Жаңа техникалар табысталды

746

0

Стратегиялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті – халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырғанда ғана орындалады десек, бұл бағытта облыс орталығында тұрғындардың игілігі үшін ілкімді істер атқарылуда.

Соның бір дәлелі, аймақ басшысының тікелей қолдауымен қаланың тазалығын қамтамасыз етіп отырған «Қызылорда тазалығы» ЖШС-не 20 дана арнайы техника алуға облыстық бюджеттен 742,8 млн. теңге бөлініп, бүгін оның алғашқы легі келе бастады.

Осыған орай, шаһар басшысы Асылбек Шаменов тұтас бір қаланың тазалығына жауапты мекеменің материалдық-техникалық базасын толықтыру мақсатында жаңадан алынған екі дана фронталды тиегіші бар «МТЗ-82» тракторы мен «WECAN 800» маркалы екі шағын тиегіш техникаларын табыстау рәсіміне қатысты.

Қала әкімі жаңа техникаларды тапсыру барысында «Қажеттілікті қамтамасыз ету жолында үздіксіз жұмыстар жасалу керек. Осы күнге дейін алынған техникалардың белгілі деңгейде ескіруіне байланысты, заман ағымынан қалмай мәселенің себебімен емес салдарымен күресу мақсатында облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүйелі жұмыстардың нәтижелері көрінуде. Алдағы уақытта тұрғындарға сапалы қызметті арттыру бағытында арнайы техникалар рет-ретімен алынатын болады» деді.

Сондай-ақ, шаһар басшысы ел игілігі үшін жасалған бұл істің баянды болуы ендігі жерде жұмысшылардың мемлекет мүлкіне деген жанашырлығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін тілге тиек етіп, қала тазалығына жан берген еңбеккерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

Қазіргі таңда 500-ден аса көшенің тазалығын қамтып отырған «Қызылорда тазалығы» ЖШС-нің теңгерімінде 125 дана техника болса, оның 91-і санитарлық тазалық жұмыстарына жұмылдырылған.

Айта кету керек, өткен жылдың соңында аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген 525,6 млн. теңгеге 11 арнайы техника алынған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<