Жаңа ЖЭО: Құрылыс жұмыстары ортадан ауды

104

0

Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес Сыр елінде ірі жоба жүзеге асуда. Осыдан екі жыл бұрын Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен жаңа жылу орталығын салу жөнінде келісім-шартқа қол қойған болатын. Бүгінде қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде.

ТМД елдерінде жоқ заманауи жаңа жылу-электр орталығы – өңір үшін ғана емес еліміз үшін маңызды, теңдесі жоқ жоба. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де айтты.

– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен бүгінде инвестор  «Aksa Enerji Uretim AS»  түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңге инвестиция салды. Орталық келер жылдың қыркүйек айында ел игілігіне табысталады. Құрылыс барысы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей бақылауында. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына бой көтерген ең ауқымды, теңдессіз жоба, – деді аймақ басшысы.

Расымен осындай ірі нысанның біздің аймақта бой көтеруі – үлкен жетістік. Осы күнге дейін Қызылордадағы өзекті мәселенің бірі жылу-электр орталығының тозуы болатын. Қаланы электр энергиясымен қамтып отырған стратегиялық нысан ескіріп, жыл өткен сайын оны ұстап тұру да қиынға соғуда. Оны күрделі жөндеуден өткізгеннен гөрі, жаңасын салған әлдеқайда тиімді екені сөзсіз. Қолданыстағы жылу-электр орталығы 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, негізгі және қосалқы қондырғылары 90 пайызға тозған.

Жұмыс барысында құрылыс алаңына арнайы бардық. Бізді «Акса Энерджи» компаниясының мемлекеттік мекемелермен қарым-қатынас жөніндегі директорының орынбасары Думан Аманбай қарсы алды. Оның айтуынша бүгінде құрылыстың 65 пайызы, монтаж жұмыстарының 35 пайызы біткен.

–    Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО  сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның құны – 215 миллиард теңге. Аймақ үшін маңызды нысан өткен жылы басталды. 2025 жылы ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр, – деді ол.

Нысан іске қосылған кезде қалаға жылу беріп қана қоймай, облысты толықтай электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Негізгі құрал-жабдықтардың барлығы шет елден алынып, өңірге жеткізілуде.

– Жылу орталығының газтурбиналық құрылғысын Америкадан, бу турбинасын Чехиядан, қазандықтарын Италиядан, трансформаторларды Түркиядан әкеліп орнатамыз. Жоғарыда атап өткендей,  құрылыс-монтаж жұмыстарының 65 пайызы аяқталды. Келер жылы қаланы толық жылумен қамтитын боламыз. Қазіргі уақытта 60-қа жуық техника  бар. Сондай-ақ күндізгі ауысымда 600-дей, түнгі ауысымда 200, вахталық әдіспен 450 адам жұмыс істейді, – деді Д.Аманбай.

Жаңа жылу-электр орталығына арнайы резервуарлар орналастырылады. Резервуар апатты жағдай болғанда он күн бойына халықты жылумен қамтамасыз етеді.

Жалпы 240 мегаватт электр энергиясын өндіретін орталық пайдалануға берілгенде, Сыр өңірі қуат көзіне деген тәуелділіктен арылып, өз-өзін толық қамтитын болады. Одан бөлек бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан арылтып, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға жол ашады. Сондай-ақ жаңа технологияны игеру үшін мамандар кәсіби біліктілігін арттырады. Нәтижесінде 773 қызметкер жұмыспен қамтылады.

Айта кету керек, құрылыс нысанның бас мердігері – қазақстандық «Интертаско» компаниясы.  Бас мердігер бұған дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша 2016-2019 жылдары Атырау облысында қуаты 310 МВт газ-электр станциясының құрылысын жүргізген. Сонымен қатар, «Теңізшевройл», «Шеврон», «Норд Каспиан Оперейтинг» компанияларында жұмыс атқаруда.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<