – 15%-ға, ал ғасырдың соңына қарай 9,2% – 23,7%-ға төмендеу үрдісіне ие» делінген есепте.

Байқасақ, министрлік пен Дүниежүзілік банктің есебі бір-бірімен үйлеспеген. Өйткені министрлік ғасыр ортасын межелеп отыр, ол дегеніңіз шамамен 2050 жылдар, ал Дүниежүзілік банк 15 пайызға азаяды деп көрсеткен мерзімге 7 жыл қалды. Жалпы, су тапшылығы мәселесі өте өзекті тақырып. Бірақ оның өзі жаһандық жылыну мен қоғамның суға деген көзқарастарына тікелей байланысты. Бұл жерде өзен-көлдердің тартылуы, трансшекаралық өзендерге қатысты саясат тәрізді көптеген фактор бар. Дегенмен азаматтардың суды үнемдеу мәселесін қайта қарайтын кез жақындаған тәрізді. Бір қызық дерек, Астана қаласында кемі 435, Алматыда 938 көлік жуу орны бар. Егер бір жеңіл көлікті жууға шамамен 40 литр су кетеді десек, екі қаладағы көлік жуу орындары күніне бір автомобиль жуғанның өзінде 55 тоннаға жуық су шығындайды. Егер әр көлік жуу орны күніне 10 көлік тазаласа, мөлшер 500 тонна немесе 500 текше метрге жетеді. Бұл деректер назар аударарлықтай болмауы мүмкін, бірақ мәселе көлік жуу орындарының көбі құбырлар арқылы келетін таза суды қолданатынында болып тұр. Техникалық су үшін арнайы құбыр тартқызған мұндай нысандар сирек. Біздің пайымдауымызша, мұның өзі алдағы жылдарда суға қатысты жағдайдың ушыға түсуі мүмкін екенін байқатады. Су азайса, оның бағасы да өседі. Демек, нағыз «судың да сұрауы бар» дейтін кезеңге жақындадық.

Шөл басқан шартарап

Жаһандық жылынудың әсерінен Алатау мен Алтай қатарлы таулардың мұздықтары еріп жатқаны жиі айтылады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 2100 жылдарға қарай мұздықтардың тең жартысы жойылуы мүмкін. Ал мұндай жағдай қалыптасса, өзендер тартылатыны сөзсіз. Демек, қоғам жаһандық жылынудың нақты қандай қатер төндіріп тұрғанына назар аударуы керек тәрізді. Жеке азаматқа әсері жоқ сияқты көрінгенімен, алдағы 20-30 жылда қоршаған ортадан бастап, тіршілік-салтымызға дейін өзгеруі мүмкін. Айталық, 2050 жылға қарай Қазақстан үшін аса маңызды дақыл саналатын жаздық бидайдың шығымдылығы 13-49 пайызға қысқаруы мүмкін. Тіпті, 2030 жылға қарай елдегі жайылымдардың сапасы 10 пайызға төмендейді деген пікірлер бар. Оған орман және дала өрттері жиі болатыны жайлы болжамды қосайық. Оның үстіне Қазақстанда барлық жердің 66 пайызға жуығы шөлейттенуге ұшырағаны жайлы мәліметтер де жарияланды. Қысқасы, жаһандық жылынудың кері әсері қазірдің өзінде сезіле бастаған сыңайлы. «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының дерегіне сенсек, 2000 жылдан бері құрғақшылық жиілеген.

«Қазақстанның негізгі астық егетін облыстарында ауыл шаруашылығы үшін маңызды орташа құрғақшылықтың қайталану ықтималдығы 3 жылда 1 рет Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында, 4 жылда 1 рет Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында, 5 жылда 1 рет Солтүстік Қазақстан облысында байқалады. Қатты құрғақшылық Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай облыстарында жиі қайталана бастады, яғни, қатты құрғақшылық Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 4-5 жылда бір рет қайталанады. Ал Қарағанды және Қостанай облыстарында 6-8 жылда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында 11-15 жылда, Ақмола облысында 23 жылда, Солтүстік Қазақстан облысында 45 жылда 1 рет құрғақшылық болады», – делінген.

Енді не болмақ десеңіз, алдағы 20-30 жылда Қазақстанның солтүстік облыстары ғана өмір сүруге қолайлы аймақ қатарында қалуы мүмкін екенін айғақтайды. Теріскейге күнгейдегі халықты қоныстандыра алмай жүргенде 2050 жылға қарай солтүстік аймақтарға түрлі бағыттан ағылған адамдар қарасы молаюы мүмкін. Тағы сол Дүниежүзілік банктің 2021 жылғы зерттеуіне сүйенсек, 2050 жылға қарай Орталық Азияда 2,4 млн адам ішкі көші-қонға қатысуға мәжбүр болады. Олардың көбі Өзбекстанның Ферғана аңғары мен Ташкент маңына, Тәжікстанның оңтүстігі мен Душанбе жаққа қоныс аударғанды құп көрмек. Сонымен қатар Қазақстан астанасы мен одан солтүстікке қарай орналасқан аймақтарға қоныс аударатындар қарасы да мол болады. Мамандар климаттық миграция деп атай бастаған мұндай процеске Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының бірқатар аймағының, Ақтөбе, Қарағанды, жаңадан құрылған Ұлытау облыстарының кейбір аудандарының тұрғындары қатысуы мүмкін екенін айтады. Өйткені аталған өңірлерде су тапшылығы пайда болып, ауыл шаруашылығын жүргізу қиындай түспек. Ал мұндай өңірлерден халықтың көшіп кете беретіні қалыпты һәм даусыз құбылыс.

Қорытындылар болсақ, жаһандық жылынудың әсерін әлі толық сезбедік. Қыс жылы болса қуанып, су тасыса таңданамыз. Іс жүзінде жаһандық жылыну аса күрделі әлеуметтік, демографиялық, экономикалық, миграциялық, тіпті рухани-мәдени дағдарысқа алып келуі мүмкін. Одан бөлек, ресурстар тапшылығы аймақтық қақтығыстарға да апарып соғуы ықтимал екенін жоққа шығармаймыз. Демек, табиғаттың сынағына қазірден бастап-ақ даярланған жөн.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<