Жалағаш ауданы – ауыл шаруашылығы саласына бейімделген аймақтардың бірі. Мәселен, аудан бойынша 335 шаруашылықтың 200-ге жуығы егінмен, ал 136-ы мал шаруашылығымен айналысады. Аудандағы аграрлық саланы одан әрі дамыту бағытында биыл 36 504 гектар жерге егін егу жоспарлануда. Сонымен қатар, ауданда жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға жаңадан 500 гектар жер дайындалмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов хабарлады.
– Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Мемлекет басшысының қолдауымен және Үкіметаралық келісімдер негізінде облыс бойынша қалыптасқан су тапшылығына қарамастан ауданда барлығы 37 079 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы өнімдері ысырапсыз толық жиналды. Соның ішінде, аудан диқандарының үлкен еңбегінің арқасында 19 800 гектар күріштің әр гектарынан 54,5 центнер өнім қамбаға құйылды. Егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Атап айтқанда, 39 641 бас мүйізді ірі қара, 38 962 бас уақ мал, 21 819 бас жылқы, 761 бас түйе, 10 474 бас құс өсірілуде. Бұдан бөлек, жыл басынан бері мақсатына сай пайдаланылмаған не заңнаманы бұза отырып пайдаланылған 44 106 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның 619 гектары елді мекен тұрғындарының малдары жайылу үшін қалдырылды, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<