Қызылордалық жас өнертапқыш, Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Жұлдызай Мұңайтбасова «Zhalyn» өрттің алдын алу ақпараттық жүйесін жасап шықты. Бұл жүйе ірі өрттерді болдырмауға бағытталған. Ол халықтың орман өрті туралы хабардар болуына арналған экологиялық жоба ретінде бағаланып отыр.
– Бұл кешенді жүйе ең алдымен сезгіш құралдар арқылы сала мамандарына орман жағдайы, аумағы, қай аймақта болып жатқаны туралы ақпарат береді. Мамандар сол аймаққа барып жағдайды анықтай алады. Сондай-ақ радиотолқындар интернетке ретранслятор арқылы айналып, жергілікті халыққа ақпаратты платформа және сервер арқылы жібереді. Осылайша өртті алғашқы сатыда анықтап, жұмыла жұмыс жасауға мүмкіндік туады. Ол экономикалық, әлеуметтік шығынды азайтады. Артықшылығы – бұл өртті алғашқы сатыда анықтайтын жүйе. Нақты іске асыру үшін бізге қазіргі таңда серіктестік қажет. Содан кейін жобаны нарыққа шығарып, іске асыруға болады, – дейді Жұлдызай Мұңайтбасова.
Өрт туралы ақпарат бәріне ашық болады. Ақпарат министрлікке де, қарапайым адамға да қолжетімді.
– Өткен жылы жазда Абай облысында ірі өрт болды. Өрт аумағы бір күннің ішінде 100 гектарға дейін жетті. Сол уақытта біз елімізде әлі де шешілмеген осындай мәселе бар екенін анықтадық. Алдағы уақытта серіктестік және жобамызға инвестиция іздейміз. Келешекте оған тағы да бір жүйе қосылады. Ол өртті ғарыштан бақылауға және орманшының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналады,– деді жас өнерптапқыш.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<