Біздің өңірде қазіргі уақытта 679 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның 441-і – жеке балабақша. Осы жеке және мемлекеттік балабақшаларда 59 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Балаларымызды сеніп тапсыратын мекемелердің уақыт талабына жауап беретін жағдайда болғаны бәріміз үшін маңызды. Сондықтан бұл саладағы жаңалықтарды ата-аналар үнемі назарда ұстауы заңдылық.
Алдағы жылдан бастап мектепке дейінгі тәрбие берумен айналысатын ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі өзгереді. Оған балабақшалар дайын ба? «Осы және өзге де сұрақтар облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің әлеуметтік сала комитетінде қаралды» деп хабарлады кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Отырысқа кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, комитет мүшелері Әнуар Дәуленбаев, Гүлнар Бекмырзаева, Наталья Мишукова және Серік Жолболдиев пен балабақша құрылтайшылары, уәкілетті мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Биыл 27 тамызда Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге, балаларға қосымша білім беруге және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидалары бекітілді.
– Талап қойылғаны дұрыс. Дегенмен жылдың аяқталуына айдан аса уақыт қалды. Жеке балабақша иелері қағидаға сәйкес дайындалып үлгере ме? Мәселе сонда. Сол үшін комитет аясында осы шараны өткізіп отырмыз, – деді палата директоры отырыста.
Сондай-ақ, жиында қалалық білім бөлімінің әдіскері Жанат Сәрсембай мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тәртібін таныстырып, әр талапты орындау механизмдерін түсіндірді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, қалалық төтенше жағдайлар, мемлекеттік өрт бақылау басқармаларының, қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілдері сала бойынша балабақшаға қойылатын талаптарды айтып, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Кәсіпкерлер көтерген мәселенің бірі балабақша ғимаратына қатысты болды. Жеке балабақша иелерінің басым бөлігі ғимаратты жалға алады. Көп жағдайда жер учаскесі мен ғимараттың иесі нысаналы мақсатын өзгертуге келісе бермейді. Оны кететін қаржы мен құжат әзірлеу мерзімінің ұзақтығына байланысты деп түсіндіреді.
Айта кетейік, бұл мәселе жақында өңірде бизнестің экожүйесі аясында құрылған кәсіпкерлік мәселелеріне арналған жұмыс тобында қаралды. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткеннен кейін кадастрлық құнына сәйкес сатып алу қаржысын бөліп төлеу мүмкіндігін барлық кәсіпкер пайдалана алатын болды. Ол үшін қазір уәкілетті органдар мен кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<