Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоры жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Абай жолы» төрттомдық кітабымен толықты.
«Абай жолы» – қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман-эпопея, қазақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды.
«Фолиант» баспасынан жаңа форматта, ерекше дизайнмен жарық көрген туындының 1-томының мұқабасында жас шыбықтың суреті бейнеленген. Дәл осы шыбық 2-томда бүршік жайып, бой көтереді, ал 3-томында ағаш көктеп, жапырақ жаяды. Соңғы томында ағаш тамырын тереңге жайып, мәуелі алып бәйтерекке айналады.
Бұл Абайдың ақын, философ, қайраткер ретінде жүріп өткен ауыр, алмағайып өмір жолы іспетті. Жазушы роман-эпопеясы арқылы Абай өмір сүрген дәуірдің сипатын, халық тағдырын, оның күресі мен ілгері ұмтылысын зор көркемдікпен ашқан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<