Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нұрманов жер қатынастары саласы бойынша 9 айда атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер турасында брифинг өткізді.
Бүгінде ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 қаулысымен бекітілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіміне сәйкес жер қатынастар саласы бойынша басқарма 9 қызмет түрін көрсетеді.
– Жыл басынан бері аталған қызметтер бойынша 74 қызмет көрсетілді. Оның ішінде мемлекеттік корпорация – 5, кеңсе арқылы – 19, электронды үкімет арқылы 20 өтініш қаралды. Көбіне өтініштер жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекіту қызметіне түседі. Бұл тұрғыда есепті кезеңде барлығы 53 қызмет электронды үкімет порталы арқылы көрсетіліп отыр. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 проценті, ал 2020 жылы кемінде 90 проценті электронды форматқа көшірілуі тиіс деген болатын. Біздің өңір бұл ретте облыс әкімінің қолдауымен осы жылдың сәуір айынан бастап жұмыс жасап жатыр. Қазіргі таңда жер алуға қатысты өтініш тастаған адам өзінің өтінішін жер актісін алғанға дейін толық бақылай алады. Сондықтан алдағы уақытта электронды форматқа көшіп қана қоймай, көрсетілетін қызметтердің санын да ұлғайтуды қолға аламыз, – деді Қ.Нұрманов.
Жиын барысында мұнан өзге жеке тұрғын үй мақсатында берілетін учаскелік жер мәселесі де қозғалды. Айта кететін жайт, арендаға берілген жерді тұрғындар толық игеріп, жеке меншігіне өткізбей тұрып сата алмайды. Алайда, 2016-2017 жылдары берілген жерді кейбір тұрғындар сатуға қойып, арты үлкен дауға ұласқан жағдайлар кездескен.
– Мәселен, өткен жылдары «Бәйтерек» шағын ауданынан жер берілді. Ол жерде 200-300-дей ғана тұрғын үй салынған. Көбі сатуға шығарған. Осыған орай, жер алған кез келген адам ол жердің 3 жылға арендаға берілетінін, сол себепті оны мақсатты түрде пайдаланып, өз атына ауыстыру қажет екенін түсінсе деймін. Оған дейін мүлдем сата алмайды. Ал, республика бойынша Сыр өңірі тұрғындарды жермен қамтуда алдыңғы орында тұр, – дейді Қ.Жұмағамбетұлы.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<