Жаңа қызметке шығарып салды

533

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаевты жаңа қызметке шығарып салды.

2022 жылдың тамыз айынан бастап облыстық полиция департаментінің бастығы қызметін атқарып келген Мұхтар Қожабаев өз өтінішіне сәйкес, басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен атқаратын қызметінен босатылды.

Аймақ басшысы департамент бастығының адал қызметі мен көпжылдық еңбек тәжірибесін атап өтіп, оған алғыс білдірді.

– Өздеріңіз білесіздер, Мұхтар Аманқұлұлы – еңбек жолын қарапайым жол-патрульдік инспекторы қызметінен бастап, жоғары басшылық лауазымға дейін сатылап өскен, еліміздегі ішкі істер органдары қызметін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі. Облыстық полиция департаментінің бастығы лауазымына тағайындалғалы облысымызда белсенді жұмыс атқарып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу бағытында шаралар қабылдады. Өзге құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижелі болып, 2022 жылдың қорытындысымен өңірде тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық 14 пайызға азайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес полиция жұмысына сервистік тәсілдерді енгізудің пилоттық жобасы да өңірімізде сәтті іске асырылып, оны Ішкі істер министрлігі оң бағалады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, өткен жылы облыста ауыр қылмыс 10 пайызға, кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыс 44 пайызға, ұрлық 21 пайызға, тонау 18 пайызға, бұзақылық 13 пайызға төмендеді. Осы жылдың 3 айының қорытындысына зер салсақ, тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар 18 пайызға азайған. Республикада Қызылорда өңірі тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар көрсеткіші бойынша Ұлытау облысынан кейін ең төменгі позицияда екенін ерекше екпін түсіріп айтуға болады. Бұл – жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының орнықты шешімдері мен үйлесімді жұмысының нәтижесі.

Осы күрделі салада атқарған еңбегі үшін Мұхтар Аманқұлұлына Сыр жұртшылығы атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Актив отырысында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмұрзаев Мұхтар Қожабаевқа жаңа қызметте сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Мұхтар Аманқұлұлы әріптестеріне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<