Жаңадарияда қарбыздың жаңа сорты егілді

567

0

Сурет ашық дереккөзден

Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылы бақша дақылдарын егуге  өте қолайлы, топырағы құнарлы, аяқсу жолдары жүйелі. Әсіресе, қауын-қарбыз табиғи ауа райымен, яғни,  жаздайғы күннің ыстығымен ерекше пісіп-жетіледі.

Айталық, 2016 жылы KX «AGRIKO» шаруа қожалығы алғаш рет осында қауын егіп, жоғары сапалы өнім алған. Сол жылы Жаңадария қауыны ел асып, Ресейге экспортталған еді. Бүгінде осы шаруашылық Жаңадария ауылының аумағындағы «Атжайған» деп аталатын учаскеде 12 гектар қарбыз егуде. Бұған қосымша қауын егуді де жоспарлап отыр.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл қарбыздың сорты бөлек, егу жұмысы да бұрынғыдан өзгеше. Мысалы, арнайы техниканың көмегімен қарбыз тұқымы жерге біркелкі себіліп, артынша пленкамен жабылады. Бақшалық суды аса көп қажет етпейді, өйткені пленка ылғалды сақтайды. Бұл – америкалық «GLOBAL» компаниясының тасымалдауға тиімді, яғни, экспортқа шығаратын қарбыз сорты.

Жаңадария ауылының әкімі Рауан Ақпанбетовтың сөзінше, KX «AGRIKO» шаруа қожалығының жетекшісі Иса Арман  ауылда қолға алынып жатқан өзге де бастамаларға қаржылай қолдау танытып келеді.

Айта кетейік, аудан орталығынан шалғай жатқан Жаңадария ауылы кешегі кеңестік кезеңде қой совхозы болды. Қызылқұмның қойнауында отар-отар қой өріп, берекесі шалқып жататын. Ауыл шаруашылығының бекіткен межесі бойынша қой түлігінен ет өндірумен қатар, жүн, тері өндірісі де өз алдына қарқынды болатын.

Біле білсек, тіршіліктің түп-тамыры ауылда жатыр. Бүгінде жаңадариялықтар да «жұмыс жоқ» дегенді желеу етпей, егінін егіп, малын бағып, өз-өздерін қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуге дағдыланған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<