Қазіргі біз қадам басқан мыңжылдықты ақпарат ғасыры немесе компьютерлік технологиялар ғасыры деп айтады. Шынында да, олардың басым бөлігі адам қызметінің барлық салаларында айқын көрінеді. Бұл үдерістен кітапхана жүйесі де сырт қалған жоқ.
Заманауи компьютерлік технологиялардың қарқынды дамуы нәтижесінде қауіпсіз өндіріс, қолжетімді ақпарат алмасу жеделдетіліп, коммуникациялық технологияда көрініс тапты. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өндірілетін ақпараттың көлемі күннен-күнге артып, кітапханалардың білім базасы құрылуда.
Соның бір мысалы Қазақстанда кітапханалардың бірыңғай цифрлық платформасы пилот режимінде іске қосылмақ. Бұл туралы өткен аптада ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте айтылған болатын. Электронды кітапхана жүйесінің дамуы талқыланған жиында еліміздегі кітап қорын жүйелеу үшін бірыңғай автоматтандырылған платформа жасақтау жұмысы басталғаны хабарланды.
Мамандардың сөзінше, оның арқасында оқырман қажет кітапты немесе оның электронды нұсқасын оңай таба алады. Бүгінде елімізде 11 мыңнан аса кітапхана түрлі ақпараттық жүйе мен каталогты қолданып келеді. Жүйені енгізу аясында барлық кітапханаға кіру мүмкіндігі қарастырылған бірыңғай электронды оқырман билеті әзірленеді. Қолданушылар «Электронды үкімет» порталы арқылы тіркеліп, билетке қол жеткізбек.
Платформада кітап қорын онлайн толықтыру функциясы қарастырылған. Оны жеке баспалар да пайдалана алады, жарық көрген жаңа туындылар жүйеге енгізіліп, ақылы жазылушыларға қолжетімді болмақ. Осылайша жеке баспалар мен авторлардың мүдделерін қорғау жоспарланған.
Платформаны пилоттық режимде биыл іске қосу жоспарланған. Бастапқыда ол ірі кітапханалар базасында жұмыс істей бастайды. Цифрлық платформа еліміздегі барлық кітап қоры азаматтарға қолжетімді болуы үшін әзірленіп отыр. Сондықтан ең алдымен электронды нұсқаға 10 ірі кітапхана өтеді. Ал қалғандары сәйкестендіру жұмыстарын қолға алуы керек. Кітап қоры толықтай сәйкес келген жағдайда кітапханалар оқырманға арналған іздеу бағдарламасын бейімдеуі тиіс.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<