Жаңа кітаптың таныстырылымы өтті

2624

0

Облыстық жастар ресурстық орталығында PhD доктор, Анкара Хажы Байрам Вели университеті Түрік фольклоры кафедрасының аға оқытушысы, жерлесіміз Бекарыс Нұримановтың «Құтадғу білік» аудармасының таныстырылымы өтті.

«Мың жыл бұрын ел билеген ерлердің тәжірибесі» атты жаңа жинақты жерлесіміз Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегінің ескі түрікше түпнұсқасынан проза үлгісінде аударып көпшілік оқырманға ұсынып отыр.

«Құтадғу білікті» аудару жұмысы ХІХ ғасырдың соңына таман басталды. Бүгінге дейін неміс, түрік, өзбек, ағылшын, қытай, ұйғыр, қазақ, қырғыз, әзірбайжан және тағы басқа да тілдерге аударылды. Оның ішінде өлең түрінде де, қарасөз түрінде де тәржімаланғандары бар.

Бұл шығарманың қазақ тілінде төрт аудармасы бар. Біріншісі Асқар Елубаевқа, екіншісі Әбжан Құрышжанұлына, үшіншісі Берікбай Сағындықұлына, төртіншісі Бекарыс Нұриманға тиесілі. Алғашқы екеуі өлең түрінде, кейінгі екеуі жолма-жол мағыналық аударма.

– Кітапта он ғасыр бұрын өмір сүрген бабаларымыздың бізге жолдаған сәлемі бар. Түп-тамырымызды тануға табанды еңбектер жасалып жатқан дәуірде тұрмыз. Байырғы бабаларымызбен қайту «қауышу» үшін бізге «Құтадғу білікті» оқу керек. Бәрінен бұрын Жүсіп атамыздың кітап жазудағы ниетінің күштілігіне тәнті болам өз басым. Ниеті күшті болмаса, өз заманында жазылған басқа да қанша кітаптан оқ бойы оза шауып, бүгінгі ұрпақтың қолына түспес те еді. Шығарма – халқымыздың сол дәуірдегі мәдениеті мен өмір салтынан, ел басқару дәстүрі мен ондағы қағидаларынан хабар беретін құнды әдеби жәдігер. Кітап түркі дүниесіне ынталы жалпы оқырманға, оның ішінде ғылым, білім саласының мамандарына арналған, – дейді PhD доктор, аудармашы Бекарыс Нұриманов.

Кездесуге жастар, сала мамандары мен өнер адамдары қатысты.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<