Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге асырыла бастағалы бері үздіксіз жетілдіріліп келеді. Өйткені тұрғындардың арыз-шағымдары, сын-ескертпелері соны талап етеді. Жуырда «Е-Saqtandyry» жаңа ақпараттық жүйесі әзірленіп, іске қосылды. Бұл – қордың қызметін цифрландыру процесінің ажырамас бөлігі.
Жаңа жүйе арқылы не өзгерді?
Мамандардың айтуынша, медициналық көмекке ақы төлеудің жаңа жүйесі медициналық ұйымдармен шарттық қатынастар жүргізу процестерін оңтайландыру және медициналық көмекті үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін құрылған. Бұрын қордың жеке төлем жүйесі болмаған, тек медициналық көмекті тұтынуды есепке алу жүйесі болған. Бұл медициналық көмекті қаржыландырудың кешігуіне әкелді.
«Saqtandyry» АЖ енгізу медициналық ұйымдардың шарттарды басқару процесін жеңілдетеді. Егер бұрын медициналық ұйымдар әртүрлі ақпараттық жүйелерде шарттар мен төлем құжаттарын (МӘМС және ТМККК бойынша бөлек) қалыптастырған болса, қазір «е-Saqtandyry» жаңа жүйесін енгізудің нәтижесінде бұл процесс бір ақпараттық жүйеде бір шартқа дейін жеңілдетілді.
Іске асырудың алғышарты
Жыл басында қор төлем құралдарынсыз қалып, оның негізгі міндеттерін уақытылы орындау үшін үздіксіз жұмыс істемеу қаупі туындады. Сондықтан штаттық ақпараттық технология мамандарының күшімен «Saqtandyry» ақпараттық жүйесінде төлем функционалын әзірлеуге кірісті.
Осы жылдың наурыз айында ақпараттық жүйелердегі пысықтауларға байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен қор басшылығы аванс мөлшерін стандартты 30%-дан 70%-ға дейін, ал жаңа медициналық қызмет көрсетушілер үшін 30%-ға дейін ұлғайту жөнінде бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады (бұрын жаңа ұйымдар үшін аванс төленбеген, аванс төлеу мүмкіндігін жасау үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді).
Сондай-ақ, «е-Saqtandyry» ақпараттық жүйесінде өте қысқа мерзімде медициналық ұйымдармен шарттар жасасу қызметі пайдалануға берілді. «Saqtandyry» ақпараттық жүйесінің төлем модулі мамырда іске қосылды және бүгінгі күні денсаулық сақтау субъектілеріне көрсетілген медициналық көмек үшін төлем жүргізілуде.
Медициналық көмек қалай қаржыландырылады?
Қор биылғы 20 тамыздағы жағдай бойынша жыл басынан бері медициналық ұйымдарға аванспен қоса есептегенде 1,4 трлн теңгеге жуық қаржы төлеген. 1936 медициналық ұйымға қаңтар-маусым айларында көрсетілген қызметтер үшін 539,1 млрд теңге төленген.
Медициналық ұйымдарды қаржыландыру көлемі жыл басынан бері амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, 1 трлн 455 млрд теңгені құраған, яғни бұл жылдық қаржыландыру көлемінің жартысынан көбі. ТМККК қаражаты уақытылы түссе, қор нақты көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем мерзімін ұзартуды жоспарлап отыр.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<