Жаңа үлгідегі төлқұжат беріле бастады

179

0

15 маусымнан ҚР ІІМ Қазақстан Республикасы азаматының  жаңа үлгідегі жеке куәлігін беруді бастады.

Жаңа үлгідегі құжатта жеке куәлік иесінің азаматтығы мен жынысы туралы деректер көрсетіледі. Бұрын бұл мәліметтер жеке куәлікке салынған чипте болған.

− Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің беткі жағында иесінің фотобейнесі, қолы және дербес деректері: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, жынысы және жеке сәйкестендіру нөмірі орналасады.  Жеке куәліктің жаңа дизайны бюджеттен шығын талап етпейді және азаматтардың жаңа құжаттарды шығару үшін төлейтін мемлекеттік баж мөлшеріне әсер етпейді, − дейді  облыстық көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Сағындық Камитбеков.

Ал  жарамдылық мерзімі аяқталмаған жеке куәліктер бұдан әрі де жарамды болады. Қазақстандықтар жаңа дизайндағы жеке куәлікті тек алдыңғының мерзімі аяқталған кезде немесе оларды басқа да себептермен ауыстыру кезінде ала алады. Демек жаппай құжат ауыстырылмайды.

Айта кету керек, жеделдік санатымен құжаттарды алудың бағасы өзгермейді. Төлқұжатты алуға жеңілдіктер кәмелетке толмағандарға қарастырылған, 16 жасқа дейінгілер 14768 теңге төлейді, 16 жастан бастап жалпы тәртіппен төлқұжат беріледі.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<