Жаңа стадион – Сыр спортына жаңа мүмкіндік

1269

0

Облыс орталығында салынып жатқан «Қызылорда Арена» стадионы – аймақ футболының еңсесінің биік болуына кепіл ауқымды жоба. Сыр спорты үшін маңызды нысанның іргетасын қалау рәсімінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Тәуелсіздік жылдары елімізде заманауи екі стадион ғана салынғанын айтқан болатын.

– Яғни «Астана арена» мен «Түркістан арена» ғана салынған. Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның салынғанына 60 жылға жуықтады. Стадион УЕФА талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан біздің сүйікті командамыз «Қайсардың» жанкүйерлерінің ұсынысымен жаңа стадион салуға шешім қабылдадық. Баршамызға құтты болғай! – деді аймақ басшысы.

Шынында да, еліміздегі көптеген футбол клубтарының стадиондары ескі, әбден тозығы жеткен. Тіпті көбі 4-5 жыл сайын қайта күрделі жөндеуден өткізіліп жатады. Оған өзге мемлекеттердің жаңа стадион салатын қаржысына шамалас ақша жұмсалады. Сол сомаға неге облыс орталықтарына халықаралық стандартқа сай келетін стадиондар салып алмасқа?! Бұл аймақ жанкүйерлерінің де көптен көкейінде жүрген өзекті мәселе болатын.

Ал облыс басшысы айтқан екі стадионның бірі – 30 мың жанкүйер сыятын «Астана Арена», екіншісі – Түркістандағы 7 мың орындық «Түркістан Арена». Тіпті ел бойынша ұлттық құрама ойынын өткізуге лайық 2-3 стадион бар. Негізінен ойындар «Астана Арена» мен Алматының орталық стадионында өтеді. Қалған стадиондар ФИФА мен УЕФА талаптарының төменгі деңгейіне де сай келмейді.

Бұл ретте құны 20 млрд теңгелік жаңа стадион халықаралық талаптарға сай болмақ. Айталық, УЕФА ареналар үшін төрт санатты белгілеген. Оған сәйкес, 4- санатқа жету үшін, яғни ескі классификация бойынша 4 және 5 жұлдызды стадионға үлкен құрылым қажет. Нысан үлкен және егжей-тегжейлі тізімге сәйкес келуі керек. 2010 жылы УЕФА бекіткен ережеге сәйкес, 4-санат ең жоғары саналады. Мұндай стадиондар ең жоғары деңгейдегі матчтарды қабылдай алады. Сол жағалаудан салынып жатқан стадион осы УЕФА классификациясы бойынша 3- санатқа ие.

Көпбейінді нысан тұтас кешен ретінде қызмет көрсететін болады. Оған қоса, арена футболшылардың жаттығу залымен шектелмейді. Аумағы 7,5 гектар жерді алып жатқан стадионның жалпы ауданы 24,3 мың шаршы метр. Нысан 9 спорт залымен – аумағы 553 шаршы метр бокс залы, 342 шаршы метр күрес, 213 шаршы метр жаттығу залы, 134 шаршы метр ауыр атлетика залы, 213 шаршы метр футболшылардың жаттығу залы, 244 213 шаршы метр йога, 1 мың 213 шаршы метрден астам гимнастика-акробатика, 151 213 шаршы метр сауықтыру-денешынықтыру залдарымен қамтылады. Жаңа стадион Сыр спортына жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жеңістер сыйлайтынына сенім мол.

Жалпы, өңірдің спорт саласында жағымды жаңалықтар мен жарқын жетістіктер жетерлік. Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы мәліметінше, өңірде спорттық инфракұрылымды дамыту, халықтың денешынықтыру және спортпен айналысуға деген сұранысын қанағаттандыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Былтыр 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, қазіргі таңда оның 9-ы қолданысқа берілген. Биыл да жаңадан 11 нысан салынып, пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, былтыр Сырдария өзенінің сол жағалауынан халықаралық талапқа сай жүзу бассейні бар көпбейінді денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды.

Облыс спортшылары биыл ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 254, Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 54 медаль иеленді. ҚР ұлттық құрама командасына 690 облыс спортшылары енді. Сондай-ақ биылғы басты спорттық дода – Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қазіргі таңда аймағымыздың спортшылары 4 жолдама иеленген.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<