Жаңа нұсқадағы насабнама

556

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Сыр бойындағы діни ағартушылар мұрасын кешенді зерттеу» тақырыбында жиын өтті.

Шара барысында музей қызметкерлерінің қатысуымен исламның сопылық бағытындағы Қожа Ахмет Яссауиден кейінгі екінші тұлға Мәдіқожа ұрпақтарының қазақ тіліне аударылған насабнамасы (шежіре) талқыланды.

– Шежіре – ұлтымыздың бір  бөлшегі. Ол ғасырдан-ғасырға, атадан-балаға жалғасып жаңғырып отырмақ. Бүгінгі басқосуда осы бағытта тарих жылнамасы тарқатылып, жаңа бағытта анықтама беріліп, толықтырылып отыр. Құнды дүниенің осынша аралықта қалпын бұзбай сақталуы – таңғаларлық нәрсе. Насабнама нұсқасының жаңа сипат алып, ұрпақ санасында қайта жаңғыруы – құндылықтың жарыққа шығуы, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

Қазақ халқын тамыры терең тартқан алып бәйтерекке баласақ,  үш жүзге кіретін және кірмейтін рулар оның бұтақтары іспетті. Сондықтан әрбір қазақ өзі өсіп-өнген, шыққан тегін білуі қажеттігінде дау жоқ.

Ақын Әбубәкір Кердері: «Жігітке бақыт та оңай, дәулет те оңай, болса егер қабырғасы халқы оның» деп өз заманында жырлап өткен.

Алғаш рет аударылған насабнама ислам әлемінде «Шахмаруан Муртада» деп аталған төртінші халифа Әли ибн Әбу Талиб және оның ұлы Мұхаммед Ханафиядан бастау алып, ХVІІІ-ХІХ ғасырда Алаш жұрты құрметтеген, Құлболды ишанның ұстазы, атақты Смайыл Әздүр Қылышқожаұлының балаларынан аяқталады.

Жиында баба ұрпақтары жиылып, дәстүр сабақтастығының алтын арқауы болған насабнама нұсқасының ескі құрылымын тарқатып, келешек ұрпаққа жөнді жеткізу жөнінде уағдаласты.

Насабнамаға 77 адамның есімі сонымен бірге Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері мен әйел адамдардың есімдері енгені анықталған. 

Шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырларда араб және түрік тілінде жазылған. Жәдігер осыған дейін Смайыл Әздүрдің ұрпағы Тұрымбет қалпе арқылы немере інісі Жанболат Әлиакпаровтың қолында сақталған. 

Жоба барысында насабнаманың электронды көшірмесі музей қорына тапсырылды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<