Жалған «Apple» өнімдері тәркіленді

585

0

Елімізде 15 млн теңгенің жалған «Apple» өнімдері тәркіленді. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Аумақтық әділет органдары зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмысын жалғастырып жатыр. Тексерулер құқық иеленушілердің өтініштері негізінде жүргізіледі. Азаматтық айналымнан алынатын контрафактілік өнімдердің тізімі өте кең. Бұл – киім, тұрмыстық химия, автомобильдерге арналған қосалқы бөлшектер, гаджеттердің барлық түрлері. Тіпті тамақ өнімдері де тәркіленеді. «Chanell», «Apple», «ZEPTER», «Levi`s», «Louis Vuitton», «LEGO», «PUMA», «TOYOTA/LEXUS», «Наурыз», «Ассам», «Prachka» сияқты тауар белгілері иелерінің құқықтары қорғалған», – деді министрлік өкілі апталық брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, тек «Apple» компаниясының өтініші бойынша 30 тексеру іс-шарасы өткізілген. 

«Тексеру қорытындысы бойынша барлық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 15 миллион теңгеден астам сомаға 9 662 бірлік құлаққаптар, смарт-сағаттар, қуаттау құрылғылары, сымдар, ұялы телефондарға арналған аксессуарлар сынды жалған өнімдер тәркіленді», – деді ол.

Талғат Уәлидің дерегінше, Алматы қалалық әділет департаменті шамамен 1,6 млн теңге сомасына 4 076 бірлік мөлшерінде «APPLE», «iPhone» тауар белгісінің заңсыз бейнесі бар контрафактілік өнімді тәркіледі. Тәркіленген өнімдер Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысына сәйкес жойылды. Кінәлі тұлғаға айыппұл салынды. 

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің «бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердiң атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану» 158-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке 74 адам тартылып, айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 6 млн теңгені құрады. Жылдың басынан бері әділет органдары бөтен тауар таңбасын заңсыз пайдаланудың 92 фактісін анықтап, азаматтық айналымнан 45 миллион теңгеден астам сомаға 24 мыңға жуық контрафактілік өнім тәркіленді», – деді ресми өкіл. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<