Жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталды

1399

0

Сейсенбі күні Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде жаңа оқу жылына дайындық  мәселелері қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

– Қызылорда қаласы және аудан әкімдері,  білім беру ұйымдарының, оның ішінде балабақша, мектеп, колледждердің дайындығына білім басқармасы ғана емес сіздер де жауаптысыздар. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы үнемі ескертетінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан да тапсырмалар сапалы әрі мерзімінде орындалуы қажет.

Өткен жылы үш ауысымға көшуі мүмкін мектептер мәселесін қосымша ғимарат  салу арқылы толығымен шештік. Ол өз кезегінде тиімділігін көрсетті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен  – 4, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен  – 2, жеке демеуші есебінен тағы 1 мектептің мәселесі шешіледі. 2025 жылы аймақта бірде-бір апатты мектеп болмауы тиіс. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы, облыстық білім басқармасы жұмысының басым бағыттарының бірі.

Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары  15 тамызға дейін толық аяқталуы тиіс.  Оқулықтар 20 тамызға дейін толық жеткізіліп, оқушыларға таратылсын. Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек.

Облыстық полиция департаменті білім басқармасымен бірлесіп, бейнебақылау камераларының жай-күйі мен жедел әрекет ету орталығына қосылуына қатысты мәселені қайта пысықтап шығуы қажет. Сонымен қатар, мектепте берілетін тамақ сапасын ұдайы қадағалауда ұстау керек.

Жыл сайынғы «Мектепке жол» дәстүрлі акциясын биыл да жоғары деңгейде ұйымдастыру маңызды, – деді Ш.Байманов.

Жаңа оқу жылында Қызылорда қаласының сол жағалауынан 900 орындық  «Жайлы мектептің», Шиелі ауданы Жансейіт ауылында 100 орындық №133 мектептің, Жаңақорған ауданы Байкенже ауылында 150 орындық №193 мектептің жаңа ғимараттарын пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ сол жағалаудағы «Оқушылар сарайы» қыркүйек айында іске қосылады деп күтілуде.

Бұған қоса аймақта 8 мектеп (Қызылорда қаласы №211, 212, 217, 222, 253, Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылы №33, Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылы №132, Жаңақорған кенті №163 мектеп) күрделі жөнделуден өтуде.

Жылу маусымына әзірлік барысында 251 мектептің  жылу батареялары тазартылды. Қатты отынның қажетті қоры – 20 321 тонна, қазір мектеп қоймаларында оның 13 800 тоннасы бар.  Сұйық отын бойынша қажетті 13 065 тоннаның 2 500 тоннасы дайын. Газбен жылытылатын мектептер саны – 52. Барлығында келісім-шарт жасалған.

Айта кетейік, жаңа 2024-2025 оқу жылында 1-сыныпқа шамамен 15 450 бала қабылданады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<