Жайлы мектептердің жеке басқару жүйесі болады

360

0

Фото: ашық дереккөз

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер үшін жеке басқару жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

«Ақша балаға» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қаржыландырудың дифференциацияланған тәсілі моделіне ерекше назар аударылатын болады. Алдағы 3 жыл ішінде ел бойынша 1300 мектепті, оның ішінде демеушілік қаражаты есебінен қайта жаңарту жоспарлануда. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер үшін жеке басқару жүйесі көзделетін болады», — деді Нұрлан Байбазаров.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік блокта білім берудің, денсаулық сақтаудың және спорттың сапасы мен қолжетімділігін арттыру, оның ішінде оларды қаржыландыруды реформалау мәселелері бойынша шаралар қабылданады.

Осы мақсатта мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін, «әлеуметтік әмиян» құралын пайдалану, білім беру гранттарын дифференциациялау және тағы басқалар қарастырылады.

«Туризм саласында Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, аэровокзал кешендері мен әуежайларды салу бойынша жұмыстар көзделіп отыр. Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы шағын авиация әуе кемелерін сатып алу жоспарлануда. Бұл шаралар ішкі туризмді дамытуға қосымша серпін беред», — деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<