Фото: ашық дереккөз
Энергетика министрлігі елде жанар-жағармай бағасының өсетінін жариялады. Министрдің міндетін атқарған Болат Ақшолақов еліміздегі бензин бағасының көрші елдердегі бағадан айырмашылығы азайғанда ғана ішкі нарықтағы ахуалды тұрақтандыруға болатынын айтты. Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сейсенбіде өткен Үкімет отырысынан кейін журналистерге бағаның өсуі туралы мәлімдеме жасады.
– Бұл оңай шешім емес. Осы шешімді қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Қазір мұнай өнімдерінің бағаларын қайта қарамасақ, онда жақын арада біз мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз, – деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, елдегі жан басына шаққандағы дизель отынын жылына тұтынудың ең жоғары деңгейі – 370 литр. Ресейде 225, Қырғызстанда 98, ал Өзбекстанда 44 литр. Оған қоса, елдегі мұнай өңдеу зауыттары өз қуаты шегінде жұмыс істейді. Экспорттың және тапшылықтың негізгі факторы – Қазақстандағы төмен бағалар. Ресейде дизель 45, Қырғызстанда 64 пайызға, Өзбекстанда 2 есе қымбат. Сондықтан елдегі арзан отын көрші елдердің экономикасында өзінің ұлттық мүддесіне нұқсан келтіріп жұмыс істеуде.
Айта кетсек, қаңтарда Қазақстан бензин мен дизель отынының бөлшек сауда бағасын мемлекеттік реттеуді белгісіз мерзімге, мұнай өнімдерін елден автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салуды 2023 жылдың ортасына дейін ұзартқан еді.
Осылайша АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің литрі 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін көтеріледі. Бензиннің бұл түрі 11 пайызға қымбаттап отыр. Ал дизельдің литрі 295 теңгеден сатылады. Қазір бұл отынның бағасы өңірлерге байланысты 230-260 теңге аралығында сатылып жатыр. Орташа өсім – 20 пайыз. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер литріне 204 теңге бағамен арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етіледі.
Дегенмен, жанармайдың қымбаттайтыны айтылғалы қоғамда алаңдаушылық басым. Өзгерістер 12 сәуірде күшіне енеді деп жоспарланса да, Қазақстанның кейбір аймақтарында дизель сатылымда жоқ. Қазірдің өзінде тапшылықты Алматы мен Шымкент тұрғындары сезінуде.
Сондай-ақ, жанар-жағармай қымбаттағаннан кейін халық тұтынатын тауарлар бағасы да өсуі мүмкін. Энергетика министрлігі басқа тауарларда қандай да бір баға өсімі болған күннің өзінде бұл жоспарлы инфляция шегінде болмашы өсім ғана екенін айтады. Бірақ халықтың алаңдаушылығы негізсіз емес.
Сарапшылардың айтуынша, бағаны әлдеқайда ертерек, 2022 жылдың қаңтарында сұйытылған газ бағасы көтерілгеннен кейін бірден көтеру керек болған. Себебі елде жанармай бағасы тым төмен. Ал бұл қазірдің өзінде елдің дамуына әсер етуде.
Бір сөзбен, бензин мен дизель қымбаттауы – кейінгі екі жылда күтілген, алдын ала болжанған қадам. Бұл ретте салалық министрлік бағаны реттеу тетігін әзірлегені маңызды. Ақпан айында Энергетика министрлігі әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін бөлшек және көтерме саудада өткізу бағасын мемлекеттік реттеу ережелерін бекітті. Оған сәйкес жанар-жағармайдың шекті бағасы айына бір реттен жиі емес белгіленеді, яғни, министрлік жанармай бағасын ай сайын өзгерте алады.
Оған қоса, бағаны көтеру туралы шешімнің сәуірде, Парламент сайлауынан кейін қабылдануынан да астар іздеушілер көп. Мұндай шешім 2022 жылдың жазында қабылдануы керек еді. Бірақ ол кезде инфляция өте жоғары болды. Баға айына 3-4%-ға өсті. Бұған жанар-жағармай бағасының қымбаттауы қосылса, халық ашық наразылық танытар еді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылдың өзінде инфляция деңгейін екі есе азайту керегін айтқан болатын. 2022 жылдың соңында баға 20,3%-ға өскені белгілі. Премьер-министр Әлихан Смайылов та инфляцияны тежеуге уәде беріп отыр.
Жалпы инфляция құрылымында жанар-жағармай 0,35 пайыздық тармақты құрайды. Аз болса да, бағаға тікелей қысым жасайтын салалардың көпшілігі газға әлдеқашан көшкен.
Бірақ билік бұл бағытта да шаралар қабылдауда. Айталық, шілдеде Энергетика министрлігі газды мұқият тұтынуды ынталандыру үшін сараланған тарифтер механизмін дайындайды. Бұл ретте бағаның қалай өзгеретіні белгісіз. Бірақ газ саласына да бағаның арзандығы әсер етіп отыр. Мысалы, бензин бағасымен салыстырғанда мотор газы тым арзан. Оның бағасы 90-95 теңге болуы керек, бірақ литрі 65 теңгеден сатылуда.
Сондықтан бағаны көтеру керек. Екіншіден, өнеркәсіп те өмір сүруі керек. Қазір елдегі мұнай өңдеу зауыттары нөлдік деңгейде жұмыс істейді. Нарық үшін бұл да қалыпты жағдай емес. Елімізде бөтелкедегі судың бір литрі АИ-92 бензинінің литрімен бірдей. Бірақ бензин өндіруге кететін шығындар деңгейі суды құю құнымен салыстыруға келмейді.
Бұдан бөлек, Үкімет осы секілді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміндегі 19 өнімнің, көмір мен магистральдық газ, коммуналдық төлемдер, қоғамдық көлік пен теміржол тарифтерінің бағасын ұстап отырғанын ескерсек, алдағы уақытта олардың да бағалары өсуі әбден мүмкін.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<