Қызылорда қаласында жеке компания аумағында өртенген ескі дөңгелектер үш сағат ішінде толықтай сөндірілді.
Сейсенбі, 13 маусым күні сағат 11.12-де Қаратоғай көшесі, 43 мекен-жайдағы ескі шиналарды кәдеге жарататын «Smart rubber» ЖШС аумағында өрт болды. 800 шаршы метр аумақта автокөлік дөңгелектерінің ескі шиналары жанды. Жалынның таралуына жол берілген жоқ.
«Өрттің беті сағат 13.15-те қайтарылып, 14.47-де толық сөндірілді. Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 45 адам 9 техникамен жұмыс атқарды. Сондай-ақ, апаттар медицинасы орталығы филиалынан 4 адам 1 техникамен келді», деп хабарлайды төтенше жағдайлар департаменті.
«Қарасора – 2023»: төрт тұрғын ұсталды
«Қарасора – 2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Қазалы ауданында прокуратура, аудандық әкімдік және полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген жұмыстар нәтижесінде 1 086 түп сора өсімдігін еккен қала тұрғындары ұсталды.
28-50 жас аралығында жұмыссыз төрт қала тұрғыны ауданға қарасты Қызылқұм ауылының 265 шақырым жердегі шеңгел мен сексеуіл арасына сора өсімдігін өсірген.
Полицейлер оқиға орнынан ірі есірткі алқабынан бөлек арнайы кептірілген марихуана, күдіктілердің жеке заттарын, азық-түлік, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар: 20 метрлік шланга, күрек, кетпен, тырма, газ баллонын тәркіледі. Есірткі алқаптан бөлек алынған арнайы кептірілген марихуананың салмағы 723 грамм болып шықты.
Күдіктілер аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жүргізіліп жатыр.
Тәулік ішінде табылды
Қызылордада полицейлер белгісіз бағыттқа шығып үйіне қайта оралмаған бүлдіршінді тәулік ішінде тауып берді.
Жеті жастағы бала таңғы 8:00 шамасында үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен.
«Бұл жөнінде жергілікті тұрғын Қызылорда қалалық полиция басқармасының 102 арнасына хабарласқан. Онда 7 жастағы баласының ойнап жүріп, үйіне қайта оралмағаны туралы айтылған. Қызылорда қалалық полиция басқармасының Ақсай полиция бөлімінің жеке құрамы мен ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұлан сарбаздары және еріктілер баланы іздеуге жұмылдырылды. Іздеу шараларының нәтижесінде бүлдіршін аман-есен табылды, ол ата-анасына табысталды», деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасы.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<