Жаңа жобаның жемісі

2800

0

Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен «ALAN» жобасы аясында Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртудан өтті. Бұл алаңда енді «Қайсар» футбол орталығының тәрбиеленушілері жаттығады.

Салтанатты шараға Қазақстан футбол федерациясының басшылығы, ұлттық құраманың ойыншылары, спорт журналистері мен жоба демеушілері қатысты. Сондай-ақ жоба амбассадорлары ретінде ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов пен футбол ардагері Самат Смақов балалармен ашық жаттығу өткізіп, оларға қолтаңба берді.

– Облыс әкімінің тікелей бастамасымен аймақта спорт саласын дамытуда серпінді жобаларға басымдық берілуде. Биыл өңірде 15 кешеннің құрылысы жүргізілсе, соның 9-ы ел игілігіне пайдалануға берілді. Қаланың сол жағалауында заманауи үлгіде салынған «Үстел теннисі» орталығы табысталды. Облыс орталығында 10 мың орындық жаңа стадионның құрылысы жүргізілуде. Енді жаңадан ашылған алаң жас футболшылардың жоғары деңгейде жаттығуына үлкен мүмкіндік береді, – деді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың айтуынша, мұндай спорттық нысандар еліміздің көптеген қаласында салынып жатыр.

– Сыр топырағынан Марат Есмұратов, Телеухан Тұрмағанбетов, Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген сынды талай футболшы шықты. Алдағы уақытта сол жарасымды үрдіс жалғасын табады деген үміттеміз. Жас өрендерге жағдай жасау – біздің міндетіміз, – деді Қазақстан футбол федерациясының президенті.

Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның «ALAÑ» жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұл игілікті іс Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға бағытталған тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынып отыр. Нәтижесінде көптеген футбол алаңы қайта жаңғыртылды. Бағдарлама үш жылға созылады. Ол УЕФА қолдауымен жүзеге асуда.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<