Жаңа жоба іске қосылды

39

0

«Ана мен бала» перинаталдық орталығында сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу, биохимиялық скрининг және генетикалық кеңес беруді қамтитын «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске қосылды. Аталған жоба «Ұрықты қорғау орталығы» базасында жүзеге асырылып, туа біткен ақауды пренатальдік диагностикалау бойынша қызмет көрсетеді.

Жоба аясында туабітті және хромосомалық патологиялары бойынша тәуекел тобындағы жүкті аналар іштегі шарананың денсаулығын анықтайтын негізгі тексеруден өте алады. Зерттеу бір күн ішінде заманауи диагностикалық жабдықтарда иммунохимиялық талдағыш пен қуатты микроскопта жүргізіледі. Бұған дейін мұндай зерттеу кейбір жекеменшік орталықтарда ғана бар болатын.

Аталған жобаның мақсаты – ұрықтың пренатальдік диагностика сапасын жақсарту,  балалар арасында аурушаңдық пен мүгедектікті уақытылы диагностикалау және алдын алу сондай-ақ пренатальдік скрининг жүргізуді жетілдіру.

– Мұнда жүкті әйелдерге ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг жасалып, генетиктер мен акушер-гинекологтар кеңес береді. Ұрықтың инвазивті пренатальді диагностикасы жүргізіліп, даму патологиясы болса, пренатальді консилиумда босану тактикасы анықталады. Сондай-ақ орталықта ұрықтың анықталған ақауларын растау үшін ультрадыбыстық зерттеу диагностикасының екінші деңгейі бар, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығы жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова.

Мұндай пренатальді скрининг жүктіліктің 12 аптасындағы жатырдағы ұрықтың дамуының ықтимал, туабітті аномалияларды анықтауда шешуші рөл атқарады. Жаңа әдіс дәрігерлерге иммундық-химиялық талдау, ұрықтың хромосомалық ауытқуларын цитогенетикалық зерттеу арқылы кеселдің бар-жоғын дер кезінде анықтауға және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

– Орталықта пайда болған пренатальді скринингтің жаңа әдісі аса жылдамдығымен ерекшеленеді. Барлық тексерулер бір күннің ішінде жүргізіліп, аяғы ауыр әйелдерге зерттеу нәтижелерін жылдам әрі барынша дәл алуға мүмкіндік береді. Біз диагностикалаумен емдеудің ең заманауи әдістеріне қол жеткізіп отырмыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқарманың ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Төлегенова.

Жыл сайын елде үш мыңнан астам сәби тұқым қуалайтын немесе туабітті аурумен дүниеге келеді. Ал мұның алдын алу үшін жүктіліктің алғашқы аптасында ұрықтың жағдайын анықтау қажет. Талдау қаншалықты ерте жүргізілсе, «Даун», «Паттау», «Эдвардс» сияқты жиі кездесетін туабітті ауруларды анықтауға болады. «Бір күндік клиниканың» мақсаты да осындай аурулардың алдын алу.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<