Жан тебіренткен туынды

1676

0

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры біздің өңірге гастрольдік сапармен келіп, өнерге құштар жұртшылықты өз репертуарындағы таңдаулы қойылымдарымен тәнті етті. Соның бірі – Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» әңгімесінің желісі бойынша қойылған спектакль.

Қауырт тірліктің қалтарысын тауып, спектакльді тамашалауға бардық. «Жоғалған Жұрнақ» әңгімесінде Желтоқсан оқиғасының зардабын тартқан жігіттің тағдыры баяндалған.

Спектакльдің шымылдығы ашылған сәтте перронда өзара дуылдасып, арасында әуелетіп ән шырқап, бір-бірін әзіл-қалжыңмен қағытып тұрған жастарды көріп, еріксіз сүйсінесің.

Жастардың ортасындағы Жұрнақ – Текемет кентіндегі орта мектептің мұғалімі Қонақбай ағайдың жалғыз ұлы. Мәскеу қаласындағы мықты бір оқу орнының студенті. Оқу орнын қызыл дипломмен бітіруіне бес-алты ай қалған. Иә, сонау жылы ешкімге айтпастан, тауарлы пойызға мініп кетіп, Мәскеуден бір-ақ шыққан. Осы жолы оқудан демалысқа шығып келген беті болатын. Өзін сағына күткен сүйген қызы Алмасымен қауышып, көңілі шалқып-тасқан күйде. Албырт жастар бір-біріне деген алып-ұшқан сезімін ақын Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» өлеңімен өте әсерлі жеткізеді.

…Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,

Ойлауың мүмкін, дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап.

Үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай,

Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға жарамай…

Осынау тебіреніске толы жыр шумақтарын бір-бірінің аузынан қағып алып, оқып жатыр. Шіркін, жастық! Жалындап сөйлеген сөздері, ештеңеден алаңсыз емен – жарқын жүздері сондай жарасымды!

Енді бір мезет олардың әңгімесі салмақты бағытқа ойысып, саясат тақырыбын да шалып қалады. Қаумалаған достарының бірі:

– Отанымыздың жүрегі – Мәскеуде не жаңалық? – деп сұрайды. Осы тұста Жұрнақ ашуланып, шарт кетеді.

– Әлі күнге Мәскеуге бағыныштымыз. Ол жақтың саясатын неге түсінбейміз? Кеңес көсемдерінің көздегені – бізге бас көтертпей, уысында ұстау!

Осы тақырып төңірегіндегі әңгіме лезде өрттей қаулап, жастардың намысын жанып өтті…

Желтоқсан оқиғасы. Алаңда қанға бөккен қазақ жастары… Олар жетпіс жыл жүгендеп ұстаған кеңес өкіметінің өктем саясатына қарсы шығып, ұлттық рухтың азаттығын талап етті. Жастардың бұл талабы орындалды. Бірақ… Әттең, олардың көпшілігі қарулы күштердің аяусыз соққысынан қаза тапты. Жәбірленіп, жазаға кесілгендері қаншама?.. Соның бірі – Жұрнақ еді. Жазаға кесілді. Жас өмірі қор болды. Бұл жағдайдың бәрінен ауыл іші хабардар. Әсіресе, әкесі Қонақбай ағай қатты қиналды. Сонау бір кезде «егіз ұлды болдым» деп бөркін аспанға атып, қуанған еді-ау… Екі ұлына Жалғау және Жұрнақ деп ерекшелеу есім қойған болатын. Мұнысы – ұрпағым жалғаса берсін, жақсылықтың жұрнағы болсын дегендей пайымы еді. Алайда, Жалғауына тіл-көз тиді ме,  жасқа толмай-ақ шетінеп кетті. Жалғыз ғана үміті – Жұрнағының жайы осындай…

 Одан бері де бірталай уақыт өтті. Жанын жегідей жеген қайғыдан Жұрнақтың ата-анасы да дүние салды. Жамағайындары Жұрнақты Қарағандының жындыханасынан тауып, ауылға әкеледі. Желтоқсан оқиғасында елінің болашағы үшін басын қатерге тіккен атпал азаматтың ендігі өмірі «Жынды Жұрнақ» деген атты арқалаумен өтті.

Оқиға өте аянышты, кіндік қаны тамған ауылына келгенде оның маңдайынан сипаған жалғыз-ақ адам – мектеп директоры Сағындық ағайдың анасы ғана еді. Сол кісі бұған бәйек болып, жұрттың жөнсіз жазғыруынан қорғап қалатын. Әке-шешесінің көзін көрген, Жұрнақтың жалын атқан жастық шағының куәсі болған кейуана,  байғұс баланың бүгінгі жай-күйіне қарап, жаны күйзелетін. Ал, неге екенін, Жұрнақ осы Сағындық ағайын, сосын Сағыныш есімді мұғалімін ғана еміс-еміс есіне түсіреді. Бәлкім, сонау жас күнінде қатарлас достарымен жарыса оқыған «Сағыныш» өлеңінің әсері сана түкпірінде сақталып қалғаны шығар…

Иә, ол қарашаңырағының орнын тауып, сол жерге үй саламын деп ауыр-ауыр тастарды үйе беретін. Тағдырының қатал сынағынан әбден қажыған Жұрнақ күндердің күні аязда қалып, өзіне опа бермеген бұл дүниемен мәңгілікке қоштасты… Көңіліміз астаң-кестең толқып, көздің жасын ірке алмадық… Әрине, бұл – өнерге шын берілген, талантты артистердің еңбегі!

Бір жарым сағаттан аса уақытқа созылған спектакльді жұрт сілтідей тынып тамашалады. Көрермендер театр артистерін сахнадан жібермей, қайта-қайта қол ұрып, зор қошемет көрсетті.

Спектакльдің қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, режиссер Бекболат Құрманғожаев. Ал, қойылымның басты кейіпкері – Жұрнақтың рөлін сомдаған талантты актер Бауыржан Сегізбаев. Актердің шеберлігі сол – көрермен онымен бірге толқып, бірге жылады, соңында трагедияны қабылдау өте қиын болды.

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 1934 жылы құрылған. Өнер ошағында 140-тан астам адам еңбек етеді. Театрдың көркемдік жетекшісі, спектальдің қоюшы режиссері Бекболат Құрманғожаевтың айтуынша, «Жоғалған Жұрнақ» қойылымы өткен жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай сахналанған болатын. Осы күнге дейін 8-9 мәрте көрермен  назарына ұсынылды. Бұл қойылым арқылы кешегі ұрпақтың жасампаз ерлігін, ұлтжандылығын бүгінгі жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өздерінен үміт күткен аға буынның көзқарасын таныту мақсаты айқындалады.

Бүгінде театрдың сахналық қоржынында 40-тан аса қойылым бар. Жыл сайын жаңа қойылымдар көрермен көзайымы болып, өңірлерге өнер сапары ұйымдастырылып тұрады. Шығармашылық аясын кеңейту мақсатында шет мемлекеттердегі кәсіби мамандармен де әріптестік байланыс бар.

Сыр еліне келген өнер сапары аясында У.Шекспирдің «Қораз» шығармасының желісі бойынша, С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» және  жоғарыда  айтып өткеніміздей, М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» әңгімесінің желісі бойынша қойылым сахналанды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<