Жалпыұлттық референдум өткізу мәселесі таразыланды

839

0

Осы аптаның сейсенбісінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айбек Паяев Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқытушылар және студенттермен жүздесті. Кездесу барысында ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өткізу мәселесі жан-жақты таразыланды.

Жұртшылық алдында депутат еліміздің басты құжатына өзгертулер мен толықтыру енгізуге байланысты ой-пікірін білдірді. Мұндай жаңашылдық мемлекет басқарудың жаңа үлгісіне жол ашады. Елдегі саяси ахуалға зор мүмкіндік жасайды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі.

–  Бұл өзгерістің еліміз үшін маңызы ерекше болмақ. Атап өтерлігі,  Конституциялық референдум мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге жол ашады. Оны Әділетті Қазақстан ұстанымының негізгі бастамасы ретінде қарастыруға толық негіз бар. Осы арқылы алдағы уақытта Парламент, мәслихат секілді биліктің өкілді тармағын күшейтеді. Жаңартылған Заң аясында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – елдегі саяси партиялардың тең дәрежеде бәсекеге түсуіне оң ықпалын тигізеді. Бұл демократиялық үдерісті жоғарылатады, – деді А.Паяев.

Осылайша халық мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша өзі айқындайды. Осы мақсатта өткізгелі отырған референдум оған толықтай мүмкіндік жасайды. Қазірге дейін Конституцияға бірнеше мәрте өзгеріс енгізілген еді. Дегенмен олардың барлығы Парламент арқылы шешілді. Енді үлкен өзгерістерге сәйкес референдум өткізу маңыздылығы туындады. Атап өтерлігі, еліміз үшін басты заңның 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Яғни, ол үштен бір бөлігін құрайды. Бастысы, «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр.

Мәжіліс депутаты «Электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-да да кездесу өткізді.