Жаңа жыл қарсаңында жаңа баспана

357

0

Облыс орталығының сол жағалау аймағынан 60 пәтерлі жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үй кілттері табыс етілді. Жаңа жыл қарсаңында жалғыз үйі апатты жағдайда болуына байланысты кезекте тұрған тұрғындарға баспана берілді.

Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, ел ағаларымен бірге жаңа үйлердің кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы көпшілік қауымға Сыр елінде іске асырылып жатқан игі шаралар жөнінде айтып, қоныс тойымен құттықтады.

– Өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді. Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Асханұлы Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің даму бағытына оң бағасын берді. Бұған дейін де мемлекеттік бағдарламалар аясында тапсырылатын үйлермен қатар, жыл сайын апаттық жағдайдағы үйлер тұрғындарына арналған баспаналардың құрылысы қатар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда өңірімізде 40 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жалғыз баспанасы апатты жағдайда болуына байланысты кезекте тұрған 500-ге тарта отбасына арналған үй де салынуда. Бүгін міне, игі бастаманың жалғасы ретінде тағы да 60 отбасына пәтер кілтін салтанатты түрде табыстағалы тұрмыз. Шаңырақтарыңызға шаттық орнап, әр жанұяға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін, – деді Н.Нәлібаев.

Қоныс той иелерін мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Бақберген Досманбетов құттықтады. Шарада қоғам қайраткері, Қармақшы және Жалағаш аудандарының құрметті азаматы Шәкизат Төребаев тұрғындарды қуанышымен құттықтап, жиылған қауымға ақ батасын берді.

Сондай-ақ, жаңа баспана иелерінің атынан Нұрлан Сатаев өңір басшылығы мен мердігер мекемелерге алғыс білдірді.

– Бүгінгі қуанышымда шек жоқ. Баспаналы болып отырмыз. Қол ұшын созып, көмек көрсеткен облыс басшылығына, ел ағаларына үлкен рахмет! Осындай бақыт әр адамның басына қонып, көңіл өсіретін сәттер көбейе берсін, – деді ол.

Айта кетейік, аймақта жыл басынан бері 604 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде, бюджет қаржысы есебінен Қызылорда қаласында СПМК-70 тұрғын ауданында екі 40 пәтерлі және бір 50 пәтерлі кредиттік тұрғын үй бар.

Сонымен қатар, жыл соңына қарай сол жағалауда тағы 50 пәтерлік арендалық тұрғын үйден халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 35 пәтер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 15 пәтер беріледі. Ал, алдағы үш жылда 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<