Жаңа кешен бой көтереді

540

0

Қызылордада құрылыс өткен жылдардан өзгеше сипат алғаны көпке мәлім. Әсіресе, тарихи қаланың сол жағалауы қарқынды дамып келеді. Қазір мұнда жеті қабатты 6 үйдің алғашқысы салынып жатыр.

Күні кеше тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болдық. Учаске бастығы Абай Байдырамановтың айтуынша, мұндағы жұмысшылар жергілікті азаматтар. Олардың жалақысы уақытылы төленеді. Алдағы уақытта жұмысшылар саны көбейеді. Техника жеткілікті.

– Сол жағалаудағы жеті қабатты 6 тұрғын үй бой көтерсе, ондағы 1 үйдің конкурсын «Аман-Құрылыс» ЖШС жеңіп, құрылысын бастап кетті. Қалған үйлердің конкурс нәтижесі сәуір айында белгілі болады. Жалпы саны 504 пәтер болатын үйлер заманауи талапқа сай салынбақ. Әрбір үй жедел сатымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ тұрғын үйлер сейсмикалық талаптарға толық сәйкес келетінін айта кеткен жөн. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен жоба келер жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Серікұлы.

Тұрғын үй аумағының ауқымы кең. Қазіргі таңда үй іргетасы сапалы болуы үшін арнайы арматурамен тоқылып, цемент құю жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа қажетті материалдардың барлығы дерлік отандық өнімдер. Тек жедел саты ғана Жапония мен Кореядан сатып алынбақ. Жобалаушы – «ҚазақЖобаҚұрылыс» мекемесі.

Сонымен сол жағалауға жаңаша сән беретін 7 қабатты тұрғын үй кешені қызылордалықтардың көз қуанышына айналатын күн алыс емес. Бұл шынында, қызылорданың тұрғын үй сәулет кескініне жаңаша келбет әрі өзгеріс әкелгелі тұр.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<