Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов жыл басынан бергі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты жаңалықтарды бөлісті.
Биыл өз бюджетін 9,2 млрд теңге болып бекіткен Жалағаш ауданы қаржыны 1,1 млрд теңгеге ұлғайтып, 10,3 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ былтыр барлық ауылды аралаған әкім халықтың талап-тілегін тыңдап, нәтижесінде «Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық іс-шара жоспарын» әзірлепті. Оған білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салалары, жолдармен және ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жарықтандыру мен абаттандыруға бағытталған жалпы құны 11,4 млрд теңгені құрайтын 137 жоба енген. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен аудан орталығынан 300 орындық жаңа мектеп салу жоспарлануда. Қазір 1,3 гектар жер телімі белгіленген. Биыл жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, келесі жылы құрылыс басталатын болады.
– Жалпы ауылдардағы ахуалды жақсарту үшін қомақты қаржы бөлінді. «Ақсу» ауылына кіреберіс, «Жаңаталап-Аққыр», «Есет батыр-Жаңадария» бағытындағы жолдарды күрделі жөндеу, аудан орталығындағы көшелерді дұрыстау, Бұқарбай батыр, М.Шәменов елді мекеніндегі ішкі көшелерді жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Ауызсу мен аяқсу мәселесі де шет қалмайды. Кенттегі теміржол үстінен аспалы көпір салуға 184 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Сырдария өзені арқылы өтетін көпір де жөнделеді. Инфрақұрылым мәселесінде ең маңыздысы – газдандыру жұмыстары да қарқын алды. «Ақсу», М.Шәменов ауылдарына «көгілдір отын» апару үшін бюджеттен бастапқы қаржысы қаралды. Қосымша әлеуметтік нысандарды да газдандыру жұмыстар жүргізіледі, – деді аудан әкімі.
Жалағаш ауданында халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың құрылысы да жүріп жатыр. Биыл «Аламесек» және Мырзабай ахун ауылында дәрігерлік амбулатория салынуда. Ал абаттандыру жұмыстары бойынша 8 жобаға 131 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Сонымен қатар, аудан бойынша құны 13,1 млрд теңгені құрайтын 35 нысанның жоба-сметалық құжаты дайындалып, республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінім тапсырылған.
Ауданда 3300-ден астам кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Сала бойынша жыл басынан 1 млрд 494,2 млн теңгені құрайтын 76 жоба қаржыландырылып, 110 адам жұмыспен қамтылған. Биыл мамыр айында ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-ның қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, 31 адам жұмысқа тұрыпты.
– Ауданда «Серпін» аграрлы-индустриялды аймағынан «Сыздық» шаруа қожалығының құны 100 млн теңгені құрайтын күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылып, 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт тәулігіне 60 тонна күріш ақтайды. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жоба аясында биыл 1 млрд 30 млн болатын екі жоба іске асырылмақ. Біріншісі «Бақдәулет-57» фермер қожалығының 100 бас ірі қараға арналған сүт фермасы, ал екіншісі «АВ-AGRO» ЖШС-ның тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының ауылдағы тұрғындардың табысын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде. Жоба аясында қаржыландыру үшін құны 1 млрд 50 млн теңгені құрайтын 149 жобаның құжаты дайын, – деді Асқарбек Есжанов.
Жалағашта 331 шаруашылық серіктестігі болса, оның 200-ге жуығы егінмен айналысады. Биыл ауданда 37 мың гектардан астам жерге түрлі дақылдар егілген. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 19800 гектар. Су тапшылығын болдырмау үшін 40 насосты диқандар пайдаланып отыр. Ал облыс әкімінің тапсырмасымен 500 гектар жер дайындалып, 921 отбасыға бақша дақылдарын егіпті.
Аудандағы автожолдарды жақсарту жұмыстары да жолға қойылған. Жалағашта жалпы ұзындығы 240 шақырымнан астам жол болса, оның басым көпшілігі аудандық маңызда. Биыл мұнда облыстық бюджеттен 2 млрд 258 млн теңге қаржы бөлініп, жол жөндеу бағытында 10 жоба іске асуда. Ауыл арасынан бөлек, Жалағаш кенті және 5 елді мекеннің 19 көшесіне жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<