Жаңа қызметке тілектестік білдірді

483

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев актив отырысында орынбасары Балжан Шәменованы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жауапты қызметке ауысуына байланысты құрметпен шығарып салды.

Басқосуда облыс басшысы білікті қаржыгер Балжан Шәменованың өңір дамуына жасаған игілікті істерін атап өтіп, облыстың Құрмет грамотасын табыстады.

– Балжан Мөрәліқызы 2021 жылдың наурыз айынан бастап осы кезге дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді. Тағайындалған уақыттан бері оның бастамасымен бірқатар келелі мәселелер өз шешімін тапты.

Әсіресе, әлемді жайлаған пандемия кезінде білім, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары салаларының көрсеткіштерін тиісті деңгейде ұстап қалуда табандылық танытып, аянбай еңбек етті.

Айрықша атап өту қажет, ол коронавируспен күресте, оның алдын алуда вакцинация жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілуіне белсене қатысып, кеселді жеңуде табандылық танытты. Әрбір теңгенің тиімді және бюджеттің орнықты жұмсалуында дара қолтаңбасы бар.

Балжан Мөрәліқызы тек өңірдің емес, республика деңгейіндегі экономика саласының майталманы ретінде бюджет қаржысының мақсатты бағытталып, тиімді жұмсалуына атсалысты, – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қаржыгерлер атынан Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов Балжан Мөрәліқызының қаржы саласындағы қолтаңбасын айрықша атап өтіп, оның іскерлік қабілеті мен ұтымды менеджер екенін тілге тиек етті.

Басқосу соңында Балжан Шәменова әрдайым жастарға қолдау көрсетіп, орын беру қажет екенін және әділетті түрде шешім қабылдағанын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<