Жайдармандағы достарым еміме 90 млн теңге жинап берді – Серікбай Орынбасар

1236

0

«Жайдарман» сахнасында өнер көрсеткен, талдықорғандық «Шапалақ» командасының ойыншысы Серікбай Орынбасар Қазақстанда табылмаған емді Кореядан тапқан. Ол елдегі дәрігерлердің қате диагноз қойғанынан бірнеше рет пышаққа түсуге мәжбүр болған, – деп хабарлайды turkystan.kz.

«4 жыл мұрнымды емдетумен жүрдім. Бір барғанда дәрігерлер гайморит деген диагноз қойды. Енді бір барғанда «мұрның сынған, операция жасату керек» деді. Сөйтіп, Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада ота жасаттым. Одан кейін 3 ай өткен соң мұрным қайтадан ауырып, аурухана табалдырығын тоздырдым. Мұрнымның сынбағанын, ет өсіп жатқанын білдім. Олар бірақ тағы операция істеу керек екенін айтып шығарып салды. «Сонда әр 3 ай сайын кестіріп жүремін бе» деген ой келді. Содан бұл операцияға келіспей, Алматыға жол тарттым. Ол жақтағылар онкология қаупі бар деп бірден айтты. Сөйтіп, онкологияға анализ тапсырып едім, нәтижесі белгілі болғанымен, тағы дұрыс диагноз қойылмады. «Мұрын қуысының ісігі бар. Сенде бір-ақ жол тұр. Тез арада операция жасату керек. Бірақ тірі қалуың – 50/50 пайыз» деді мамандар. Күмәнмен қарадық. Содан кейін Кореяға баруға қаражат жинауды бастадық. Ол жақ мүлдем басқа диагноз қойды. Қазіргі диагноз – лимфома. Оған операция істелмейді, клеткаларды ауыстыру арқылы ғана жаңартатын көрінеді. Солай Кореяға барып, трансплантация жасаттық», – дейді ол.

Кореядағы Пучхон қаласында ем алған кейіпкеріміз, ең алдымен, Алматыда шетелдегі емханаларға өтінім жіберетін компаниямен байланысқа шыққандарын айтады. 3-4 ауруханаға өтінім жіберіп, Пучхон өтінімді қабыл алған. Олар ем алуға наурызда барып, маусым-шілде айларында елге оралады. 3 химиотерапия алып, төртіншісін алуға әлсіреп, шама жетпей кеткендіктен, аурухана «елге барып ет жеп кел» деп жіберген. Орынбасар Қазақстанда 2 ай болып, ет, қымыз, саумал ішіп, салмақ қосып, содан кейін ғана қайтадан Кореяға барып, қосымша ем алады. Сонымен қатар трансплантация жасалып, қараша айында Отанына қайта оралды.

Жайдармандағы достарым еміме 90 млн теңге жинап берді – Серікбай Орынбасар

8 ай жырақта болған жайдарманшы Оңтүстік Корея мен Қазақстанның медицинасын мүлдем салыстыруға келмейтінін айтты.

«Олар бізден медицина бойынша 30-40 жылға алда келеді. Техникалары әлдеқайда жақсы. Кіреберістен бастап, аппараттарына дейін жаңа әрі басқаша. Қарапайым қан өткізу, қан қысымын өлшеудің өзі автоматтандырылған. Ең басты ерекшелігі – сол. Дәрігерлер, жалпы медицина қызметкерлері жұмысына, науқастың өміріне, денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарайды», – дейді Серікбай Орынбасар.

Ол емге кеткен 90 миллион теңгені жинауға Жайдармандағы достары сеп болғанын жасырмады. Жалпы, қаржы 7-8 айда жиналған. Сбор ашу керек деген бастапқы идеяны команданың жетекшісі Әмірбек Абилов бастап, кейіпкеріміздің достары Мадияр бастаған бір топ оған айтпай WhatsApp желісінде чат ашып, жайдарманшылардың бәрін қосып, қаржы жинауды бастап кеткен. Орынбасар оны бірнеше күннен кейін ғана біледі. Оған «біз қаржы жинап жатырмыз» деп қана айтқан.

«Жайдармандағы достарым үлкен соманы аз уақыт аралығында жинап берді. Басқа сборларға қарағанда жеңілірек болды деуге болды», – дейді ол.

Жайдарманшының айтуынша, Түркия медицинасы Кореяға қарағанда арзандау. Оларға Алматыда кеңес берген компанияның өзі ол жағын пайызбен есептеп айтып берген көрінеді. Сонымен қатар емнің жағымды әсерінің болуы және дерттен айығу жағы Кореяда 80-90%-ды құраса, Түркия 50% ғана кепілдік береді деген ақпарат болған. Сол үшін де олардың таңдауы Оңтүстік Корея мемлекетіне түскен.

«Бұл жерде 90 миллионның ішіне бәрі кіріп тұр. Трансплантация, химиотерапия, сәулелі терапия, ауру асқынып кеткен жағдайда орналастыратын бөлме мен пәтер, тамақ, жалпы, бәрін қосқандағы сома осы. Өйткені бір сәулелі терапияның өзі – 1,5 миллион теңге», – дейді Орынбасар.

Ары қарай кейіпкеріміз Пучхон қаласындағы ауруханада қалай ем алғанын тілге тиек етті.

«Ең бірінші барғанда сәулелі терапия алдық. Өйткені менде қатты ісіну байқалды. Сол ісікті басу үшін осы терапиядан өттім. Одан бөлек, арасында химиотерапия болды. Ең соңында ең жоғары дозалы химияны берді. Ағзадағы жасушалардың барлығы дерлік өлгеннен кейін трансплантация жасады», – дейді ол.

Орынбасардың өміріндегі Жайдарманның алар орны ерекше. Мектеп кезінен бастау алған қызығушылық уақыт өте өмірінің бір бөлігіне айналып үлгерген. Жайдарманды чемпиондық не ақша үшін емес, сахна мен көрермен үшін ойнаған ол сол бір тәтті шақтарын қуанышпен еске алады. Жайдарманның биылғы маусымашарының жаңалығы да осы Орынбасардың сахнаға қайта оралып, көрерменмен қауышқаны болды.

«Араға біраз уақыт салып сахнаға қайта шығу ерекше әсер етті. Сол сәтте қобалжу, сағыныш секілді тоғысқан түрлі сезімдерді басымнан кештім. Не жыларымды, не қуанғаннан секірерімді білмедім», – дейді жайдарманшы.

Қазір сұхбаттасушы Талдықорғанда, үйінде әлі ем алып жатыр. Дәрігер ұсынған дәрілерді ішіп, тыйым салған заттарды тұтынбай, қалыпты режимді сақтап жүрген көрінеді.

«Жалпы, бұл аурудан 2 жылдан аса уақытта емделеді дейді. Рак – соқырішек, ісік секілді кесіп алып тастай салатын дүние емес. Бұл жасуша болғандықтан, оның қайта қалыпқа келуіне ұзақ уақыт кетеді. Мысалы, маған майлы, ащы тағам, газды сусын мен ауылдың сүтін ішуге болмайды. Дәрігерлер иммунитетті көтеру үшін калориясы көп тағам жеу керектігін айтты», – дейді ол.

Басынан өткен осы оқиғаның арқасында кейіпкеріміз «бірінші байлық – денсаулық» екенін түсінген. Оқырман қауымға өз оқиғасын баяндаған ол әрбір адамның өміріне жауапкершілікпен қарағанын қалайды.

«Бәріміз тілек айтқан кезде «бірінші байлық – денсаулық» деп айтамыз, бірақ, шындығына келгенде, байлық екенін сезінбейміз. Әрбір адам денесіндегі әрбір мүшесін бағалауы керек. Ең алдымен, ол – Алланың аманаты», – дейді Орынбасар сөз соңында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<