Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының сол жағалауына салынатын жаңа стадионның іргетасын қалау рәсіміне қатысып, қала тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен және құрылыстың басталуымен құттықтады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру» деген болатын.
Бүгін – аймағымыз үшін айтулы күн, көптен күткен қуанышты сәтте бас қосудамыз. Мереке күні өздеріңізбен бірге халықаралық талаптарға сай келетін, 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасын қалаймыз. Өздеріңізге белгілі, Тәуелсіздік жылдары елімізде заманауи екі стадион, яғни «Астана арена» мен «Түркістан арена» ғана салынған. Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның салынғанына 60 жылға жуықтады. Стадион УЕФА талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан біздің сүйікті командамыз «Қайсардың» жанкүйерлерінің ұсынысымен жаңа стадион салуға шешім қабылдадық. Баршамызға құтты болғай! – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада футболдан Қазақстан құрама командасының капитаны, бес дүркін ел чемпионы және Қазақстан кубогінің жеңімпазы, екі дүркін Қазақстан кубогінің иегері Асхат Тағыберген жерлестерін құттықтады. Жаңа стадионның іргетасын қалау сәтінде мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов бата берді.
Айта кетейік, биыл Сыр өңірінде жағымды жаңалықтар мен жарқын жетістіктер жетерлік. Қызылорда қаласында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Сырдария өзенінің сол жағалауынан физика-математика мектеп-интернаты, Оқушылар сарайы және музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Халықаралық стандарттарға сай келетін жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Өткен жылы аймағымызда 7 денешынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталса, биыл аудандарда 4,7 млрд теңгеге 12 спорт кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.
Жыл басынан бері Сыр спортшылары әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, облыс қоржынына 6 медаль салса, республикалық чемпионаттар мен кубоктардан 140 жүлде иеленді. Басты жетістік, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев, грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали Париж олимпиадасына, қос бірдей спортшы Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов отырып ойнау волейболынан паралимпиадаға жолдама алды. Дзюдо, парадзюдодан да үміткерлер бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<