Жаңа өмірдің жарқын баспалдағы

379

0

Бұған дейін отбасылық өмірдегі алғашқы құжатын мейрамханалар мен табиғат аясында рәсімдеген жас жұбайлар енді бұл маңызды іс-шараны сәні мен салтанаты жарасқан «Неке сарайында» өткізеді. Аймақтың 85 жылдық мерейтойы мен Қала күні аясында есігін айқара ашқан жаңа ғимарат жас жұбайлар маңызды қадам жасайтын айтулы орынға  айналары анық.

Жүректері алып ұшқан жастар, ақ көйлек киген қалыңдық, болашақ жарын күткен азамат «Неке сарайының» сәнін аша түсті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мереке күндері қаламызға көрік берген әсем ғимараттар, көз тартар көркем аллеялар тарту етілгенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген» деген болатын. Бұл орталықты іске қосудың әлеуметтік маңызы өте зор. Жыл сайын Сыр өңірінде мерейлі отбасылар саны артып келеді. Биыл «Отбасы күні» қарсаңында Астана төрінде оныншы рет өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында жерлесіміз, ғасыр жасаған қазалылық майдангер, қазыналы қарт Қабақ Смағұловтың әулеті лауреат атанды. Сыр жеріндегі отбасы құндылықтарын берік ұстаған өнегелі әулеттер – біздің мақтанышымыз. «Неке сарайы» ғимаратын аша отырып, бұл дәстүрді одан әрі дәріптейтін боламыз. Орталықта қалыптасқан қағидаға сәйкес қазақы қарашаңырақ идеологиясы дәріптеліп, рухани кемелденген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жасалады, – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы «Неке сарайы» ғимаратын сапалы салып, мерзімінде тапсырған «Авангард» ЖШС басшысы Расул Искаковқа Қызылорда облысының Құрмет грамотасын, компания қызметкерлеріне алғыс табыстады.

Мұнан бөлек, Бейбарыс сұлтан көшесі бойындағы аллеяны салған «Техоснастка» мекемесі мен облыс көлемінде ауқымды жол құрлысымен айналысатын «УАД» компаниясының басшылары мен қызметкерлері де марапат төрінен көрінді.

Салтанатты рәсімде отбасылық өмірге жаңа қадам басқан жас жұбайлар лебізін білдіріп, еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов жерлестерін құттықтады. Ал «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты, ғасыр жасаған абыз ақсақал Қабақ Смағұлов ақ батасын берді.

Расында, бұрындары жаңа өмірге қадам басып, отау құратын жастардың жауапты әрі бақытты кезеңінде неке қию құжатын табыстайтын арнайы салтанатты орынның жоқтығы сезілетін. Аймақтың бас шаһарында неке қиюды жоспарлаған жандар азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне жүгінетін. Осындай жағдайлар ескеріле келе облыс басшысының бастамасымен салтанат өтетін ғимарат салу туралы шешім көпті қуантқан еді. Енді жаңа нысан пайдалануға берілді.

Жаңа нысанда неке қию рәсімделіп ғана қоймай, жастардың жұбайлық өмірге бейімделуіне, денсаулығын сақтауына, жұмыспен қамтылуына, тұрғын үйге кезекке тұруына, ұлттық салт-дәстүрді сіңіруіне жәрдемдеседі. Мұнда Жастар денсаулығы, «Анаға тағзым» орталықтары, «Отбасы банкі», «Бақытты отбасы» жұмыспен қамту орталығы келушілерге қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, бүгінде облыста 141 мыңнан астам отбасы болса, оның 48 мыңнан астамы – көпбалалы аналар, 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері.

Жаңадан ашылған «Неке сарайы» аймақ жастарының отбасылық өмір бастауындағы берекелі, мерекелі ғимаратына айналсын деп тілейміз!

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<