Жаңа баспана – жарқын болашақ

766

0

Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен бірге сол жағалауда бой көтерген 40 пәтерлі жаңа көпқабатты тұрғын үйді баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға салтанатты түрде тарту етіп, қоныс тойымен құттықтады.

– Кейінгі жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, қала аумағы әлдеқайда ұлғайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр еліне деген қолдауымен аймақта берекелі істер атқарылуда. Облыс орталығында қаланы көріктендіріп, ажарын айшықтай түсетін бірқатар зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, әлеуметтік нысандарды салу сәтті жүзеге асуда. Осының алдында жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен салынатын «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының іргетасын қалау рәсіміне қатыстық. Терминалдың құрылысы келер жылы аяқталып, ел игілігіне табысталатын болады, – деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.

Биыл облыс орталығын көркейтуге қомақты қаражат бөлінуде. Атап айтқанда, Бейбарыс сұлтан көшесінің Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі бөлігі қайта жаңғыртылып, кеңейтіліп, абаттандырылмақ. «Қазақстан темір жолы» басшылығы темір жол вокзалы ғимараты мен перронын қайта жаңғыртуға қаражат бөлмек. Сондай-ақ, жыл аяғына дейін Сырдарияның сол жағалауына инвестор қаржысына құны 800 млн. теңгені құрайтын жаңа автовокзал салу жоспарлануда.

«ҚазГерМұнай» компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде қалада заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының жобасы басталады. Құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын Неке сарайы ғимараты шілде айында пайдалануға берілмек. Ал құны 3,7 млрд. теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығы желтоқсан айында, сол жағалаудағы құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын Қан орталығы 2024 жылы ел игілігіне табысталады.

Іс-шарада «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласы және Арал ауданының Құрметті азаматы Имамадин Оңғарбаев тұрғындарды қуанышымен құттықтады және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әбдіғаппар Әмiрғалиев жиылған қауымға ақ батасын берді. Қоныс той иелерінің атынан зейнеткер Әлима Әбішева алғыс білдіріп, жерлестерін Наурыз мерекесімен құттықтады.Анықтама үшін: аймақта өткен жылы 604,0 мың шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде, бюджет қаржысы есебінен Қызылорда қаласында СПМК-70 тұрғын ауданында екі 40-пәтерлі және екі 50-пәтерлі кредиттік тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жаңа баспана – жарқын болашақ

Биыл қаржыландырудың барлық көзі есебінен 692 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 2,7 млрд.теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 982 пәтерлі 23 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 462 пәтерлі 12 тұрғын үй бар.Несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша биыл Қызылорда қаласында 520 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауында 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталады деп күтілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<