Жалағаш: Аудан бюджеті 10 млрд теңгеден асты

597

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың ұсынған жобалары талқыланды.

Аймақ басшысы өткен жылдың қорытындысымен Жалағаш ауданында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді белгілегенде ескерілетін маңызды бағыттарды атап өтті. 

– Жалағаш ауданының да өсу динамикасы  тұрақты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17,4 млрд теңгені немесе 144,4% құрады. Бюджет қаражаты 99,9% игеріліп, ауданның өз кірісі 2023 жылы 1,9 млрд теңге болды, 2024 жылы 2,2 млрд теңгеге өскен. Ауданның биылғы бюджеті 10,2 млрд теңге болып бекітілді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Былтыр ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 100 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 100,3, инвестициялар тарту 144,4, бөлшек сауда 103,9, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,9 пайыз болды. Жалпы 5,6 млрд теңгенің 40 жобасы жүзеге асырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Кеңесте аудан әкімі Ардақ Ибраимов биыл 24 жобаны іске асыруға бюджеттен 3,4 млрд теңге бағытталғанын атап өтті.

Бұл қаржыға «Ақсу», Шәменов елді мекендері газдандырылып, Мырзабай ахун, «Аламесек», «Мақпалкөл» елді мекендерінің электр желілері қайта жаңғыртылады.   Аудандық маңызы бар 3 жол (Таң-Самұрат, Таң-Жаңақоныс, М.Шәменов ауылына кіреберіс) және 3 елді мекеннің 26 көшесі күрделі жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ Жалағаш кентіндегі 2 көппәтерлі тұрғын үй қайта жаңғыртылады. Мұнан бөлек, «Таң» ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу, 2 әлеуметтік нысанды газға қосу, 3 елді мекенде балалар ойын алаңдарын салу, аудан орталығынан 5 арендалық тұрғын үй сатып алып әлеуметтік жағынан осал топтарға беру жоспарлануда.

Бүгінде жалпы құны 10,2 млрд теңгені құрайтын 24 жоба әзірленіп, салалық басқармаларға бюджеттік өтінім тапсырылған.

Аудан әкімі Жалағаш кентіндегі 11 көшені күрделі жөндеуге, Еңбек ауылының 3 көшесін орташа жөндеуге бірінші кезекте қаржы бөлуді сұрады.

Сондай-ақ, кенттегі апатты тұрғын үйдің орнына 18 пәтерлік екі қабатты үй салуға, тозығы жеткен 3 көппәтерлі тұрғын үй мен «Ақтерек» сауықтыру лагерін күрделі жөндеуге қаржы бөлуді ұсынды. Жалағаш кентінде орталық алаңның жағдайы сын көтермейді. Кеңесте 1978 жылы салынған Отбасын қолдау орталығы ғимаратын күрделі жөндеу және жылу қазандығын газ желісіне қосу туралы да мәселе көтерілді.

А.Ибраимовтың айтуынша, аудан орталығының жеке тұрғын үй секторын және әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу, «Ақтерек» жаңа қоныстану аймағына жаяу жүргіншілер жолы мен байланыс желісін тарту да кезек күттірмейтін мәселелер қатарында. Жаңа тұрғын аумаққа 607 тұрғын үй, 11 кәсіпкерлік нысан, 1 мектеп және  2 балабақша орналастыру жоспарланған. Бұл аумақты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту үшін байланыс желісінің, 56,4 шақырым жаяу жүргіншілер жолының  жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу қажет. Оған облыстық бюджеттен 20,5 млн теңге бөлу сұралды, жобаның болжамдық құны – 512,5 млн теңге.

Мұнан бөлек, аудан әкімі Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеуге қаржы бөлуді сұрады. Ғимарат 1972 жылы пайдалануға берілген, ішкі және сыртқы қабырғаларының, есік-терезелерінің тозығы жеткен, электр желісі ескірген, жиі тұйықталады. Көрермен залының жабдықталуы салынғалы бері қайта жаңартылмаған. Жауын-шашыннан қосалқы қанатының төтенше жағдайларда қолданылатын төбе жабындысы үгітіліп құлаған. Соңғы рет ғимаратқа 2012 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Бүгінде жоба-сметалық құжат әзірлеуге демеушілер 4,5 млн теңге бөлді, жобаның болжамдық құны – 150 млн теңге.

Кеңес отырысында облыстық басқарма басшылары аудан әкімі ұсынған жобаларға, олардың тиімділігі мен  қажеттілігіне орай пікір білдірді.  Ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Негізінен жобалардың ең алдымен жұртшылықтың өмір сүру сапасын арттыруға тигізетін оң ықпалы ескеріледі.  

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жүргізілген талдау нәтижесіне қарағанда, тұрғындар табысының төмендігі, жер және жергілікті химия зауытының экологиялық қауіпсіздік  мәселелері жиі көтерілетінін айтты. Сондықтан жағдай мұқият зерттеліп, қажетті шара қабылданады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<