Жаңа кезең айқындалды

5

0

Фото: автордан

Ықылым заманнан елдік мәселелер таразыға түскен сындарлы сәтте келелі кеңес өткізілетіні тарихтан белгілі. Тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы ретінде Тәуелсіз қазақ елінде 2022 жылдан бері Ұлттық құрылтай жиыны өтіп келеді.

Ұлттық құрылтайдың бесінші оты­рысы Сыр өңірінде өтті. Бұл жолғы жиын­ның мәніне үңілсек, осыдан бір ғасыр бұрын ұлт болашағы үшін шешім қабылданып, «қазақ» атауы қайтарылған V съезден соң, араға бір ғасыр уақыт са­лып, бесінші құрылтай отырысының тағы да Қызылордада өтуі бекер емес.

Жиында ел дамуының жаңа кезеңі айқындалды. Бесінші құрылтай отырысы қоғам өмірінің барлық саласындағы мәселелерді қамтыды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, ұлт тәрбиесінен бастап, ел болашағына дейінгі аралық, білім мен ғылым, экономикалық мәсе­лелер назардан тыс қалған жоқ.

Құрылтай жиынында көтерілген ең өзекті тақырыптың бірі – парламенттік реформа. Жиында Президент атап өт­кен­дей, биыл ел болашағына тікелей ықпал ететін маңызды кезең болмақ. Бір палаталы Парламент құру, жаңа парламентке «Құрылтай» атауын беру ұсынысы – тарихи сабақтастық екені даусыз.

Сондай-ақ жиын өткен Сыр топы­рағының қасиеті мен қадірін тілге тиек етіп, «Сырдың елі – жырдың елі» екенін атап айтып, Мемлекет басшысының: «Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қам­қорлық пен жанашырлықты, нағыз отан­шылдықты көремін» деген пікірі бірлігі бекем елдің нәтижелі еңбегіне берілген баға дер едім.

Ұлт бірлігін бекемдеген Ұлттық құ­рылтай отырысынан кейін ел дамуы үшін оң өзгерістер болатынына күмән жоқ.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер

кеңесінің төрағасы