Жалағаштағы алмабақ жеміс берді

1193

0

Жесеңіз, дәмі таңдайда қалатын, Сыр бойында өскен алмадан дәм татқыңыз келе ме? Алма бақтың «королі» атанған қызылы да, жасылы да енді Жалағашта өседі. Үш жыл бұрын Т.Жүргенов ауылындағы «Құрманбай ата» шаруа қожалығы жеміс көшеттерін еккен еді. Биыл бағбандар бақтан қорап-қорап алма теріп жүр.

Бұл ауылдың тұрғындары «алма ағаштың гүліндей-ау» деп басталатын әнді түсініп айтады. Өйткені, Т.Жүргеновте ғана емес, жалпы Жалағашта алмабақ барын бұрын ести бермейтінбіз.

–       Кеңес үкіметінің кезінде ауыл маңында үлкен бақ болды. Жылдар өте ағаштар өнім беруді тоқтатады. Қазір ол бақтың орны ғана қалған. Жердің құнарлы екенін, жеміс өсіруге болатынын сол бақ дәлелдегендей еді. Сондықтан бірнеше жыл бұрын «алма өсіріп көрсек, қайтеді» деген ой келді. Ақырында тәуекел етіп, Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы «Амангелді» пи­томнигінен «Голден Делишес», «Джонатан», «Ренет Семиренко» деген үш сортын алдырып, 5 гектар аумаққа отырғыздық. Бақта қазір бес бағбан қызмет етеді. Ағаштар биыл­дан бастап жеміс берді, – деді қожалық төрағасы Еркін Бекжанов.

Жалағаштағы алмабақ жеміс берді

Алмалардың алғашқы 1,5 тоннасы кеше Қызылорда қаласына жөнелтілді. Бірінші рет болғасын жалпы қанша өнім алынатыны әзірге белгісіз. Бірақ бағбандар болашақта әр түптен 15-20 келі өнім алуды жоспарлап отыр. Барлық адамға ұнайтын алма атты жемісті таза күйінде осылай теріп жеп, үлкен баққа айналдыру үшін есепсіз еңбекқорлықтан бөлек, қаржы да керек. Бұл бақты жайқалту үшін 38 миллион теңге жұмсалған.

Жалағаштағы алмабақ жеміс берді

Айта кету керек, «Құрманбай ата» шаруа қожалығы мұнан өзге күріш, жоңышқа өсірумен де айналысады. Өткен жылы күріштің гектарынан 75,5 центнерден өнім алынған болатын. Шаруашылықтың енді экономиканы әртараптандыруға назар аударып, жеміс өсіруге ден қойғаны қуантады. Күрішті аймақ саналатын Жалағаштың аты енді алмамен де әйгілене түссе керек.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<