Жаңа жобалар ел игілігіне

619

0

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, 2023 жылдың 8 айында Жалағаш ауданында атқарылған жұмыстар бойынша аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жалағаш кентінің тұрғындарымен кездесті.

Жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін Жалағаш кенті тұрғындарының мәселелері шешімін тапты. Тұрғындармен есепті кездесуде сүйіншілене айтылған жаңа жобалармен, атқарылған қыруар істер халықтың көңілінен шығып, оң бағасын берді.

2023 жылы Жалағаш кентіндегі бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтті. Жалпы жоба құны 505,1 млн. теңгеге М.Шәменов көшесін жөндеу жұмыстары аяқталды. Т.Қыстаубаев көшесін асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін облыстық бюджеттен 749,7 млн. теңге бөлініп, Жалағаш кентіндегі 10 көшеге яғни З. Ижанов, Т.Әбжалиев, Жеңістің 50 жылдығы, А.Қазыбеков, Қ.Нүрпейісов, Желтоқсан, Мысық би, А.Бектібаев, І.Нүркенов, И.Панфилов көшелеріне толық асфальт төселді. Қазір жол белгілерін орнату жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ, Жалағаш кентіндегі ПМК-09 көшесіне тас төселіп, кенттің ішкі көшелеріне 2 бағдаршам орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы құны 328,7 млн. теңгені құрайтын Жалағаш кентінен темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жобасы да жыл соңына дейін аяқталатын болады. Қазіргі таңда бетондау және металл бұйымдарын сырлау жұмыстары жүргізілуде.

Газдандыру бойынша 15,2 млн. теңгеге «Наркескен» спорт клубы және 11,7 млн. теңгеге аудандық орталықтандырылған кітапхана ғимараттарының жылу қазандықтары қайта жаңартылып, табиғи газға ауыстырылды.

Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы және су тарату кешенінің құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Қазіргі таңда газбен жабдықтау жүйесі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

2023 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алынатын болады.

Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолының 78,2 шақырымындағы көпірін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жаяу жүргіншілер жолағына асфальт төселіп, жарықшамдар орнату жұмыстары жасалуда.

Жалағаш кенті көшелеріне жолақтар сызуға, жаяу жүргіншілер жолақтарын сызу, жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары тұрақты түрде «Омар» жеке кәсіпкерлігі арқылы атқарылуда.

Негізгі мәселелердің бірі кент ішін аяқ сумен қамтамасыз етуге 3 дана АНС-130 насос алу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Мұнан бөлек Жалағаш кентінде бейнебақылау камераларын орнату және күтіп ұстау шығындарына 10,0 млн. теңге, жол белгілерін орнатуға 3,0 млн. теңге, елді мекеннің ішкі тазалық жұмыстарына 20,0 млн. теңге, жарықтандыру жұмыстары бойынша күтіп ұстауға 9,0 млн. теңге бөлінді.

Бүгінде кент келбетін ажарландыра түсетін абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Көше көркін келтірер көше атаулары жазылған тақтайшалар орнатылып, орталық алаңға жаңа төсеніштер алынуда. Шойын жолдың етегін жағалай орналасқан «ЖАЛАҒАШЫМ-ЖАСЫЛ БАҒЫМ» жазуы, кескінді аялдамалар мен бағадаршамдар бүгінде туған жердің сәнін келтіріп тұр.

Жалағашта жасалып жатқан жарқын жобалардың игілігін аудан халқы шынайы алғыстарымен қайтарды. Кент және ауылдық округтердегі тұрғындармен кездесулерде айтылған мәселелер пысықталып, жоспарлы істердің қатары жаңа жобалармен толығатын болады.Әр кездесуде аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауданның өркендеп өсуіне мемлекеттің қолдауымен қатар тұрғындардың бірлігі, татулығы маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, 2023 жылдың 8 айында Жалағаш ауданында атқарылған жұмыстар бойынша халықпен кездесулерде аудан әкімімен бірге облыстық мәслихат депутаты Ә. Шаймағанбетов, аудандық мәслихат төрағасы Ө. Елеусінов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары және бөлім, мекеме басшылары қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<