Жаңа маусым «Абай» трагедиясымен ашылды

381

0

Аймағымыздың руханият ордасы облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театры өзінің 69-театр маусымын сәтті аяқтап, жаңа маусымға қадам басты. Театр шымылдығы Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясымен ашылды.

Жаңа 70-маусымның ашылуында ашық аспан астында театр артистерінің шеруі болды. Жүргізушілер әр артистің жетістігін айтып, өткен маусымдағы шығармашылық белесіне тоқталған соң, өнерпаздар театр сахнасына көрерменнің ыстық ықыласымен көтерілді.

Айта кетейік, биыл Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбаев «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалімен, ал Ғ.Боранбаева Мәдениет және ақпарат министрінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, театр артисі, Мәдениет саласының үздігі Ұ.Баймаханов және театрдың бас суретшісі Н.Қалымбетов «Құрмет грамотасымен», театр актрисасы А.Төлеуова аталған министліктің Алғыс хатымен марапатталды. Мұнан бөлек, Сыр өнерпаздары Түркістан қаласында «Raimbek-I» республикалық фестиваліне С.Раевтың «Ақ ләйлек» психологиялық драмасымен қатысып,  актриса Ж.Еркінова «Үздік әйел ролі» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ ол «Жыл актрисасы» номинациясын иеленді. 

Ал шығармашылық ұжым Алматы, Астана қалаларында, және Түркия мемлекетінің астанасы Анкарада гастрольдік сапармен болып, өнерсүйер қауымды қуантты.

Енді «Абай» трагедиясына келейік. Қойылымға арқау болған оқиға желісінде ұлы ақынның алпысқа қараған шағында өз ортасынан орын таппай, ауыр ой арқалап, іштей егілген кезі шебер суреттеледі. Ұлы ақын өмірінің соңғы кезеңінде ауыр жағдайларға тап болды. Билікке таласқан ағайынның озбырлығы, өнер жолын қуған жастардың тағдыры, араларына алты ай салып балаларының бірінен соң бірі көз жұмуы ақын жанын тұңғиық қасіретке душар етті. Мағауия қайтыс болғаннан кейін 40 күн өткенде қайғы-қасіретке шыдамаған ақын жүрегі тоқтайды. Құнанбай әулетінің талайлы тағдыры қойылымда осылайша өрби түсіп, соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан ақынның жан азабының айтылмай келген тылсым бейнесі көрсетіледі.

Қалың көпшілік қойылымды тапжылмай тамашалады. Шығарманың ой салатын тұстары аз емес. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен өшпенділік секілді өмірде кездесетін қарама-қайшылықтың бәрі осында көрініс тапқан. Билік үшін тартысқа түсіп, бірін-бірі өлімге қию, екі жастың адал сезіміне қарсы тұруы, қоғам арсыздығының кесірінен жапа шеккен жандардың тыныс-тіршілігі өнерсүйер қауымның жүрегіне терең ой салады. Спектакль соңында көрермен қауым тік тұрып, театр ұжымына ризашылық білдірді.

– Облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры  жаңа белеске қадам басты. Ерсайын Төлеубайдың «Абай» трагедиясы бізде 11 жылдан бері сахналанып келеді. Премьерасы 2013 жылдың 26 қазаны күні өтті. Үлкен полотнолы қойылым болғандықтан, оған театр артистері түгел қатысты. Көпшілік сахнасына тіпті қуыршақ тобының жас артистері де қамтылды. Басты рольді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Бақытбек Темірбеков сомдаса, Ділдәнің ролін мен ойнадым. Ал Мағауияны Азидолла Әзімтай, Әйгерім ролін Қарлығаш Айтжанова мен Ақтолқын Төлеуова (дубль) сомдады. 

Театр ұжымының биылғы жетістігі жоғары болды. Өткен маусымда бірнеше жаңа  қойылымның тұсауын кесіп, көрермен назарына ұсындық. Оның ішінде Мадина Омарованың «Шанель-№5» деректі драмасы аншлагпен өтті. Мұнан бөлек Сайлаубай Жұбатырұлының «Идальго» трагикомедиясын қойдық. Ал Санат Жүзбайдың «Үйлену оңайы» эксперимент ретінде сахналанды. Биылғы мамыр айында бауырлас Түркия еліне С.Раевтың «Ақ ләйлек» психологиялық драмасын апардық. Театрға жергілікті түріктер және сонда тұратын қазақ, қырғыз бауырлар келді. «Ақ ләйлекті» ешқандай аудармасыз ана тілімізде қойдық. Қойылым кезінде көрермендер сахнаға шоқ гүлдер лақтырды. Сөйтсек, бұл ризашылық белгісі екен. Барлық 12 артист ТҮРКСОЙ ұйымының медалімен және Алғыс хатымен марапатталды,  – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зәлипа Төлепова.

Спектакльді қойған режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір. Көркемдеген суретші – Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері марқұм Серік Пірмаханов.

Жаңа маусымның да жаңалығы көп болмақ. Алдағы уақытта көрермендер назарына Қ.Жүнісовтің «Love is…» комедиясы және А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасы ұсынылады.

 Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<