«Жайлы мектеп» – жаңашылдық бейнесі

883

0

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласының дамуына тың серпін берді. Ұлттық жоба аясында жер-жерде заманауи мектептер бой көтерді. Жас өрендердің дамуына оң әсерін тигізетін жобада әрбір құрылыста экологиялық талаптар мен оқушылардың қауіпсіздігі басты назарға алынған.  Жоба бойынша өңірде 10 мектеп салынып, сол арқылы 6900 бала жаңа білім ошағымен қамтылады. Қазірге дейін 2700 балаға арналған 5 мектеп ел игілігіне айналды.

Бейсенбі күні БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Қызылорда қаласындағы екі білім ошағына бардық. Онда заманауи инфрақұрылым негізінде оқушыларға арналған арнайы мүмкіндіктер таразыланып, инновациялық әдіс-тәсілдерге көңіл бөлінді.

Қаланың сол жағалау бөлігінде ашылған №290 орта мектептің директоры Мөлдір Смаханова тұрғындар сұранысымен ашылған  білім ошағының  900 орынға арналғанын атап өтті. Мұнда оқушыларға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған. Қазір мектепте 1000-нан аса оқушы тәлім алып жүр.

– «Жайлы мектеп» жобасының ерекшелігі – қауіпсіз орта қалыптастыру екені белгілі. Өздеріңіз байқағандай, біздің ғимарат бейнекамерамен толықтай жабдықталған, турникет қойылған, балалардың барлық қауіпсіздігі сақталған. Сондай-ақ  физика, химия, биология, робототехника кабинеттері соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген. Бұл ұстаздардың оқушыларды ғылымға баулуына жол ашады. Оған қоса жас өрендер тігін, дизайн, технология кабинеттеріндегі құрал-жабдықтар арқылы белгілі бір кәсіп түрлеріне бейімделеді. Ал тамақтану мәдениеті бөлмесінде оқушылар ас әзірлеуді, дұрыс тамақтануды үйренеді, – деді мектеп директоры.

Расында, ғимаратты аралау барысында журналистер оқушылардың білім алумен бірге бос уақытын тиімді пайдалануға барлық мүмкіндік бар екеніне көз жеткізді. Жас өрендер тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату секілді спорт түрлерін де жетік меңгере алады. Ал қыздарға арналған би үйірмесі жұмыс істейді. Оған қоса ұстаздардың мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуіне арналған арнайы кабинеттер бар. Онда педагогтер баланың толық қалыптасуына әсерін тигізетін құрал-жабдықтар, оқулықтар және өзге де қажетті дүниелерді пайдалана алады.  

Облыс орталығындағы тұрғындар жиі қоныстанған КБИ мөлтек ауданындағы  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ордасында бұрынғы №197 мектептің оқушылары тәлім алады. Ұстаздар көне ғимараттың ешқандай талапқа сай келмегенін айтады. Сәулетті ғимарат пайдалануға берілгенде жергілікті тұрғындармен бірге мұғалімдердің де қуанышында шек болған жоқ. Қазір мұнда оқу процесінің қалыпты жүруіне барлық жағдай жасалған.

Баспасөз туры барысында журналистер заманауи инфрақұрылым, білім беруге қатысты көптеген жаңашылдықты көрді. Мектептің ішкі және сыртқы құрылыс ерекшелігіне назар аударды. Білім ошағының пайдалануға берілгеніне бір айдан астам уақыт өтті. Қазір мұнда 1051 бала білім алады, 43 сынып жиынтығы бар. Оларға 116 мұғалім тәлім береді.

– Ескі ғимарат ешқандай талапқа сай келген жоқ. Кезінде аталған түйткілді шешу үшін бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Дегенмен кейбірі сол күйінше қалып қойды. Енді жаңа ғимаратта ұстаздар өздерінің тәжірибесін, білімін және қабілет деңгейін көрсетуге толықтай мүмкіндік алып отыр.  Сондай-ақ қазір бізде жеткіншектер би үйірмесіне қатыса алады. Балалардың бос уақытында кітап оқуына арналған кітапхана қорында қажетті әдебиеттердің барлығы қамтылған. Ғимаратта 2 спорт залы орналасқан. Бастауыш оқушылары бөлек спорт залға барады. Одан бөлек химия, физика, биология кабинеттері жоғары деңгейде жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі балалармен дефектолог, логопед, психолог, әлеуметтік-педагог сынды арнайы мамандар жұмыс жасайды. Бұл кабинеттер бөлек блокта орналасқан.  Мектепте 26 кабинеттің барлығы соңғы үлгідегі заманауи технологиямен жабдықталған. Акт залы 138 адамға арналған. Балалардың сабақ оқуына, білім алуына толық жағдай жасалған. Бізде спорт, қолөнер, сурет, домбыра, би үйірмелері бар, – деді мектеп директоры Еркін Ақшалов.

Оның айтуынша, мұнда робототехника, цифрлық сауаттылық, дизайн және қолөнер кабинеттері оқушылардың сапалы білім алуына оң септігін тигізеді. Оқушылардың қызығушылығыда жоғары екен.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<