Жалағаш – береке-бірлігі көпке үлгі болған, дүбірлі додаларда топ жарған саңлақ спортшылар, ақын-жыршының құтты мекені.
Осынау киелі жердің біртуар перзенті, тума талант, ақын Төлеубай Үркімбаев та өз заманында елдің мұң-мұқтажын жырға қосқан ақындардың бірі болды. Халық ақынының алғашқы өлеңдері 1927 жылдан бастап баспа бетінде жариялана бастаған. Сол жылдары жарық көрген қазақ ақындарының «Он жылдағы олжа» атты жинағына бірнеше өлең-жырлары еніп, кейіннен газет беттерінде де жарияланды. Әдебиеттің түрлі жанрларына қалам тартқан ақын өз заманындағы еңбек адамдарын жырлады, қоғамдағы жат құбылыстарды жария етіп, ел ертеңінің еңселі болуына қалам қарымымен сеп болды. Биыл қазақтың жазба әдебиетінде өзіндік орны бар айтыскер-ақын, шайыр, өткір сөздің шешені, Сыр сүлейлерінің бірі – Төлеубай Үркімбаевтың туғанына 120 жыл толып отыр.
Ақынның 120 жылдығы қарсаңында аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында «Тұғыры биік – мәңгілік ел» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Сыр сүлейін дәріптейтін айтыс аламанына облыстың әр ауданынан он айтыскер келді. Ақындардың өнерін сараптайтын қазылар алқасының құрамында жыршы-термеші, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Жұмабек Аққұлов, республикаға танымал айтыскер-ақын, қазылар алқасының мүшесі Ержеңіс Әбдиев, ақын Төлеубай Үркімбаевтың баласы Қуанышбай Төлеубаев болды. Аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов көрерменді Төлеубай атамыздың 120 жылдығымен құттықтап, жас ақындарға сәттілік тіледі.
Айтыстың алғашқы кезеңінде он ақын бес жұпқа бөлініп, еліміздің алғашқы және қазіргі астанасын жыр арқауы етті. Кіл мықтылар жиналған жыр бәйгесі тартысты өтті. Көрерменнің қолдауымен, қазылардың төрелігімен ақтық сынға өткен алты ақын Құлмамбетше айтыстың үлгісін құрып, сөз таластырды. Ондықтан үздік шыққан алты ақын айтыс аламанын қыздырып, қазақ өнерінің биігін көрсетті. Қазылардың шешімімен бас жүлдені қызылордалық ақын Бақдәулет Әбілда алды. І орынды қазалылық Бекзат Серіков, ІІ орынды қызылордалық Сандыбай Піржан иеленсе, ал жүлделі ІІІ орынды шиелілік жас ақын Айқын Төлеген, қазалылық Бекзат Әбдіхан мен қармақшылық Еркебұлан Серік өзара бөлісті. Қалған қатысушылар – қармақшылық Мәди Асанов, шиелілік Елдар Әмірхан, жалағаштық Перизат Мешітбай, қармақшылық Нұрай Өркенбекқызына ынталандыру сыйлығы табысталды. Барлық қатысушылар арнайы дипломдарға, қаржылай сыйлықтарға ие болды. Асыл өнерден рухани азық алған жалағаштықтар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<