Елімізде бейбіт шеруімен басталып, лаңкестік топтардың террористтік әрекеттеріне ұласқан қайғылы күндер Тәуелсіздік алған жылдардағы ең ауыр күндер болды. Елде төтенше жағдай орын алды. Бұл күтпеген жағдай барша халықты есеңгіретіп тастады.
Шұғыл түрде әрекет жасаған Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысып, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталғанына тоқталып, еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты екенін жеткізді. Сондай-ақ, осы пленарлық отырыста Президент баяндама жасап, жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді.
Ең бастысы қазіргі антитеррорлық іс-шараларды тиімді аяқтап, бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қойып, кәсіпкерлердің елдің экономикалық жағдайының өсуіне үлес қосуына қолдау білдіріп, мәдениет пен білім саласының да дамуы әрқашан назарда болуға тиіс екеніне тоқталды.
Жиында Президент білім саласындағы бірқатар келеңсіздіктерді тілге тиек етіп, оларды болдырмаудың, мәселелерді шешудің жолдарын тапсырды.
Білім беру жүйесінің сапасын арттыру үшін жақсы мұғалім керектігін айтқан мемлекет басшысы А.Байтұрсынұлының «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзін айта келіп, мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешенімен үздік мұғалімдерді тартудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда, бұл жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік беретінін жеткізуі де өзекті мәселе болып отыр.
Сөз соңында айтарым, ел президентінің шұғыл шешімдері ел тыныштығы мен келешегі үшін қабылданып отыр. Бұл ретте алаш жұрты Президенттің үндеуін қолдайтынына сенім білдіреміз. Бірлігімізді сақтай отырып, болашаққа нақты қадам жасайық!
Б. Әлмеш,
облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<