Облыс әкімінің жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасты
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданында жұмыс сапарымен болды. Аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен жүздесіп, өзекті мәселелер жөнінде ой қозғады. Алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысты.
Сапар барысында облыс әкімі алдымен М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан халқымен жүздесіп, өңірдің тыныс-тіршілігі жайында кеңінен баяндап берді.
Сөз басында биылғы жылдың 5 айында облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші туралы сөз етіп, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар жоспарына назар аударды.
– Биыл өңірге 350 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл құны 9 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосамыз. Олардың қатарында Қармақшы мен Жаңақорғандағы құс фабрикалары, балық өңдеу цехы, Қызылордада ет комбинаты және ағаш өндірісі секілді ауқымды жобалар бар. Одан бөлек, «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатын (235 млрд теңге) салу жоспарлануда. Жоба Еуропалық қайта құру және Даму Банкі арқылы қаржыландырылады, – деді облыс әкімі.
Мемлекет тарапынан аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуға кеңінен қолдау көрсетілуде. Бұл мақсатта жыл сайын 15 млрд теңге қаржы қарастырылуда. Кейінгі жылдарда облыста су тапшылығы айқын сезіліп отыр. Соған қарамастан күріш көлемін қысқартпауға назар аударылуда. Үкімет және тиісті министрлікпен жұмыс жасалып, күріш егістігі 78 мың гектар көлемде белгіленді.
– Биылғы жылдың 17 маусымында Мәжілістегі Парламенттік тыңдауда депутаттар назарына су шаруашылығының өзекті проблемалары мен Арал теңізінің қазіргі ахуалы жайында баяндадым. Алдағы уақытта нақты қолдау жасалады деп күтілуде. Үкімет тарапынан су тапшылығын жою үшін 3,6 млрд теңге бөлінді. Жаңақорған ауданында 138,4 млн. теңгеге 11 дана насос қондырғысы алынады. Қазіргі таңда Кейден, Аққорған және Жаңақорған кентіне 4 электрлі насос қондырғысы жеткізілді. Оған қоса Сүттіқұдық ауылының суармалы егістігіне қаралған 329,5 млн теңгеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілді. Алдағы уақытта Келінтөбе магистралды каналын механикалық тазарту аяқталады. Облыстық бюджет есебінен Қожакент және Жайылма ауылдық округтеріндегі 2 каналға тазалау жүргізілді. Сондай-ақ, Қыраш ауылдық округінде мал суару үшін зерттеу және ұңғыманы бұрғылау жүргізілуде. Ал Келінтөбе магистралды каналын салудың жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Келесі кезекте облыс әкімі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін әр ауылдың мүмкіндігіне қарай көкөніс-бақша өнімдерін жергілікті өңірде өндіру үшін бос жатқан жерлерді егін егуге ынталы азаматтарға беру қажеттігіне тоқталды. Бұл жұмыс барлық ауданда қолға алынған. Нәтижесінде жоспардан бөлек Жаңақорған ауданында 196 гектар жерге қосымша егін егілді.
Биыл егіншілік саласына 4,3 млрд теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға 4 млрд теңге қаралған. Осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Жаңақорған ауданында ет 101,7, сүт 100,9, мал басы 101,8%-тен 117%-ке дейін өсті.
Облыс тұрғындарын газбен қамту ісінде қарқын бар. Қазіргі таңда барлық аудан орталығы толықтай газға қосылды. Өңір халқының 67 проценті «көгілдір отынды» тұтынады.
Биыл ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жоба іске асырылады. Олардың жалпы құны – 5,8 млрд теңге.
Оның 7-уі биыл ел игілігіне айналуы тиіс. Нәтижесінде 15 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізіп, облыста газды тұтыну деңгейі 68 процентті еңсермек.
– Қазір Жаңақорған ауданын табиғи газбен қамту үлесі 34,2 пайыз. Биыл Бірлік және Қыраш елді мекендері газдандырылады. Оған республикалық бюджет есебінен 675,9 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, Төменарық, Шалқия, Құттықожа, Жайылма, Кейден ауылдарын газдандыру жобасы әзірленіп, ол бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Ендігі кезекте аталған жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру көзделіп отыр. Нәтижесінде ауданды газбен қамтамасыз ету үлесі 38,5 процентке жеткізіледі, – деді облыс әкімі.
Аудан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге де үлкен мән беріліп отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңақорған кентінде сервистік су жүйесінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Оған қоса биыл республикалық бюджеттен Сунақата, Еңбек, Төменарық, Екпінді елді мекендерін сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту жұмыстары аяқталады.
Биыл ауданда 18 шақырым жолды жөндеуге 458 млн теңге бөлінген. Осының нәтижесінде «Самара-Шымкент-Екпінді» автомобиль жолы бойындағы көпір, Ақжол елді мекеніне кіреберіс көпір қайта жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, Аққұм, Қыраш, Талап елді мекендеріне кіреберіс және «Тау Самалы» лагеріне баратын автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізілуде. Жыл аяғына Аққұм ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде Жаңақорған ауданындағы жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 92 процентке жетеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықтың табысын арттыруда нақты іс-шаралар қабылданып жатыр. Өңірде 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Оның ішінде Жаңақорғанда 3118 жұмыс орнын ашу жоспарланса, биылғы жылдың 5 айында 1337 адам еңбекпен қамтылды, – деді облыс әкімі.
Аймақта білім саласына ұдайы мән беріліп келеді. Негізгі басымдық балалардың қауіпсіздігі және сапалы білім алуына жағдай жасау. Биыл 4350 оқушыға арналған 9 мектеп ел игілігіне айналады. Олардың 2-уі апаттық жағдайдағы білім ошақтарының орнына салынуда. Жаңақорған кентіндегі №169 орта мектептің жаңа ғимараты осы жылы пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ, ауданға қарасты Қаратөбе ауылдық округінде дәрігерлік амбулаторияның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Жоба 2023 жылы жүзеге асырылады. Биыл Өзгент және Жайылма ауылдарында 150 орындық 2 ауылдық клуб бой көтереді. Оған қоса Төменарық елді мекеніндегі ауылдық клуб үйі күрделі жөндеуден өткізіледі.
Жүздесу барысында аудан тұрғындары Ерубай Қалдыбек, Керімхан Егізбаев азаматтарға тұрғын үй салу үшін жер беру, егіншілерді сумен қамтамасыз ету мақсатында су тоспасын орнату жөнінде сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.
Аудан тұрғындарымен жүздесуден кейін облыс басшысы мәдениет үйінің кіші залында азаматтарды жеке мәселесімен қабылдау жүргізді.
Облыс әкімі Жаңақорған автоматты газ тарату станциясына барып, газ жеткізілетін ауылдарды қамтамасыз ету мәселесімен танысты. Жобаның құны – 720 млн теңге. Бұл ретте Бірлік ауылында 6 әлеуметтік нысан мен 440 тұрғын үйге газ тартылса, Қырашта 5 әлеуметтік нысан мен 124 тұрғын үй бар. Бұл жұмысты «Gaz Energy Construction» ЖШС атқарады. Аталған серіктестік бұдан бұрын Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында газ тарту жұмыстарымен айналысқан.
Облыс әкімі мердігер компания басшыларына жұмысты уақытылы және сапалы орындауға ерекше мән беру қажеттігін ескертті.
Ауданда мырыш және қорғасын өндірумен айналысатын «Шалқия Цинк ЛТД» акционерлік қоғамының маңызы бар. Кеніште 265 млн тонна қазба байлық қоры бар. Алдағы уақытта онда жылына 4 млн тонна өнім өндіретін кен байыту комбинатының құрылысы жүргізілмек. Осы мақсатта мердігерді таңдау конкурсы Еуропалық Қайта құру және Даму Банкінің электрондық сатып алу порталында халықаралық ережелер бойынша өткізілген. Конкурс нәтижесінде Қытайдың екі ірі компаниясының консорциумы JCHX және СCECC мердігер болып белгіленген.
Облыс әкімі ауданға жасаған сапарында Қожамберді ауылына кіреберістегі аумағындағы «Жан-Арай» көпсалалы агроиндустриялды кешені жұмысымен де танысты. Биыл пайдалануға берілген кешенде 300 адамға арналған тойхана, 50 орындық кафе, асхана орналасқан. Сондай-ақ, қонақ үй қызмет көрсетсе, 1500 тонна көкөніс сақтайтын қойма мен 50 гектар жеміс бағы бар.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<